Пікір

Жастарды ауылға шақырамын

Айсұлу СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ,

Т.Шанов атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс екенін айтты.

Ол — экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу. Ең алдымен  білім саласына назар аудару керектігін ескертті. Мәселен, жыл сайын 21 мыңға жуық түлек кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады екен. Ал оқуға бармаған жас түрлі бұзақылыққа барып, жат діннің жетегінде кетуі мүмкін. Сондықтан мәселені шешу үшін оқушылардың қабілетін айқындайтын, кәсіби бағыт-бағдар беретін, орта білім беру жүйесінің ұлттық стандартты негізі болуы тиіс. Мемлекет басшысы бұл ретте ауыл мектептері назардан тыс қалмауы керектігін,  қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақтығын айтты. «Дипломмен — ауылға» бағдарламасын күшейтуді тапсырды.  Президенттің көтерген бұл мәселесі өте орынды.

Мен де осы бағдарлама арқылы ауылға келіп, еңбек жолымды бастадым. Университетті физика-математика мамандығы бойынша аяқтадым. Ауылда маман тапшы екенін айтқанда бірден келістім. Бағдарлама бойынша маған бір реттік көтерме ақы, кейін үй алуға пайызсыз несие берді. Жағдайымды жасағандықтан алаңсыз, құлшынып еңбек еттім. Өзім секілді жұмысқа келген жігітпен тіл табысып, тұрмысқа шықтым. Жолдасым екеуіміз математикадан сабақ береміз. Ауыл балаларының сапалы білім алып шығуы үшін бар күшімізді салдық. Балаларды түрлі жарыстарға қатыстырдық. Биыл бағдарлама бойынша бекітілген бес жылымыз аяқталды. Соған қарамастан ауылдан кеткеніміз жоқ.  Сондықтан жастарды Жолдауды қолдап, ауылға келуге шақырамын.

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button