Әлеумет

Халық қауіпсіздігі: жұмыс жалғасып жатыр

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы қала маңындағы ауылдарда жалғасып жатыр. Сәрсенбі күні жобаның бірінші бағытының төртінші жұмыс тобы бойынша құрылған ақпараттық топ Құрашасай ауылында болып, тұрғындармен кездесті.

Құрамында облыстық ішкі саясат басқармасының және аудандық әкімдіктің қызметкерлері, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалы бөлімінің,  «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры»  акционерлік қоғамы облыстық филиалының  өкілдері мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» мамандары бар жұмыс тобы ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын өткізіп, сұрақтарына жауап берді.

Жиында алдымен сөз алған ҚР Бейбітшілік пен келісім кеңесінің облыстық филиалы төрағасы Келдібай Еспағамбетов ауыл тұрғындарымен Конституция күні қарсаңында және жаңа оқу жылының алдында кездесіп жатқандығын жақсылыққа балап, қос мерекемен құттықтады. Сондай-ақ ол білім ордасында өткен кездесу барысында ұстаз мәртебесі туралы келелі ой қозғап, жастарды мұғалімді сыйлауға шақырды.

— Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан ұстаз мәртебесіне ерекше көңіл бөлініп, олардың жалақысын көтеруге тапсырма берілді. Бұл көптің көкейінде жүрген өте құптарлық іс. Өйткені, біздің барлығымыз сол ұстаздың алдынан өттік. Қазір қандай биікті бағындырып отырсаң, ол алдымен ұстазыңның арқасы. Соның еңбегінің жемісі. Қазақта «Ұстазы мықтының— ұстанымы мықты» деген сөз бар. Ұстазды құрметтеген адам ешқашан жаман болмайды, — деді Келдібай Есмағамбетов.

Бұдан соң жиында сөз алған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалының бөлім басшысы Салтанат Оңғар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайында толық мәлімет берсе, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» арнайы келген өкілмемлекеттік бағдарламалар арқылы пәтер алудың жолдарын түсіндіріп, оның басты талаптарына тоқталды.

— Бүгінгі жиналыс барысында тыңдаған адамға керек көптеген жаңалықтар айтылды. Үйлі болам дейтін азаматтар үшін үй алу жолдары түсіндіріліп, зейнетке енді шығайын деп жүрген азаматтарға толық мәлімет алу мүмкіндігі туды. Өзім 12 бала тәрбиелеп өсірген зейнеткер анамын. Бүгінгі таңда балаларымның барлығын өсіріп, өз алдарына үйлі қылып бөлек шығардым. Қыздарымның бірі жыл сайын осы ауылдағы тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардың балаларына мектепке қажетті құралдар алуына көмектеседі. Бүгінгі кездесуге сол қызымның аманатын арқалап, ауылда тұратын 10 балаға мектеп сөмкесін дайындап алып келдім, — деді кездесуге келген ауыл тұрғындарының бірі Жиенгүл Нұржанова.

Айта кетейік, 20 тамыздан бастап Ақтөбеде «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасын жүзеге асырудың сегізінші кезеңі басталды. Енді 20 қыркүйекке дейін арнайы құрылған топ мүшелері қала мен оның маңындағы ауылдарда жұмыс жасап, түрлі кездесулер өткізеді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button