Әлеумет

Бұқара

Қайырым

НҰРБОЛҒА КӨМЕК КЕРЕК!

35 жастағы шалқарлық Нұрбол Дүйісовтің арбаға таңылғанына екі жылдан асты. Ол аудандық ішкі саясат бөлімінің жастар орталығында кеңесші болып жұмыс жасайды.

Дерті жанына батқан жоғары білімді маман қазірде көпшіліктің көмегіне мұқтаж. «Бойымдағы дерт бала күннен бар. Кішкентайымнан бүйрегім ауырады. Кальций жетіспеушіліктен сүйектерім бор секілді жұмсарып қалған. Екі аяғым содан қисайды. 1999 жылы Алматы қаласында ота жасатып аяқтарымды түзеттім. Аяғым қисық болғанға басында намыстанатын едім»,— дейді ол.

Өкінішке қарай, оның аяғындағы сырқат бұнымен тоқтар емес. Жамбастағы ұршық майы таусылып, «коксартроз» дертіне ұшыраған ол бүгінде аяғын баса алмай қалды.

—2011 жылы аяғымды сылтып басатын едім. Ауырсынсамда, бірқолыма таяқ ұстап жүре бердім. Кейін ауру жаныма батқан соң, екі қолыммен балдаққа сүйенетін болдым. 2017 жылы мүлде аяғымды басудан қалдым. Аурудан жаным қиналса да, қатардан қалмауым керек деп жарты күндік жұмысқа ауыстым. Себебі сырқат түнімен мазалап, тек таңдағана көзілемін. Басшылық та бұл шешімімді құп көрді, —дейді Нұрбол.

Ол «коксартроз» дертін Германияда инъекция жасау арқылы емдегісі келеді. Себебі Қазақстанда ота жасатуға жүрегі мен бүйрегі шыдамайды екен. Енді ол сол жаққа баруды мақсат етіп жүр. Ол үшін тоғыз миллион теңге қаржы керек.

«Айығып кетсем кәсіп бастағым келеді. Аудан басшысы әрдайым менен қолдауын аяған емес, кәсіп ашу үшін жер телімін де берді. Ол жерге жолаушылар аялдайтын кемпинг салғым келеді. Өзімше еңбектеніп, табыс тауып, шетелден ем алғым келеді. Бірақ… мен бұл ауруға моральды тұрғыда шыдармын, физикалық тұрғыда көтере алсам, алдыма қойған жоспарым да көп…» — дейді қайсар жігіт.

Алдына мақсат қойған жігерлі жігітке көмек көрсетемін деушілер болса, Нұрболдың өзіне хабарласуға болады. Оның ұялы телефоны: 8 776 523 93 53. Немесе банк картасына ақша аударуға да болады: Халық банк: 5483 1919 3210 2884, киви кошелек: 8 701 453 43 43, каспийголд: 5169 4931 2032 3053

(Каспий голд картасы қарындасы Таумашова Камиланың атында).

М.МЫРЗАЛИН, Шалқар ауданы.

Ұрпақ

ЛАТЫН ТІЛІНЕ КӨШУ — ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Мені қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі мәселесі қатты алаңдатады. Біз — елдің ертеңгі болашағымыз, сондықтан тіл мәселесіне келгенде немқұрайды болуға болмайды.

