Рухани жаңғыру

Экспедиция үш ауданды аралады

Өткен аптада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша «Аманат» ғылыми-танымдық зерттеу экспедициясы облыс аумағында ХІХ-ХХ ғасыр басында өмір сүрген діни қайраткерлердің өмірін, киелі жерлер менмешіттерді,олардың орындарын зерттеу және экспонаттар жинақтау мақсатында Алға, Қобда, Ойыл аудандарына барды.

Экспедиция құрамында республикалық«Тұран» телеарнасының редакторы,өлкетанушы Ерлан Сыздық, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы Саяжан Әбішева, «Руханият» танымдық клубының төрайымы Жібек Абдуллина, жол сілтеуші Зиятдин Баймен бар. Экспедиция аудандардағы облыстық тарихи-өлкетану музейі филиалдарының директорларымен жергілікті дін саласының қызметкерлерімен бірге жалпы ұзақтығы 650 шақырым жол жүрді.

Экспедиция мүшелері алдымен қала сыртындағы Пригородный ауылы маңындағы Түйетөбеге барып, ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандары Аймағамбет, Баймағамбет Аппақовтарға Құран бағыштап, телетүсірілім жасады.

Бұдан кейін экспедиция Қызылжар ауылының тұрғындары мен Аппақ Имандыұлының ұрпақтарымен кездесіп, сұхбат жүргізді. Ол кісінің өмір жолы туралы ақпараттар жинақтады.

Экспедицияның келесі аялдамасы Алға ауданына қарасты Маржанбұлақ ауылы маңындағы халық емшісі Ұзақ Ешниязовтың бейіті болды. Бұл жерде де экспедиция мүшелері жинақтаған зерттеу жұмыстарын толықтыру мақсатында әуе камерасы арқылы бейіт маңын бейнетаспаға түсірді.

Қобда ауданындағы Шәріп молда мешітіне барған экспедиция мүшелеріне Қобда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабылов пен Қобда аудандық музейінің қызметкері Қонысбек Шәкенов алғаш рет аудан көлемінде жасақталып жатқан өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы сталиндік репрессия құрбандары мен діни қайраткерлерге арналған алаңмен таныстырып, олардың ұрпақтарымен жүздестірді.

Аудандық музей қызметкерлерінің айтуынша, алдағы уақытта Қобда ауданының 90 жылдық мерекесіне орай тарихи ескерткіштер, гүлзарлар мен демалыс орындары жасақталмақ.

Бұдан кейін экспедиция И.Білтабанов округіндегі Сауқайың өзені бойында өмір сүрген, кезінде мешіт ашқан молда Тілеміс Тінәлі хазірет мешітінің орнын, қорымын зерттеп, ұрпақтары Сәндібай, Рахима Тілемісовтермен, сондай-ақ Тілеміс хазірет туралы «Ұрпақтар» атты шығармасында кеңінен жазған жергілікті жазушы Мәскеу Шүкірановпен сұхбаттасты.

Ойыл ауданы орталығынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан, ел аузында аңыз болып қалған сынықшы Сүлеймен Қарабалаұлы ауылына барған экспедиция өкілдері оның зиратына барып Құран бағыштап, зираттың шырақшысы Саламат Қонысовпен сұхбаттасты. Сондай-ақ Сүлеймен Қарабалаұлы туралы сынықшының келіні Роза Әбенқызынан көптеген мағлұматтар жазып алды.

Экспедиция барысында топ мүшелері Жекенді өңіріндегі көне мешіт орындарын зерттеп, олар туралы ауыл ақсақалы Жалғасбай Сержанұлынан деректер сұрап, Әбдірахман, Шынтай мешіттері, т.б. аудандағы жалпы саны 11-ге жуық мешіт-медреселер туралы мағлұмат жинады. Сонымен қатар «Көкжар» жәрмеңкесі мен көне тарих беттерінен сыр шертетін «Көкжар»мешітін, Сатай қажы ауылының маңын, қажы қолданған көне жәдігерлерді бейнетаспаға түсірді.

Осылайша экспедиция өкілдері іссапар аясында көптеген қызықты мәліметтер жинақтап, музей қорына тың деректер алып келді.

 Ж.АБДУЛЛИНА,

«Руханият» танымдық клубының жетекшісі,

С.ӘБІШЕВА,

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің

қорсақтаушысы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button