Мәдениет

Ақтөбеде «Жібек жолы» байқауы өтіп жатыр

Кеше Өнер орталығының мәжіліс залында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 75 жылдығы және Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай облыс орталығында ұйымдастырылатын ІІІ республикалық «Жібек жолы» эстрадалық әншілер байқауына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Аталған шараға белгілі композитор, ҚР Композиторлар одағының мүшесі Бейбіт Оралұлы бастаған қазылар алқасының мүшелері қатысты. Олардың қатарында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов,  Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның «Достық сазы» ансамблінің көркемдік жетекшісі Бақытбек Зейнелов, т.б. бар.

Байқауға Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстары және Семей,

Нұр-Сұлтан қалаларынан 22 үміткер қатысады. Байқаудың шарты бойынша олар

1-кезеңде Ақтөбе өңірінен шыққан ақын-жазушылардың шығармаларын орындаса,

2-кезеңде өз қалауы бойынша еркін тақырыпта ән айтады.

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиевтің айтуынша, аталған байқаудың мақсаты — Ақтөбе өңірінен шыққан даңқты өнер иелері Қызыл Тұрдалыұлы, Сары Батақұлы, Наурызбек жырау Нұржаубайұлы, Нұрпейіс Байғанин, Кердері Әбубәкір, Тәңірберген Молдабай, Шернияз Жарылғасұлы, Бәкір Тәжібаев және т.б ақын-жыраулардың, сазгерлердің шығармаларын насихаттау, оларды келер ұрпаққа жеткізу. Алдағы уақытта аталған байқаужанды дауыста, халықаралық деңгейде ұйымдастырылмақ. Ол кезде өнер додасына қатысушыларға жергілікті өнер адамдарының ғана емес, өз елінің дәстүрлі музыкасын орындау талабы қойылады.

— Биыл «Жібек жолы» республикалық байқауы облыста үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы байқауға өзге өңірлерден жас орындаушылар келіп, өнер көрсетпек. Жыл сайын өтетін осы байқаудың арқасында тұрғындар, әсіресе, жастар Ақтөбе өңірінен шыққан жыршы-термеші, сазгерлердің шығармаларын халыққа насихаттап, жеткізеді. Сондай-ақ бұл байқаудың біздің төл мәдениетімізді дамытуда, дәстүрлі әндерді насихаттауда маңызы зор. Сондықтан байқауға қатысушы барлық жастарға сәттілік тілеймін, — деді қазылар алқасының төрағасы Бейбіт Оралұлы.

Баспасөз мәслихатының соңында ұйымдастырушылар үміткерлер мен журналистердің сауалдарына жауап беріп, жеребе тастау арқылы өнер көрсету тәртібі анықталды.

Айта кету керек, аталған байқау бүгін сағат 10.00-де Өнер орталығының концерт залында өтеді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button