Осы мақсатта ілкіде мектебімізге келіп, осы туралы пікірін білдірген Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің ұстазы, филология  ғылымдарының  кандидаты, доцент  Нұрбол  Садуақас ағайдың айтқандары есіме түсіп отыр. Филолог маман пікір алмасу барысында графикамыздың өзгеріске ұшыраудағы басты себептерін түсіндіріп, патриот жастардың оң бастамасы болашақ жазба әдебиетімізге деген құрмет екендігін атап өтті. «Ең алғаш 1940 жылдан бастап, күні бүгінге дейін пайдаланылып келген кирилл әліпбиі неге қолданыстан шығуы тиіс?» деген сұраққа жауап ізделді. Сонау  кеңестік одақтың ыдырауынан кейінгі қалыптасқан жүйенің салдарынан қазақ тіліне тілімізге сырттан,әсірісе, орыс тілінен түрлі сөздер еніп, тіліміз шұбарланды. Мысалы, циркуль, цирк, парта, автобус, телефон сөздері таза қазақ тіліндегі сөздер емес. Латын қарпі тілімізді осындай шұбарлаудан тазартады. Мен ұстаздың сөзінен мынадай ой түйдім: біз ұлт болып ұйысып , өз күшімізге сенгенде ғана алып асулардан қыранша қарғып ұшамыз. Бізге неге өзге елдердің жақсы қырын игермеске? Мысалы, француздар тек француз тілінде сөйлейді, әлемдегі озық елдердің бірі Жапония халқының 99 пайызы өз ана тілінде сөйлейді.Тіпті бауырлас Түркияның өзі оқуға келген студенттерге «түрік тілін толық меңгерсін» деп шарт қояды. Бұл тілге деген зор құрмет, асқан жанашырлық. Менің ойымша, біз де бұғанасы енді қатып, қарыштап дамып келе жатқан жас мемлекетіміз ұлттық тілімізді кейінгі ұрпаққа таза қалпында тапсыруымыз керек. Ұлттық тіл — бабалар аманаты, аманат қиянатты көтермейді.

Ал латын қарпі бізге ол үшін зор мүмкіндік жасауда. Біз осы арқылы өзге елдің тілдерін еркін меңгереміз. Ал ең бастысы, барлық қолданыстағы сөздерді иненің көзінен өткен жібектей  сүзгілеп аударамыз. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай «тілі жоғалған ұлттың, өзі де жоғалады». Өзге елге еліктейміз деп жүріп, өз тілімізді, саф алтынымызды жоғалтып алмайық.

 Дана ҚАЗЫБЕКОВА,

№51 гимназия оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Жастар

ТАРТА ЖЕСЕҢ, ТАЙ ҚАЛАДЫ…

Елімізде жастар үшін жалдамалы пәтер беріледі деген ақжолтай ақпаратты теледидардан естіп қуанып қалдық.

Еліміздің ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекованың айтуынша, ел жастары енді айына 10-12 мың теңге төлеу арқылы жалдамалы пәтерге қол жеткізе алады. 29 жасқа толмаған жастарға пәтерді жалға беру арқылы, оған үй алу үшін ақша жинауға мүмкіндік беріледі. Ол үшін сіз «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» шот ашуыңыз керек екен. Бұл бағдарлама әзірге Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылмақ. Осындай бағдарлама Ақтөбеде де қолға алынса, құба-құп болар еді.

Мен отбасыммен Қобда ауданының Жаңаталап ауылында тұрамын. 2017 жылы шаңырақ көтердім, Алла қаласа тұңғышымыз дүниеге келеді. Жақында Ақтөбеден баспаналы болдық!

Келіншегіміз екеуміз ақылдасып, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» депозит аштық. Жарты жыл бұрын аталған банктің кеңесшісі Ерлан Айданғалиевтен кеңес алып, ай сайын қолға түскен қаржыны салып тұрдық.  Осылайша, шоттағы ақшамыз белгілі бір сомаға жетті, яғни, алмақшы болған пәтеріміздің құнының 20 пайызына жетті. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өтініштер қабылдау басталды» деген тақырыптағы хабарламаны көрген бойда, арыз бердік. Төлем қабілетіміз тексеріліп, банктен оңды жауап алдық. Осылайша «Нұр Ақтөбенің» 3- шағын ауданындағы 11-үйден пәтер алдық. Алла қаласа, тұңғышымыз осы үйде өмірге келеді деп үміттеніп отырмыз. Мұны мен өзіміз секілді жас отбасыларға үлгі болсын деп айтып отырмын. Әрине, жас кезде ақша шашып, қыдырған, қызық көрген күшті, бірақ «тарта жесең,  тай қалады, қоя жесең,қой қалады, қоймай жесең, нең қалады» демекші, артық ақшаңды депозитке салып, үй болуды да ойлау керек. Әрекет түбі — берекет. 

