Әдебиет

Бүгін — Өтежан ақынның туған күні!

Қиындыққа жастайынан буған бел,

Қайыспасын қабырғасы думанды ел.

Жақсылардың берекелі қолымен

Көгере бер көктем құсап, ТУҒАН ЖЕР!

ӨТЕЖАН НҰРҒАЛИЕВ.

Алаш жұртының айтулы ақындарының бірі, халқымыздың біртуар перзенті Өтежан Нұрғалиев 1938 жылы 15 тамызда Байғанин ауданының «Ақжар» ұжымшарында дүниеге келген. Оның қаламынан шыққан «Менің махаббатым», «Ақ нөсер», «Нөсерден кейін», «Ай астында ақбоз үй», «Қайыңды тоғай», «Тыныштық», «Афина мектебі», тағы басқа жыр кітаптары, сұрапыл соғыс жылдарының тірі, көркем шежіресіндей «Соғыстың соңғы жазы» балладасы — әдебиетіміздің алтын қорына қосылған құнды туындылар.

Көрнекті ақын Өтежан Нұрғалиев 2011 жылдың 5 қаңтарында 73 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Міне, содан бері де сегіз жылдың жүзі аунап түсіпті. Алайда арқалы ақынның аяулы есімі өлең сүйер қауымның жадынан бір де шыққан жоқ. Әлі күнге дейін Өтежан өлеңдері елмен бірге жасап келеді.

Философтар әдетте нағыз ақынның өлген күні болмайтынын айтады.

Ал туған күні әманда аталып өтпекші.

Ендеше, жасампаз жырларға тағы да бір көз салып, ақынның артында қалған сөздеріне ой жүгіртіп көріңіз…

АҚЫН АЙТҚАН СӨЗ ЕДІ…

* Есімді білгелі өлең жазамын. 1944 жылы «Қазақстан пионері» газеті өлеңдерімді берді. Содан бері жазамын. 1961 жылы 21 жасымда кітабым шықты.

* Мен сөз өнерінің ірі өкілі емеспін. Сөз өнерлерінің шеберлері — өлген адамдар.

* Менікі — жазу, қалдыру. Бәрі ұмытылады, сөз ұмытылмайды.

* Поэзиямда мін бар ма, жоқ па, оны оқу керек. Мен өзімде бар мінді көрсем, түзетіп отырсам, бұл аралда отырмас едім. Адам өз мінін көрмейді. Кемелдікке де адам еш уақытта жете алмайды. Ал сұлулыққа, батырлыққа, ұлылыққа көзі тірісінде жетсе, ол адам әулиеге айналады.

* Бақыттың көкесі — ештеңе білмеген, ойламаған. Білген жаман. Қор боласың.

* Демократия. Мені сөйлетіп отырған соның буы. Бірақ, біздегі әрине, шын кейпі емес… бергі көрінісі ғана. Әйтеуір, бұрынғысынан тәуірірек…

* Менің кітапханам бай, кейде кітаптарымды аударыстырамын. Кітап көп оқимын. Оқуға уақыт табу керек. Менің бар бітіретінім сол. Оқимын. Жазамын.

* Мен күле алмаймын, өйткені өмір бойы кемсітуден басқа көргенім жоқ. Тілі ащы адам жақсы болмайды ғой.

* Өтірік айта алмаймын. Жағдайым мәз емес. Қоң етімде қара құрт бар, жоқшылықтың қара құрты…

* Мақатаев — табиғаттың жұмбағы. Оның шығармашылық өмірбаяны жазылған жоқ. Ондай өмірбаян Абайдың өзінде де жоқ.

* Он тоғыз-жиырма жасымда Мағжанға ұқсап жазушы едім.

* Мен кейін де өлеңге келген бойдағы бағытымнан таймадым, сондағы деңгейден төмендемедім де. Бұл, әрине, біреулерге ұнамайды.

* Бір әуестігім — бұрын соңына түсіп кітап жинаушы едім. Қазір тек коллекция жиюшы деңгейіне түсіп қалдым. Бұл дегеніңіз — кітапқұмарлықтың біткен жері. Бірақ қалған ғұмырымда іздеп өтетін кітаптарым бар.

* Бұрын таңды таңға ұрып кітапты көп оқыдым. Адамдармен сөйлескім келмегендіктен. Қасыма маңайлаған кісінің кім екенін анадайдан-ақ біліп тұратындықтан.

Бүгінде оқуды сиреттік. Кейде Бальзакты аударыстырып қоямын. Көбіне өз шығармаларымды оқимын.

* Жұбайым менің өлеңімнен шаршады. Өйткені оған мен: «Мені қаламым асырайды, біздерді көзіміздің тірісінде ақындардың королі қылады»,— деп өтірік айта берген екенмін осы уақытқа дейін.

* Менің оқитыным — Ошо. Ол — әулие, ғұлама адам. Онда бәрі бар. Осы уақытқа дейін адам баласына біткен дүниелердің бәрі оның кітаптарында жиналған деуге болады. Өте білімдар.

* Сенген адам Құдай туралы айтпайды. Ол — бір ғажап құбылыс. Міне, осы отырғанда мен Құдайдың құлымын. Адам өзінің қылығымен Құдайға жақындайды.

* Менің намазым да, мешітім де, шадиярым да, пайғамбарым да — поэзия. Шығармашылық мен үшін — өлең арқылы Аллаға қызмет ету.

