Экономика

Тұтынушы сенімі және сапа

Қазір құрылыс индустриясында  бірде-бір ғимарат пластикалық өнімсіз салынбайды. Себебі пластикалық бұйымдар ұзақ жылдарға дейін өңін бермейді, ыстық пен суыққа төзімді.

Соңғы жылдары біздің облыста да аталған өнімді өндіретін шағын цехтар көбейді. Ақтөбе қаласында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында пластикалық құрылыс бұйымдарын шығаратын «Айс Строй Компани» ЖШС өз ісін жандандырып отыр.

Серіктестік басшысы Мұратбай Төлебаев пластик шығаратын өзге мекемеде жұмыс жасап жүріп, есік-терезе жасаудың қыр-сырын үйренеді. Уақыт өте келе өзі бөлек кетуді ұйғарады. Осылайша 2014 жылы жеке кәсібін қолға алып, пластик терезе шығара бастайды. Ал 2017 жылы жеке кәсіпкерлікті «Айс Строй Компани» ЖШС қылып қайта құрады.

—  Алғашқы жылдардағыдай емес қазір тұрғындар біздің мекемені біледі. Тапсырыс көп. Әсіресе, үй салып жатқандар жиі хабарласады. Біз тұтынушының талғамына сай, терезені сапалы қылып салуға тырысамыз. Өнімнің сапасы жақсы болса, тұрғын риза болады. Ал тұтынушының көңілінен шығу — біз үшін үлкен мәртебе. Олар бір-біріне айтып, бізге жарнама жасайды. Осылайша клиенттеріміз көбейеді. Қазір терезе шығарушылар көп. Бәсеке мықты. Сондықтан ең алдымен сапаға мән береміз.  Әуелгі кезде терезені Қытайда шығарылған  станоктар арқылы жасап жүрдік. Кейін Түркияда шыққан станокты пайдалана бастадық. Қазір цехтағы өнім неміс технологиясы бойынша  дайындалады. Шикізатты Астанадан алдырамыз, — дейді Мұратбай Төлебаев.

Кәсіпті жандандыру үшін қаржы керек. Алғашқы уақытта Мұратбай екінші деңгейлі банктер арқылы несие алыпты. Бірақ үстеме пайызы көп болғандықтан төлеу қиынға түскен. Былтыр станокты жаңартпақ болып жан-жақтан қаржы іздейді. Сұрастыра келе «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалына жолығады. Бұл жердегі мамандар барлығын түсіндіреді. Мұратбай барлық құжатын дайындап, «Сбербанк» АҚ-на несиеге өтініш береді. Сөйтіп,«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы»  аясында  5 000 000 теңге көлемінде қаражат алады.

— Қаражат қолға тиген соң жаңа станок сатып алдым. Қазір түскен тапсырыстарды уақытында жасап үлгеруге тырысып жатырмыз. Менен өзге үш жігіт жұмыс жасайды. Оларға 50 мың теңге еңбекақы төлеймін. Тапсырысқа байланысты қосымша үстеме төленеді. Ендігі мақсат — жұмысты тоқтатпау, — дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер шығарып жатқан терезелердің бағасы көлеміне қарай әртүрлі. Мәселен, стандарт терезелер 45 мың теңгеден басталады. Мұратбай Төлебаев несиені өтеген соң кәсіпті кеңейту жоспарында бар екенін айтты.

 Кәмшат ҚОПАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button