Аслан МАМАТОВ,

Қобда ауданы.

Ауыл

МЕНІҢ АУЫЛЫМНЫҢ КЕЛЕШЕГІ ЗОР (суреті әлия ауылы)

Туған жерім — алтын бесігім. Көнекөз қариялардың айтуынша, менің ауылым сонау тың игеру жылдарында құрылған.

Киелі Қобда жеріндегіƏлияауылы еліміздегі белгілі ауылдардың бірі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың аты берілген шағын ғана ауылымды мақтағым келеді.

Біздің ауылда облысымыздағы ең таңдаулы мешіттердің бірі — «Рахман» мешіті орналасқан. Қазақстанныңекіөңіріндеғанабар «Əлияпатриоттықтəрбиеберуоблыстықорталығы» да біздің ауылда. Мұндай орталық Алматы қаласында және біздің ауылда ғана бар. Осыныңөзібізүшінүлкенмəртебе. Мен осы ауылда туғанымды, Әлиядай апамыздың кіндігі тамған жерде өсіп, оқығанымды мақтан тұтамын.

Биыл ақпан айында өткен Nur Otan партиясының с]езінде Елбасы Н.Назарбаев 2019-2021 жылдарға арналған «Ауыл — ел бесігі» атты жоба әзірлеуді тапсырған болатын. «Ең алдымен Үкімет әкімдермен және мәслихаттармен бірлесіп келешегі зор ауылдарды таңдап, әлеуметтік саланы дамытсын. Бізде 7,5 миллион ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту үшін мүмкіндік бар. Біз ауылдың әл-ауқатын өсіріп және дамыған ортаға айналдыруымыз керек. Халықтың ауылда еңбек етіп және өмір сүруге әлеуеті жетеді», — деген еді Елбасы. Мен осындай «келешегі зор ауылдар» қатарына Әлия ауылын да жатқызар едім.

Гүлдария АЙСҰЛТАН,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе  өңірлік

мемлекеттік университетінің 2-курс студенті.

Пікір

ЖАУАПКЕРШІЛІК — ЕҢ ЖАҚСЫ ҚАСИЕТ

Жауапкершілікті мойнына алғандар тек жеке мүддесін ғана ойласа — қасірет. Арыста болған оқиғаның артында да жауапсыздық жатқан жоқ па? Неге ертерек қауіпсіздікті ойламады?

Арыста болған жағдай бар қазақтың жанына батты. Өткен уақытта Ақтөбеде қару-жарақ сататын дүкен қаланың ортасында емін-еркін жұмыс істеп, қасіретті жағдай болды. Мұнан сабақ алдық па?

Сол сияқты әбден азып-тозған жеделсатыны пайдаланған ақтөбелік жас ана қасіретке ұшырағанда да сол сәтте шулап-шулап, қоя салдық. Тіпті сол жеделсатыны жөндеді дегенді естімедім. Ертең бұл жағдай тағы қайталанбай ма?

Қала көшелерінде күн сайын көлік апаттары болып жатады, көбі жол жүру ережелерін білмейді, білсе де, сақтамайды. Бұл да жауапкершіліктің жоқтығынан.

Ақтөбедегі «Олимп» спорт  кешені қаланың ортасында орналасқан. Осы жерде мектептен шыққан оқушылардың жүретін жолы жоқ. Сондықтан біз бұл құрылысқа қарсы болған едік. Көліктер кеудемсоқтанып, жан-жағына қарамай, спорт кешеніне тұмсығын бір-ақ тіреп тоқтайды. Жаяу жүргіншілер жолдан қиямет-қайымның көпірінен өткендей, қиналып өтеді. Жауапты адамдарға айтып едік, еш нәтиже болмады.