* Менің кейіпкерлерім кеудесінде қызыл жұлдыз жарқыраған батырлар емес. Менікі — жай адам, қарапайым жауынгер. Сойқан ұрыста окоптың оқ тимейтін жерінде отырады. Өлімнен қорқады. Соғыстан қашады. Астық ұрлайды. Сорлы. Екіжүзді. Елге келген соң, жақсы жұмысқа тұрғысы келеді.

* Жазушы — қоғамның барометрі. Жазушы халықтың өзі де білмейтін, түйсініп көре алмайтын жан-жарасын қаузауы керек. Әдебиеттің міндеті — халықты сілкіндіру, оларға рух бітіру. Әдебиеттің міндеті оларды күлдіріп, я мазақтау емес.

* Менің кітапханамда 8000 кітап бар. сол кітаптарыммен бір жарым бөлмеде 27 жыл тұрдым. Кітап адамның сорын қалыңдатады. Адам тағдыры кітапқа байланысты. Бірақ бір түсінгенім, кітап оқып адам бақытқа жетпейді екен.

* Менің арманым — дүниежүзінің ең ұлы ақыны, көрген жерде бәрі «Ассалаумағалейкүм!» деп тұратын ең бақытты шал болу еді. Мен де пенде емеспін бе?.. Бәрінің Ұлы болғысы келеді.

ӨТЕЖАННЫҢ МЕДАЛІ

Жарқамыста туған ұлы ақынға

Арналған шықты медаль жақында.

Түске кіріп, сырласқан-ды Өтекең:

— Сыя ма бұл ақылға?

Сұрағанға тегімді Жарқамыстық туыспын,

Қадырқұлдың бұлағынан су іштім.

Жаным мөлдір, сол кәусардай ұққанға

Арты ашылды күңіренген қуыстың.

Еттім еңбек өлеңіммен ұлтыма,

Арнадым бар асылды жұртыма.

Білмегендер, көрмегендер көрсін деп,

Тақтым орден пальтоның да сыртына.

Патшадан да құрметтікөргенмін,

Шынақындаболмайдыекенөлгенкүн.

Ендіөзім медаль болыпшықтым ба?

Қолыналамелегеннің, бергеннің.

Кеңсайжақтан

ҚарасаздықМұқағалижолықты,

Қолымдыалды, мойындадысоныұқтым.

Өйткені, мен,нәзікбұлттыЖарқамыстаншыққанмын,

Өлең-сөз де жалғасымынТобықтың.

Құрметкелайықтыбағым бар,

Сезеді оны қырданаққансағымдар.

АқынеттіТөбекөңдежиделер,

Олардың да омырауынатағыңдар.

P.S.Көзкөргендерестелікпентілқатып,

ДүбірліөміржатырСіздіжырлатып.

Буырқанғанмынауасауғасырға,

Медаль болып оралу да бірбақыт.

Жақсылық Айжанов.

КЕУДЕМДЕ ЖАНҒАН ШЫРАҚТЫҢ ӘНІ

Күн батыра алмаймын, таңды атыра,

Ақ қағазға алмаймын қол батыра.

Паңдық емес, шыным сол, нәндік емес,

Тұрғым келмей кетеді Алматыда.

 

Ол жақта да қиғаш қас қарындас көп,

Ол жақта да Жұбан көп, Жарылғас көп.

Көкейімнен кетпейтін ауыл жаққа

Ұшып кеткім келіп тұр қарлығаш боп.

 

Бестөбеден басталған егіс, міне,

Алып жатқан дөңді де, тегісті де.

Ақ көйлегі шаңқиған шағала боп,

Қона кеткім келеді Жем үстіне.

 

Ойлануға келдім ғой, ойлануға,

Тойларыңа келдім ғой, тойларыңа.

Бензин тасып жүретін май шофермен

Тайып кете берсем бе қойлы ауылға?!

 

Ауруханам мынау ғой сан ай жатқан,

Сан ай жатып, дерт қалған талай батпан.

Мынау үйім Көпбайдан сатып алып,

Алтынменен асты-үстін «сарайлатқан».

 

Азды-көпті ісімді халық көрмей,

Жарға жығып Арманым ерік бермей,

Осы үйде алты кітап жазған екем,

Жалғыз жолы баспадан жарық көрмей!

 

«Мынау сұлу дүниеге ие болам»,

Ие болам деп өмірді сүйеді адам.

Мынау — менің қондыртқан телефоным,

Мынау — менің салдыртқан түйе қорам…

 

Тәлтіректеп түзелген тұмса жылым,

Жүрегімде ойнатып жүр сағымын.

Мынау — менің жауса да қанша жаңбыр,

«Бір қандым» деп айтпайтын құм шағылым.

 

Тұлпарымның мойнынан моншағымды –

Мөлдіретіп төгіппін сонша жылды,

Сонша жылды сол жерде қалдырғаннан,

Көргім келіп кетеді сол шағылды.

 

Күн батыра алмаймын, таңды атыра,

Ақ қағазға алмаймын қол батыра.

Паңдық емес немесе, нәндік емес,

Тұрғым келмей кетеді Алматыда.

 

Ол жақта да Жұбан көп, Жарылғас көп.

Ол жақта да қиғаш қас қарындас көп.

Көкейімнен кетпейтін ауыл жаққа,

Ұшып кеткім келіп тұр қарлығаш боп.

2012 жылы Алматыдағы республикалық оқулық баспа орталығынан жарық көрген «Көне соқпақтар, соны сұхбаттар» жинағынан алынды.
 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button