Рухани жаңғыру

Абат-Байтақ: көне құлпытастар зерттеліп жатыр

 Экспедиция

Ақтөбе өңіріндегі көне құлпытастар мен олардағы араб графикасымен жазылған мәтіндерді зерттеу мақсатында Алматыдағы Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтынан келген мамандар бүгінге дейін біздің жеріміздегі бірнеше ескі қорымда болды.

Солардың арасында «Қазақстанның киелі жерлері географиясына» енген нысан Қобда жеріндегі Абат-Байтақ қорымы бар. Мамандар әзірге мұнда 115 құлпытасты тізімге алып, олардың мәтіндерімен танысып шыққан.

— Құлпытастардағы жазулар олардың басым бөлігінің ХІХ ғасырға тән екенін айғақтайды. Негізінен, табын, кете руларының адамдары көбірек кездесті. Бұрынғы жазуларда батыр, би, мырза, қажы деп, жерленген адамның қоғамдағы атақ-дәрежесі қоса көрсетіліп отырған. Ондай құлпытастар да кезікті. Сондай-ақ, құлпытасты жасаған Нұрәлі атты шебердің де аты-жөнін көрдік, — дейді Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, араб тілі маманы Бағдат Дүйсенов.

Экспедициялық топтың жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Дина Медерова Ақтөбе өңіріндегі құлпытастарға тән ерекшелік — өрнектердің көптігі екенін атап өтті:

— Құлпытастар жақсы сақталған, сондай-ақ өрнектердің өте көп кездесетіндігімен ерекшеленеді. Ұзына бойы және төрт жағы да өрнекке толы боп келетін құлпытастарды кездестірдік, — дейді ол.

Мамандар осы қорымдағы жұртшылық ерекше қастерлейтін Қыз әулие зираты жанындағы көне құлпытастың мәтінін оқи келіп, оның ер адамның құлпытасы екенін анықтаған. Әрине, бұл «зиратта ер адам жатыр» дегенді білдірмейді. Өйткені, зиратқа жақын жатқан көне сынық құлпытасты мұнда біреулер кейіннен әкеліп қойған.

Экспедиция барысында анықталған эпитафиялық мәтіндер зерттеліп, ғылыми айналымға түсіріледі.

Ал өлкетанушы, ескерткіштерді зерттеу және қорғау саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Бекарыстан Мырзабайдың айтуынша, Абат-Байтақ — арғы заманнан келе жатқан өте көне қорым. Қорым аумағында тіпті біздің заманымызға дейінгі дәуірлерге тән сармат ескерткіштері де бар. Қорымдағы басты кесененің иесі кім екені де әзірге анықталмай отыр.

— Ауызша деректер бойынша, бұған байланысты екі болжам бар. Біріншіден, Асан қайғының баласы Абат батырға арнап салынған кесене делінсе, ал екінші нұсқа бойынша, мұнда Жошының баласы, әйгілі Бату ханның бауыры Байтақ әулие жерленген. Осы соңғы дерек шындыққа жанасатын секілді. Өйткені 2004 жылы жүргізілген қазба жұмыстары барысында мұнда төре тұқымы жерленген деген болжам жасалды, — дейді Бекарыстан Мырзабай.

 

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button