Наурыз айында №37мектепте дене тәрбиесі мұғалімі сабақты себепсіз тастап кетіп, екі оқушы төбелесті, бірінің маңдайы жарылып, зардап шекті. Бұл жерде де жауапкершіліктің жоқтығы себеп болды. Кетеуі кеткен жатақхана, онда жанын шүберекке түйіп отырған халықты көріп жүрміз. Онда кімдер тұрады, ешкім есепке алмайды. Көшелердегі электр станцияларының қоршаусыз, бақылаусыз тұрғандығынан қанша бала зардап шекті.Тізімді есепсіз соза беруге де болар еді… Бірақ айтқанымызды құлағына ілетін жауапты адамдар болса…

 Құралай ЕСҚҰЛОВА,

ардагер-ұстаз.

Ақтөбе қаласы.

Ұсыныс

Салт-дәстүрлерді үйрететін арнайы пән енгізілсе…

Ертеде бір рулы елді әділ төрелігімен, ақыл-парасатымен басқарған нағыз

ақсақалдардың болғаны тарихтан белгілі. Ал, қазір ше? Әрине, ақыл беріп, жөн көрсететін, кара қылды қақ жарып, даналығын айтатын көсемдеріміз бар ғой, бірақ, соларды түсінетін, тыңдайтын, көрегендігі мен өзінің ұрпақтарына жаны ашып айтқан ақылына құлақ түріп, ақылға тоқтайтын жастар бар ма? Әй, қайдам? Қазіргі жастар біреу ақыл айтса, мұрындарын тыржитатын заман болды. Ақсақалдарымыз жастарға ақыл айтып, жөн сілтесе, жастар оған құлақ аспайды, керісінше «өзім білемінге» салынып, небір жат діни ағымдардың, басқа да теріс жолдың жетегінде кетіп, отбасын бұзып, балаларын тастап, ата-анасын, бауырларын тыңдамайтын, білімсіз, мәдениетсіз ұрпақтың санын көбейтуде. Ол аздай, әлеуметтік желілерде ашық-шашық киімдерімен түскен суреттерін, видеоларын жариялап, қазақ халқына жат,ерсі қылықтар көрсететін жастар бар. Ал олар жөн айтқан адамның сөзін тыңдағысы келмейді. Бұл — біздің жастарымыздың мәдениетінің төмендігі, қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін білмегендігінен деп білемін.

Ертеде белгілі би, Мөңке Тілеуұлы:

«Ішіне шынтақ айналмайтын

Ежірей деген ұлың болады.

Ақыл айтсаң, ауырып қалатын

Бедірей деген қызың болады.

Алдыңнан кес-кестеп өтетін

Кекірей деген келінің болады», —деген екен.

Ал, енді біз осыны қалай тоқтатамыз, осымен қалай күресеміз, кері кеткен мәдениетімізді қалай түзейміз? Осы сауалдарды өзіме қойып, көп ойланып, бір шешімге келгендей болдым. Сол шешімімді ұсыныс ретінде оқырманмен бөліскім келді.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Жалпы орта білім беру мектептерінде 1-сыныптан бастап 9-сыныпқа дейін кезең-кезеңімен оқытатын, қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін үйрететін арнайы пән ашылса деймін.

Бұл пән аясында кейінгі ұрпаққа жазылмай қалған дала заңдары мен атадан балаға мирас болып жеткен өсиеттер, мақал-мәтелдер, қара сөздер, басқа да ұлттық құндылықтарымыз толық түсіндіріліп, олардың шығу тарихы баяндалса дейміз. Сонда ғана біз кейінгі ұрпаққа қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін, ұлттық тәрбие сабақтарын білуге, құрметтеуге үйретеміз. Алайда, бұл оңай әрі тез жасалатын жұмыс емес, көптеген ізденістер мен қажырлы еңбекті талап етеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ел үшін, қазақ халқы үшін, болашақ ұрпақ үшін барлық ақын-жазушылар, философтар, қоғам кайраткерлері,басқа да жанашыр азаматтар бірігіп, арнайы оқулық құрастырылып, шыққан туындыны Қазақстан Республикасының Білім жане ғылым министрі қолдаса деймін.

