Денсаулық

Бел неге ауырады?

Әйел адамдардың көпшілігін бел ауруы мазалайды. Бұл омыртқаға байланысты болмауы мүмкін. Себебі кейбір сырқат түрлері, яғни белге жақын болмаса да  бел ауруын тудырады. Белдің ауыруы — ағзадағы дерттерге байланысты.  Әйелдердің басым көпшілігінде бел сегізкөзден жоғары, арқаға қарай ауырады. Ал бел ауруының себебі неде?

Бірінші — артық салмақ.  Егер арқа белмен қоса ашытып ауырса, әсіресе, ауыр затты көтергенде немесе ұзақ уақыт отырып жұмыс істегенде белді жаза алмай қалса, бұл — артық салмақтан арылу керек деген сөз. Бұндай жағдайда  массаж қабылдаса, тез көмектеседі.
Екінші — салқын тию. Өкінішке қарай, әйелдерде бел ауруы көп жағдайда  жазда жиі байқалады. Себебі дене терлесе, қан тамырлары тарылады. Нәтижесінде миоспазм, яғни бұлшық ет бірден жиырылып, арқаның тырысуы мен ауыруы пайда болады. Бұл жағдай бара-бара қабынуға, соңы созылмалы ауруға ұласуы мүмкін. Үшінші — панкреатит.  Ұйқы безі қабынғанда қабырғаның асты ауырады, кейде ауыру басқа дене мүшелеріне, яғни кеуденің, арқаның немесе сегізкөздің оң жағына берілуі мүмкін.

Төртінші — гинекологиялық аурулар.  Әйелдің бел ауыруына көп жағдайда гинекологиялық аурулар себеп болады. Гинекологтар бел мен арқаның ауыру себептері гормондық өзгерістер мен кіші жамбаста орналасқан мүшелердегі жайсыздықтарда екенін жиі айтады. Сондықтан бел ауырған кезде гинеколог маманға тексеріліп алған артықтық етпейді.

Бесінші — жүктілік.  Жүктіліктің үшінші кезеңінде бел ауырады. Бұл — баласы бар аналарға таныс жағдай. Дәрігерлер құрсақтағы баланың салмағы өскен сайын, кіші жамбастағы мүшелерге қысым түсіретіндігін айтады. Ал жүктіліктің алғашқы  кезеңінен бастап бел ауырса, дәрігерге қаралу керек. Бұндай жағдайда құрсақтағы бала дұрыс жетілмей жатуы мүмкін.
Алтыншы — эндометриоз. Етеккір циклының басталар кезінде омыртқаның төменгі жағы ауырып, жайсыздықтар сезілсе, эндометриоз болуы мүмкін. Бұл — гинекологиялық ауру. Ауыру белгісі әдетте созылмалы,  жамбас сүйегін біреу сындырып жатқандай әсер етеді. Ауырсыну белгісі күшті болса, дәрігерге қаралу керек.

Жетінші — омыртқа аурулары.  Әйелдің қимыл-тірек жүйесі уақыт өткен сайын патологиялық өзгерістерге ұшырайды. Егер бел тым қатты ауырса, оның себебі  омыртқаның төменгі бөлігіндегі остеохондроз және омыртқа жарығы болуы мүмкін. Белгісі — бел ток соққандай және ашып ауырады. Ауырсыну сезімі аяққа, іштің төменгі жағына және құйымшаққа беріледі.

Сегізінші — остеопороз, яғни сүйектің тым әлсіздігі,  сынғыштығы. Артық күш түскеннен омыртқа сүйектері жарылып, сынуы немесе пішінін өзгерте бастауы мүмкін. Мұндай өзгерістердің қай-қайсысында болмасын, бел мен арқа тұрақты түрде ауырады. Аяқтағы сезу нүктелері қызметін әлсіретеді. Өз бетінше қозғалу мүмкін болмайды.

Тоғызыншы —  сүйектегі ісік және метастаз.  Әйелдерде сегізкөздің төменгі жағының ауыруы (қимылды өзгерткенде ауыру басылмайды және етеккір циклына қатысы жоқ) сүйектегі онкологиялық ауруға байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ кіші жамбаста орналасқан мүшелердің метастазы болуы да ықтимал. Бұндай кезде адам әлсіреп, күш-қуаты кемиді, құсады, басы айналады.
Оныншы — жарақат алу. Егер жаттығудан немесе құлап қалғаннан кейін бел ауырса, омыртқа жарақат алуы мүмкін. Кейде бұлшық еттер мен омыртқадағы жұмсақ ұлпалар жарақат алса, бел ауырады. Жарақат алған жер қызарып, іседі.

