Жаңалықтар

ЖАҢА ӘДІСПЕН КӨЗГЕ ОТА ЖАСАЛДЫ

Өткен жұмада М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина орталығының көз аурулары бөліміне көзге ота жасауға арналған жаңа аппарат әкелінді.

Американдық «Алкон» фирмасынан сатып алынған, құны 20 миллион теңге тұратын аппарат ультрадыбыстық әдіс бойынша ота жасауға мүмкіндік береді. Көз аурулары бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Назарбаеваның айтуынша, бұған дейін облыс тұрғындары көзге ота жасату үшін көрші Орынбор қаласына барса, бірқатары Алматыдағы көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының медициналық қызметіне жүгінеді екен. Енді бұлайша ота жасау Ақтөбеде жүзеге асырылды.

—  Көзге жаңа әдіспен ота жасау үшін біздің қызметкерлер білімін жетілдіріп келді. Алайда қай іске болса да ұқыптылық пен  алдын ала дайындық қажет. Әрі бұл әдіспен катарактаның барлық түріне ота жасауға болмайды.  Сондықтан ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары  өз тәжірибелерін үйретуде. Институттың офтальмохирургтары алғашқы күні 10 ауруға ота жасады. Жалпы, олар облыста екі күн болады,— деді бөлім меңгерушісі.

Мәселен, ескі әдіс бойынша ота кезінде көз үлкен көлемде тілінетін болса, жаңа аппарат арқылы бұндай жағдай орын алмайды екен. Сондай-ақ  Гүлнар Назарбаева бұл жоғары ақылы медициналық қызмет түрі екенін айтты. Өйткені көзге қажетті мөлдір қабықтың өзі 25-200 мың теңге  тұрады.   Сондықтан квота арқылы келген азаматтар ғана тегін ота жасата алады. Ал өзге адамдар 100-120 мың теңге көлеміндегі ақылы қызмет түріне жүгінеді.  Сондықтан  азаматтардың барлығына ота ақылы түрде жасалуда.  Жалпы, «Алкон» фирмасы мөлдір қабықтың отыз жылға дейін жарық дүниені сыйлайтынына  кепілдік береді.

Ал көзіне ота жасатқан Темір ауданының тұрғыны Серікбай Сегізбаев қазір жағдайының жақсы екенін айтты.

Көзімнің қарашығын тарының түйіріндей ақ жауып кетті. Көруі нашарлап, ауыра бастады. Ауылдың дәрігері тамызатын дәрі беріп еді, одан нәтиже болмады. Содан  жолдама алып, осында келдім. Ілгеріде сібір жарасына қарсы малдарды егіп жүргенімде дәрі шашырап,  бір көзімнен айрылғанмын. Енді екінші көзім көруден қалғасын ота жасатуға мәжбүр болдым. Қазір жағдайым жақсы. Айналамдағылардың барлығын анық көремін. Дәрігерлер екі айға дейін  күтініп жүруімді ескертті, — деді ақсақал.

Дәрігерлердің айтуынша, катаракта — көз бұршағының қарауытуы. Ол даму мерзіміне байланысты туа біткен және туғаннан кейін пайда болған катаракта болып екіге  бөлінеді.  Бүгінде әлемде жиырма  миллионнан астам адам осы ауруға шалдыққан. Оның 20 пайызы ота жасауды қажет етеді екен. Адамның жасы ұлғайған сайын ағзадағы зат алмасу жүйесі өзгеріп, көз бұршағында  ауытқушылық байқалып, қышқылдық процесі бұзылады. Сондықтан 55-60 жастағы адамдар осы ауруға душар болады. Алайда  қазір дәрігерлер аурудың жасарып бара жатқанын, тіпті 35 жастағы азаматтардың да катарактаға жиі шалдығатынын айтады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. сәлеметсіздер ме? квотаны қалай алуға болады? менде көзіме ота жасатқым келеді. күннен күнге көруім нашарлап бара жатыр.
    сосын тағы сұрайын дегенім… ата-анасы жоқ балаларға қандай да бір жеңілдік бола ма?
    қанша жаста болса? яғни белгілі бір мөлшерлі жас бар ма?
    сұрақтарыма жауап берілсе қатты қуанар едім. жауапсыз қалмас деп ойлаймын. көп рахмет. Алла жар болсын баршаңызға!!!!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button