Басты жаңалықтарЖастар

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Ел басына күн туған сәтте халық жұдырықтай жұмылып, бір-біріне көмек көрсетіп жатыр. Волонтерлер қатары қайырымды тұрғындармен толықты, олардың әрқайсысы құтқарушыларға жәрдемдесіп, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созды.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мирхан Ермағамбетовтің айтуынша, өңірде волонтерлік қызмет қарқынды дамып келеді.

— Өткен жылдың қорытындысы бойынша, өңіріміздегі волонтерлік топтар саны 3 есеге артты. Қазіргі таңда облыс бойынша 5306 еріктісі бар 164 волонтерлік топ қызмет етеді. Ал су тасқыны кезінде өңір жастары өз еркілерімен еріктілер қатарына қосылып, жалпы саны 7500-ге жуық жас өңіріміздің барлық ауданында қол көмегі мен басқа да жұмыстарға атсалысып жүр. Белсенді еріктілер бастамасымен қазіргі уақытта «Ақтөбе — қайырымды өңір» деген атаумен су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек дүркін-дүркін жөнелтіліп, сондай-ақ тұрғындарды эвакуациялық пункттерге жеткізу жұмыстары атқарылып жатыр. Еріктілердің қатарына қаламыздағы  такси жүргізушілері де қосылып тұрғындарды эвакуациялық пункттерге тегін тасымалдап, гуманитарлық көмектерді жеткізіп беріп жатыр. Студенттермен қатар, жасы 40-45-тегі ағалар да зардап шеккендерге көмек көрсетіп жүр, дейді Мирхан Ермағамбетов. Су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау ел ішінде әлі де жүріп жатыр. Ақтөбе қаласында төтенше жағдайдың жариялауына байланысты М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің «Медик-волонтёр» студенттік ұйымы шұғыл түрде көмек ұйымдастырды. Аталған университеттің әлеуметтік-психологиялық қолдау қызметінің жетекшісі Гүлнұр Бисекованың айтуынша, «Медик-волонтёр» ұйымы университет ұжымы мен студенттерден жиналған гуманитарлық көмекті «Анаға тағзым» орталығы және облыстық жастар ресурстық орталығына тапсырды. Сонымен қатар еріктілер төтенше жағдай қызметкерлері мен эвакуацияланған азаматтарға ыстық тамақтар жеткізді.

— Қиын сәтте қолдау білдіргені үшін университет әкімшілігіне, оқу орнының оқытушылық-профессорлық құрамына, студенттік ұйымдар мен барша студенттерге үлкен алғысымызды білдіреміз, — дейді Гүлнұр Бисекова.

Волонтерлер арасындағы тағы бір белсенді топ — «Ассамблея жастары». «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы Зульфия Набиулина апасы екеуі  эвакуациялық пункт ашылған күннен бері №26 орта мектепте қызмет көрсетіп жүр.

— Алғашқы күні бұл жерге 50 тұрғынды қабылдасақ, бүгінгі таңда пунктті 105 тұрғын паналап отыр. Балалар, қарттар, арасында жүкті келіншектер мен операциядан шыққан адам да бар. Келген тауарларды қабылдап, оларды үйлестіріп, таратуға көмектесеміз. Қасымда апам бар, ол да «Ассамблея жастары» еріктілер тобының мүшесі. Екеуміз екі жақтан ұйымдастыру жұмыстарына көмектесіп жатырмыз. №47 және №36 орта мектептермен де тығыз байланыс ұстаймын. Ол жерлерде де тұрғындарға не керек, қандай тауар жетіспейді, соны қадағалап, келген гуманитарлық көмекті қабылдап, таратамыз. Балалардың көңілін аулап, ойнатамыз. Қарт кісілердің дәрі-дәрмегін әкеліп, мектептерде жуынатын бөлме жоқ болғандықтан, монша иелерімен келісіп, жуыну мәселелерін ұйымдастырамыз. Осы ретте «Назар» моншасының қожайынына ризашылығымызды білдіреміз. От пен су — тілсіз жау. Табиғаттың оқыс мінезін қашан көрсетерін ешкім болжап біле алмайды. Зардап шегушінің орнында кез келген адам болуы мүмкін. Сондықтан төтенше жағдай кезінде волонтерлік топтың жетекшісі ретінде ғана емес, адамдық позицияны ұстанып, тұрғындарға көмектесуді азаматтық борышым деп білемін, — дейді Зульфия Набиулина.

Рамазан айында қала тұрғындары да тасқыннан зардап шегушілерден қаржылай, заттай көмектерін аяп жатқан жоқ. Көлігі бары жиналған жүкті тегін жеткізіп жүр. Сондай қайырымды жастардың бірі Сабина Ерғазықызы «Самғау» би тобының жеткіншектеріне би үйретеді. Кешегі су тасқынында үйлері қирап, далада қалған тұрғындардың күйіне алаңдаған бойжеткен төтенше жағдайға немқұрайды қарай алмады. Сөйтіп, ол ата-аналар чатына бірауыз сөз жазады: «Ойыл мен Қобда аудандарына гуманитарлық көмек жиналып жатыр. Кім не бере алады? Үйлеріңізден өзім алып кетіп, жүк көлігіне апарып беремін».

— Ата-аналардың қолдауымен жиналған көмекті аманат қып, жүк көліктеріне жеткізіп жүрмін. Биші балақайлардың ата-аналарының кейбірі ақшалай, кейбірі киім-кешектер берді. Киімдер мен төсеніштерді ата-аналардың үйлерінен жинап, Ойылға, Қобдаға кететін гуманитарлық көмек тиелген көліктерге салып жібердім. Ал жиналған қаражатқа жөргектер мен гигиеналық заттар сатып алып, қостым. Қала ішінде таныстардан жиналған гуманитарлық көмектерді №33, №26, №12, №62, №22, №71 мектептерде орналасқан пункттерге жеткіздім, — дейді Сабина Ерғазықызы.

Біздің қаламға іліккені санаулы мысал ғана. Әйтпесе рамазан айында жақсылық жасауға асыққан тұрғындар қатары жетіп артылады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, білім беру ұйымдары мен оқу орындарының ұжымдары, оқушылар мен студенттер, олардың ата-аналары бәрі жұдырықтай жұмылған. Бұл — облыс тұрғындарының үлкен бір ауызбіршілігін, адамдардың бір біріне деген қамқорлығын, жалпы ақтөбеліктердің мейірімділігін көрсетеді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button