Нұрлыхан КЕМЕШОВ.

Ауыл

Шибұлақтан Ырғызға су тарту керек

Ырғыздың жері сортаңды келеді, сондықтан тұщы су тапшы. Ал Ырғыз өзені қар суының әсерінен тұшиды да, жаз ортасында қайтадан ащы қалпына түседі. Бақша салсаң, пісуге келгенде тұзданып, өнім бермейді.

Ал, ауыз суға келсек, 1845 жылы Ырғыз бекінісінің іргесі қаланғаннан 1972 жылға дейін бір-екі құдықтан өгіз арбамен үйлерге су тасыған. Кейін Айырқызыл  құмынан тұщы су көзі табылған. Қазір халық Айырқызылдан су  ішіп отыр, қуаңшылық жылдары бұның да суы азайып кететін көрінеді. Бір айта кететін жайт, Айырқызылдың үстімен құмды жарып Ақтөбе-Қызылорда тасжолы өтеді. Ол жерден неше түрлі зат тиеген көліктер өтеді, бір қорқыныштысы, осы жерден өткен көліктерден зиянды, улы заттар төгіліп, Айырқызыл су көзін құртып алмасақ, болар еді…  Сондықтан, қазірден бастап сақтық шараларын алу керек.

Менің әке-шешем 1930 жылдары Тел Жаманмұрыновтың қазақ даласында суландыру жүйелерін салудың жобаларына қатысқан адамдармен жұмыстас болған. Белгілі алашордашы Тел Жаманмұрыновтың жобалары бойынша Шалқар, Шетырғыз және Ырғыз суландыру жүйелеріне қатысқан. Әкем Қарсақбай Досанов: «Тел кездескенде Ырғыздан 28 шақырым жердегі Шибұлақтан Ырғызға су тарту патша заманында басталып, кейін аяқсыз қалғанын, Шибұлақтың жері биік, су көзі жаңбыр, қар және жерасты сулары арқылы толығып отыратынын, осыны бөгеп, су қоймасын жасаса, су Ырғызға өздігінен баратынын және Шибұлақ пен Ырғыз арасындағы Тәжібай сайын бөгесе де, көп су қоры болатынын, егер осының барлығы қолға алынса, Ырғыздың халқына бақша егуге әбден болатынын айтып отыратын еді», — деген естелігін ортаға салғым келеді. Басшылық осы ұсынысымды ескерсе екен…

Ғазиз ҚАРСАҚБАЙ.

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

Оқшау ой

Ұсталмайтын ұрылар

Қала автобустарына жарнамалық афишалар жиі ілінетін болған. Ресейдің циркіне, өзіміздің сансыз «жұлдыздардың» концертіне шақырады, әйтеуір қаптаған сурет. Ал бірде… самсаған «бастарды» іліп қойыпты. Әртістер емес екен. «Сақ болыңдар, қалта ұрылары» деп, атын атап, түсін түстеп, хабарлама беріпті ішкі істер департаментінің жедел полиция бөлімі. Санап қалсам, 78 адамның басы. Осындай «бастар» «Астана» сауда үйінің де есігіне жабысқан. Сонда осыншама ұры-қарыны «жайып» қойып, не істеп отырмыз?

«Кездесу орнын өзгертуге болмайды» («Место встречи изменить нельзя») «Сәттілік джентельмендері» («Джентельмены удачи») секілді көркем фильмдерінде жедел топтың ұрыларды қалай жылдам ұстайтынын көріп өскен ұрпақпыз. Кино — өмір, өмір де кино сияқты…

 Зәуреш БАСЫҒАРАЕВА.

Ақтөбе қаласы.

Оқырман хаттарын топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button