Рухани жаңғыру

Ғұндар мекен еткен аймақта…

Археология

«Ақтөбе облысы аумағындағы ғұн-сармат кезеңі ескерткіштерінің архитектоникасы және оларға кеңістікте талдау жүргізу» жобасы аясында Ойыл және Қобда аудандары аумағынан аталмыш кезеңдерге тән, бұрын белгісіз болып келген 100-ден аса көне қорым анықталған.

Көне қорымдардың орны SAS Planet бағдарламасы арқылы ғарыштан түсірілген фотосуреттерді зерттеу нәтижесінде белгілі болды. Солардың бірі — Ойыл ауданы аумағындағы Сорлақмола қорымы. Сырттай қараған адам бұл жердің ғұн дәуірінен қалған тарихи орын екенін тіпті де болжай алмайды. Зираттар мүлде байқалмайды. Қойылған тас не басқалай белгі қалмаған. Жусан өскен дала ғана секілді…

Дегенмен, мұнда жұмыс істеп жатқан археологтар қай жерде зират барын, ал қай жердің зираттар аралығындағы соқпақ жол екенін нақты айтып отыр.

Қазір мұнда облыстық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының қызметкерлерінен құралған археологиялық топ зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Зерттеушілердің айтуынша, Сорлақмола қорымындағы көне зираттар саны — 100-200 аралығында.

—  Бұл қорым — ІІ-ІV ғасырлардан қалған ескерткіш. Оның маңызы өте зор, яғни бұл ескерткішті зерттеу арқылы біз сол аталған уақыттарда ғұндардың Ақтөбе жерін мекен еткеніне дәлел болатын деректерді алға тарта аламыз. Әрине, әзірге тек қазба жұмыстары ғана жүргізіліп жатыр. Нақты нәтижелер табылған сүйектер, басқа да жәдігерлер зерттелгеннен кейін жария етіледі, — деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.

Мейрам Дүйсенғалидың айтуынша, ғұндардың зираттары о баста-ақ биік болмаған. Ол осы қорымнан сәл әріректе тұрған төбешікті нұсқап:

— Мысалы, анау төбеге алыстан қарағаннан-ақ, сармат заманынан қалған ескерткіш екенін байқаймыз. Ал ғұндардың қорымдары олай «мен мұндалап» тұрмайды. Ғұндар жауынгер халық болған. Бәлкім, олар зират-қорымдарын жасырын ұстауға тырысқан болуы да мүмкін. Айталық, Аттиланың қайда жерленгені бізге әлі белгісіз. Тіпті оны Дунай өзенін бөгей тұрып, соның астына жерлеп, содан соң суды өз арнасымен қайта ағызып жіберген деген де аңыз бар, — дейді.

Қазба жұмыстары аяқтала қоймағандықтан, археологтардың бұл жолғы олжалары туралы әзірге айту қиын. Мұндағы зираттар арасынан биыл 4 нысан ғана қазылып жатыр. Солардың арасында облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының басшысы Аслан Мәмедовтің жетекшілігімен қазылған қабірден әйел адамның мүрдесі шыққан.

— Басы солтүстікке қарата жерленген сүйекпен қоса, қабірден ұршықтың, кішкентай қола айнаның қалдықтары табылды. Сондықтан мұнда әйел адам жерленген деп болжадық. Бұған қоса, қабір жанынан марқұмды жерлегеннен кейін, араға бірнеше жыл салып, құрбандық шалынған жердің орны да анықталды. Бұл жерден құмыра сынықтары шықты, — дейді Аслан Мәмедов.

Сондай-ақ, ол құмыра сындыру — көне діни рәсімнің бір бөлігі болғанын айтты. Ал бұл рәсімнің марқұмды жерлеу кезінде емес, араға жылдар салып өткізілгенін археологтар топырақ қабаттарына қарап анықтап отыр.

Облыс аумағындағы ғұн дәуірі ескерткіштерін зерттеу жұмыстары алдағы жылдары да жалғасатын болады.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button