Спорт

Қонақтар ғана жеңген тур

Премьер-Лига

Екінші айналымның соңғы туры ерекше есептерімен есте қалатын болды. Бұл 22-турда тең ойын есебі болған жоқ, қонақта ойнаған алғашқы алтылықтағы командалардың барлығы жеңіске ие болса, ойын кестесінің екінші бөлігіндегі алаң иелерінің барлығы да ұтылды.

«Ақтөбе» өз алаңымызда ойнады. Өкініштісі, міне, осымен соңғы үш турда жерлестеріміз қарсыластарына шапшаң гол соққызып алып жүр. 8-минутта «Астана» футболшылары бұрыштама соққы орындауға мүмкіндік алды да, Рунор Сигурьонссон айып алаңына әуелете тастаған допты Иван Маевский емін-еркін баспен соғып, қақпа торын бүлк еткізді — 0:1:

Қонақтар бұдан соң да есепті еселеуге ұмтылумен болды. Дегенмен жерлестеріміз тізгіннен айырылмауға тырысып бақты. Есен Жасанов, Александр Кицак, Маркос Пиззелли қарсыластар қақпасына әрқилы әдістермен соққы бағыттады, әйтсе де ешқайсысы нысанаға жол таба алмады.

Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Екінші таймда да жерлестеріміз бірден жинақтала алған жоқ. 53-минутта астаналық Рунар Сигурьонссон қақпамызға және бір голды тоғытып жіберді. Қорғаушылардың ортасында жүріп кәнігі мерген баспен соққан бұл допқа қақпашымыз тым кеш ұмтылды — 0:2.

Дегенмен намысқа тырысқан, оның үстіне стадион толы жанкүйерлердің қолдауын анық сезінген жерлестеріміз елордалық футболшылар қақпасын торуылдаумен болды. Арада көп уақыт өтпей гол соғудың да реті келді. 56-минутта алаңның орта тұсына таман тұстан Маркос Пиззелли айып добын орындады да, допты қарсыластар қақпасының дәл алдына әуелете бағыттады, оңтайлы келе қалған пасқа Абай Айымбетов суырыла ұмтылып, баспен соқты да, допты қақпаға сүңгітті де жіберді. Ақтөбелік шабуылшы желкесімен дерлік орындаған бұл қимылға қақпашы Ненад Эрич еш қарсы әрекет жасай алмай қалды — 1:2.

84-минутта таразы басын теңестірудің де реті келді. «Астана» қақпасына футболшыларымыз тайлы-таяғымен лап қойған кезекті шабуылдардың бірінде Асланбек Кәкімов сол жағында сәл ілгері зымырап келе жатқан Абат Айымбетовке тамаша пас тастады да, Абат допты еш дайындықсыз шірене тепті, елордалық футболшы Евгений Постниковтың аяғына тиген доп траекториясынан сәл ауытқып барып, жібек торды тулатты да тастады — 2:2.

Соншама шаттыққа бөлеген осы екінші гол футболшыларымыздың қырағылығын да әлсіретіп жіберді. Арада екі минут уақыт өтпей жатып Роман Муртазаев біздің қақпамызға және бір гол енгізді — 2:3.

Осылайша «Ақтөбе» соңғы үш кездесуде қатарынан үшінші рет ұтылуға мәжбүр болды.

«Ақтөбе»-«Астана» — 2:3.

Гол авторлары: Иван Маевский, 8-минут (0:1); Рунар Сигурьонссон, 53-минут (0:2); Абат Айымбетов, 56-минут (1:2); Абат Айымбетов, 84-минут (2:2); Роман Муртазаев, 86-минут (2:3).

Ескерту қағаздары көрсетілгендер: Ә.Таңжарықов, 63-минут; А.Айымбетов, 84-минут («Ақтөбе»).

«Ақтөбе»: Рамиль Нұрмұхаметов, Әділхан Таңжарықов, Виталий Волков, Есен Жасанов (Рустам Сахибов, 89-минут), Рустам Темірхан, Бағдат Қайыров (Антон Шурыгин, 77-минут), Александр Кицак, Ардақ Сәулет, Әлішер Әжімов, Маркос Пиззелли, капитан (Асланбек Кәкімов, 71-минут), Абат Айымбетов.

Бас бапкер Александр Седнев.

