Экономика

Жергілікті аграрлар мақсары өсіру ісін меңгеріп жатыр

Семинар

Облыстық кәсіпкерлер палатасында аграршыларды өсімдік шаруашылығындағы инновация, сондай-ақ тиімді агробизнестің негіздерін оқыту бойынша жұмыстар жалғастырылуда. Семинар барысында шаруаларға өңірде мақсары өсірудің тиімділігі сөз болды.

Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе станциясының базасында «Аймақтың әртүрлі топырақ-климаттық жағдайында майлы мақсары дақылдарын өсіру инновациялық технологиялары» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар өтті. Бұл — «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының агрокешендік орталығы және Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе станциясының қолдауының нәтижесінде ұйымдастырылған шара.

Станцияның ғылыми қызметкерлері бірнеше бағыт бойынша дәріс сабақтарын өткізді. Семинар барысында егіс алқаптарында майлы мақсары дақылдарын егу және өсіру негізінде инновациялық агротехникалық талқылаулар өтті. Бұл жерде ғалымдар жергілікті аграрларға майлы мақсары дақылдарын өсіруді  үйренуді ұсынды. Селекционерлердің айтуынша, бұл дәстүрлі емес, құрғақшылыққа төзімді, бірақ  аймақтың өнімді  дақылдары саналады. Тәжірибе станциясы қызығушы шаруа қожалықтарына ұсыныстар мен  кеңестер беруге дайын.

Облыстық ауылшаруашылық басқармасының мәліметі бойынша, 805 мың гектар егістіктің 18 мың гектары — майлы дақылдар, оның 11 мың гектарына мақсары егілген.

Мақсары Хромтау, Қобда, Мұғалжар, Мәртөк және Алға өңірлерінде егіледі. Бұл бағыттағы жұмыстарды іске асыруды біз Мәртөк ауданынан бастадық. 2015 жылы «АСХОС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Дина» шаруа қожалығына 10 жыл ішінде жеке селекция нәтижесінде алынған «Ахрам» өзіндік тұқымын берді. Бірінші жылы 700 келі тұқымнан 22 тонна өнім алынды. Келесі жылы 700 гектар жерге егін егіліп, одан 560 тонна тұқым алынды. Бұл — осы дақылдың көбею деңгейі өте жоғары екендігін көрсетеді, — деді ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Айбатша Жұбанышева.

Тыңдаушыларға аймақта мақсары өсірудің технологиялық және сервистік қолдауы, өсіру технологиясы, яғни ауыспалы егіс жүйелері, топырақты өңдеу,  өсімдіктерді бақылау мен қорғау мәселесі егжей-тегжейлі түсіндірілді. — Мақсары — шұғыл континентті климатқа бейімделген және ылғалға деген қажеттілігі бойынша құрғақшылыққа ең төзімді өсімдіктердің қатарына жатады. Мақсары тұқымынан бағалы мақсары майын алу үшін өсіріледі. Оны тамақ үшін де, техникалық мақсаттарға да пайдаланады. Өңделген өнімдер жануарлар мен құстар үшін жоғары қоректік тағам саналады. Сонымен қатар мақсары гүлінің жапырақтары медицинада қолданылады, — деді Айбатша Жұбанышева.Оның айтуынша, мақсары өсірудің инновациялық технологияларын  және оның жаңа сорттарын енгізу, мақсары майын өндіру көлемін арттырып,  ішкі нарық үшін жануарлардың тағамын және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз  ету  мүмкіндігін көбейтеді.Аграршылар алдымен теориялық бөлімді қызығушылықпен тыңдады, содан кейін мақсары алқабына аттанды. Онда мамандар бұл білімді тәжірибеде қалай қолдану керектігін көрсетті. Қазірде мақсары мен одан алынған өнімдер Қытай, Америка, Түркия, Ресей және Еуропа елдерінде үлкен сұранысқа ие.  Айта кету керек, семинарға облыс аудандары мен Ақтөбе қаласындағы егін шаруашылықтарының басшылары мен агрономдар қатысты. Семинар нәтижесі бойынша өсімдік өсірушілер станция мамандарымен бірге жұмыс жасау туралы ұсыныстарын білдірді. Ақпараттық қолдау ретінде оларға өңделген және облыстың климаттық жағдайларына бейімделген дақылдар туралы анықтамалар таратылды.

Семинар соңында тыңдаушыларға сертификаттар берілді.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button