БҮЙРЕКТІ ҚАЛАЙ ЕМДЕЙМІЗ?

Бүйрек — адам ағзасындағы ең маңызды мүшенің бірі, әсіресе, әйел адамның денсаулығы, сұлулығы мен сымбаттылығының басты кепілі. Сондықтан да бүйрек жұмысының нашарлауы, оның әлсіздігі әйел ағзасындағы түрлі дерттерден хабар береді.  Бүйрек ағзадағы сұйықтықты реттейтіндіктен оның қызметі бұзылса, қан айналымы нашарлайды. Мәселен, кейде әйел адамдар сәл салқынға тоңып қалады, бұның себебі бүйрек әлсіздігінен болуы мүмкін. Сондықтан аурудан сақтанып жүру үшін  тамақтану рационын қадағалап, қой, сиыр еті, ащы бұрыш, пияз, зімбір секілді азықтарды көбірек пайдаланған жөн. Бүйрек ауруына шалдыққан әйелде климакс ерте басталады, тез қартаяды. Сондықтан бүйрек ауруынан сақтану үшін салауатты өмір салтымен шұғылданып, әсіресе, күнделікті ішетін асқа ерекше мән берген жөн.

Сондай-ақ бас ауруы,  ұйқының бұзылуы, мидың шаршауы, ойдың үнемі бөлініп кетуі де бүйрек әлсіздігінен болады. Ағзадағы мұндай өзгерістерді жеңу үшін қаздың етін, саңырауқұлақ, жүзімді үнемі пайдалану керек.  Бүйрек әлсіздігінен әйелдердің ішкі секреция жүйесі әлсіреп, бүйрек үсті безінен адреналин бөлінуі азайып, денедегі зат алмасу процесі бұзылады. Ол артық май жиналуына себеп болады. Оған қарсы тұру үшін алақанды бір-біріне ысқылап, жылы күйінде бүйрекке басу керек. Мұны күніне бірнеше рет қайталаған жөн. Сонымен қоса қаз, қоян, балық еті секілді азықтарды көп тұтынған дұрыс. Бүйрек ауырғанда қан қысымы көтеріледі. Бұндай белгілер байқалысымен, аурудың алдын алып, дәрігерге көрініп, емдік шаралар қолданбаса, бүйрек істен шығып, өмірге қауіп төндіруі мүмкін.

ҰЙҚЫ БЕЗІ АУРУЫНЫҢ СЕБЕБІ НЕ?
Ұйқы безі адам организмінде, әсіресе, ас қорытуда, маңызды рөл атқарады. Анатомиялық тұрғыда басы, денесі және құйрығы болып үшке бөлінеді. Ұйқы безінің жасушалары өндіретін фермент түтік жолымен ұлтабарға құйылады. Сөйтіп, ас қорыту үдерісіне белсене қатысады. Без ісінгенде немесе жараланып, ішіне қан құйылғанда оның кейбір жерлері  өле бастағанда (некроз) ұйқы безі қабынып, қатты ауырады. Ауру безді тұтастай немесе оның кейбір жерлерін ғана (басын, денесін, құйрығын) қамтуы мүмкін.

Жіті панкреатитті көбінесе микробтар қоздырады. Аурудың асқынуы қоздырғышқа байланысты. Ұйқы  безі қабынғанда іштің жоғарғы (ұйқы безінің тұсы) бөлігі ауырады. Қатты ауырған кезде адам дөңбекшіп, есінен де танады. Өңі қашып, қол-аяқтары көгере бастайды. Артериялық қан қысымы төмендейді. Тамыр соғуы нашарлайды, құсады. Дене қызуы қатты көтерілмейді, бірақ адам әлсірейді.  Кейде жата алмай, қисайып отырады. Ұйқы безінің қабынуына өт жолының қабынуы қосылса, адамның денесі сарғаюы мүмкін. Тыныс алу бұзылып, ішек қызметі нашарлайды. Үлкен дәрет жүрмей қалады. Сондықтан ұйқы безі қабынып, осындай халге жеткен адамды кешіктірмей ауруханаға жеткізген жөн немесе жедел жәрдемді шақырған дұрыс.  Ауру ұстамасы ұйқы безі ісінгеннен пайда болса, онда оны дәрі-дәрмекпен емдеуге болады. Ауырған жерге мұз басып, екі бүйірден егу (блокада) жасаған пайдалы. Мұндайда емдәм сақтап, адамға ашығу да керек, қан тамырына новокаин, атропин енгізген тиімді. Ал без жидіп, өліттенсе, яғни іріңдесе, онда сырқаттанушыға ота жасалады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button