«Астана»: Ненад Эрич (капитан), Абзал Бейсебеков, Лука Шимунович, Евгений Постников, Дмитрий Шомко, Юрий Перцух, Иван Маевский, Рунар Мар Сигурьонссон, Фирмин Мубеле (Дорин Ротариу, 37-минут), Марин Томасов, Рангело Янга (Роман Муртазаев, 73-минут).

Бас бапкер Роман Григорчук.

11 тамыз 2019 жыл. Ақтөбе, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 11 500 адам.

*   *   *

Басқа кездесулердің нәтижелері:

«Ертіс» (Павлодар)-«Тобыл» (Қостанай) — 0:2

«Атырау» (Атырау»)-«Қайсар» (Қызылорда) — 1:3

«Оқжетпес» (Көкшетау)-«Жетісу» (Талдықорған) — 0:1

«Тараз» (Тараз)-«Қайрат» (Алматы) — 0:1

«Шахтер» (Қарағанды)-«Ордабасы» (Шымкент) — 1:2

*   *   *

Бұл 22-турда барлығы 11 гол соғылды. Ірі есеп нәтижесі тіркелген жоқ. 1:0 есебі екі рет қайталанды. Тең ойын есебі болған жоқ.

24 рет ескерту қағазы көрсетілді, алаңнан қуылған футболшы болған жоқ.

Бір ойында бір футболшы үш гол соғып, хет-трик иесі атанды — Тигран Барсегян («Қайсар»).

Екі пенальти белгіленіп, орындалды.

Шапшаң гол авторлары — Мартин Тошев, 4-минут («Жетісу»); Иван Маевский, 8-минут («Астана»).

«Астана» 86-минутта енгізілген голдың арқасында жеңіске жетсе, «Қайратқа» ұтыс әперген гол 84-минутта пенальтиден соғылды.

Бұл турдағы алты кездесуді көруге биылғы чемпионат барысында ең көп жанкүйер — 33 800 адам жиналып, әр ойынды орта есеппен 5633 адам тамашалады. Ал ең көп жанкүйер Ақтөбе стадионына келді — 11 500 адам. Жалпы чемпионат басталғалы жанкүйерлер ең көп келген бес ойынның төртеуі «Ақтөбе» командасының қатысуымен өткен.

*   *   *

Сонымен 1-3 орын иелері өзгерген жоқ : «Тобыл» (45 ұпай), «Астана» (44 ұпай), «Қайрат» (44 ұпай).

4-6 орындардағы командалар  да сол күйі қалды: «Ордабасы» (40 ұпай), «Қайсар» (37 ұпай), «Жетісу»» (35 ұпай).

7-9 орын иелері де жеңіліске ұшырағандарымен өз орындарын сақтап қалды: «Шахтер» (30 ұпай), «Оқжетпес» (27 ұпай), «Тараз» (19 ұпай).

10-12 орындағы командалар: «Атырау» (18 ұпай), «Ертіс» (17 ұпай), «Ақтөбе» (4 ұпай).

ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

23-тур ойындары 17-18 тамыз, сенбі-жексенбі күндері өтеді.

18 тамыз күні «Ақтөбе» Талдықорғанда «Жетісу» командасымен кездеседі.

Басқа кездесулер:

17 тамыз, сенбі

«Оқжетпес» — «Ордабасы»

«Тараз» — «Қайрат»

«Ертіс» — «Тобыл»

18 тамыз, жексенбі

«Атырау» — «Астана»

«Шахтер» — «Қайсар»

(Үшінші айналымның ойын кестесі толық жасақталып болмағанын еске саламыз).

Абат Айымбетов және легионерлер

22-турда қос гол соққан Абат Айымбетов сұрмергендердің алғашқы алтылығын 9 доппен түйіндеп тұр. 

Бір ескерерлігі, оның алдындағы 5 футболшы да легионерлер — Адеринсола Эсеола, 12 доп, «Қайрат»(Украина); Мартон Эппель, 10 доп, «Қайрат»(Венгрия); Тигран Барсегян,10 доп, «Қайсар»(Армения); Марин Томасов, 10 доп, «Астана» (Хорватия); Жоао Пауло, 9 доп, «Ордабасы» (Бразилия).

Ертай АШЫҚБАЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button