Білім

Облыс әкімі тағайындаған оқу гранты иегерлері анықталды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин тағайындаған 100 оқу грантының иегерлерін анықтау бойынша комиссия отырысы өтті. Облыс басшысының төрағалығымен болған жиынға облыс әкімінің орынбасары, комиссия мүшелері, басқарма басшылары қатысты.

Облыс әкімінің өңірдегі сұранысқа ие мамандықтарға арнайы бөлген 100 грантына жалпы 269 үміткер құжат тапсырған. Олардың 77-сі аталған грантқа ие болды.

Олар Ақтөбе облысына қажетті 15 мамандық бойынша жоғары оқу орындарында білім алатын болады. Ал қалған 23 грант резидентура бағыты болғандықтан, нәтижесі тамыздың 25-інен соң анықталады.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлназ Сүлейменова биылғы жылы құжат тапсырған үміткерлердің ҰБТ-дан жинаған балл көрсеткіштері өте жоғары екенін айтады. Сондықтан да комиссия мүшелеріне грантты бөлу оңайға түспеген. Мәселен, жалпы медицина мамандығына түсуге ниет білдірген 94 баланың 68-нің балы 100-ден жоғары. Облыс әкімінің медицина мамандығына бөлген 10 гранты 123-124 балл жинаған 10 балаға бұйырды. Сонымен қатар өнер, информатика, дін мамандықтарына талапкерлер құжат тапсырмағандықтан, комиссия құрамы артылған гранттарды өтініш неғұрлым көп түскен, әрі өңірге қажетті мамандықтар саналатын медицина мен бастауыш және педагогика мамандықтарына бөлді.

«ҰБТ жинаған балл көрсеткіштері жоғары, әрі білім алуға құштар балаларға қолдау көрсетілуі қажет. Білімді азаматтар қашанда қоғамға қажетті, сондықтан да үмітімізді ақтайды деген сенімдемін», — деді Оңдасын Оразалин.

Сондай-ақ, мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алушы және көпбалалы отбасы балаларына арналған ҚР Ұлттық қорының нысаналы трансферт есебінен бөлінген 180 грантына 154 бала құжат тапсырған. Құжаттары мен жинаған балл көрсеткіштері бойынша талапқа сай болған 120 бала осы грантқа ие болды. Дегенмен комиссия мүшелері қалған 34 баланың атаулы әлеуметтік көмек алатын және көпбалалы отбасынан шыққанын ескеріп, олардың ЖОО-да білім алуына шешім қабылдады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button