Рухани жаңғыру

Мыңжылдығын болжаған Мөңке би

 Халқының жадында сақталған

Біздің ұлтымызда ең қасиетті сөз мұраларының халқымыздың жадында сақталып, ел арасында тарауының, кейінгі ұрпаққа жетуінің мысалы көп.  Мыңжылдығын болжаған әулие, би, дала философы, жырау Мөңке бабамыздың данышпандық, көрегендік толғаулары ұлтымыздың мәдени мұрасына, қазынасына тап осылай айналған. Сәуегейлік пен әулиелікке, ескілікті би мақамдары мен шешендік сөздерге сүзгі қойылған кешегі кеңестік заманның өзінде даланың ақылгөй қарттары әңгімелерін Мөңке бабамыз өзінен кейін келетін ұрпақ, заман туралы былай деген деп, тұздықтап отыратын. Біздің көбіміз  баба сөзімен алғаш сол ақсақалдардың жады арқылы там-тұмдап табыстық. Соның өзіне қайран қалып, таңдай қақтық. Бірақ ол кім, шыққан тегі қайсы, заманы, амалы қандай болды, сөз мұрасының бас-аяғы қайда деген сауалдарға терең бойлай алмадық. Тіпті сол халқымыздың жадында ғасырлар бойы ұмтылмай сақталып келе жатқан бабаның асыл сөздерін жазып алып, баспасөзде жариялауға жол берілмеді. Арғы дәуіріміздегі ұлтымыздың зиялылары жазып қалдырған Мөңке баба хақындағы бірен-саран мақалаларды, жазбаларды оқуға тыйым салынып, мұрағаттарда шаң басып жатты.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана халқымыз, бүгінгі ұрпақбабамыздың артына қалдырып кеткен сөз мұрасымен жете танысуға мүмкіндік алды. Тұмшалау заманының томағасын сыпырған бұқаралық ақпарат құралдары бабаның ел аузында жүрген мыңжылдықты болжаған көрегендік, көріпкелдік толғауларын жарыса жариялады. Ғалымдарымыз, оқымыстыларымыз жата-жастана зерттеуге көшті. Журналистер қауымы іздене жүріп мақалалар жазды. Тоқсаныншы жылдардың аяғы, екімыңыншы жылдардың басына қарай олардың басы құралып, баспалардан кітап болып шығып, оқырмандардың қолынатиді. Бұған мол үлес қосқандардың бірі—бабаның тікелей ұрпағы, сол тұста «Егемен Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарған белгілі журналист Бердібай Кемал болатын.

Одан бергі кезеңде де қаламы қарымды қаламгер тынымсыз ізденіп, ел ішінде жүріп, мұрағаттарды жиі ақтарып, дала данышпаны туралы бұрын-соңды жазылғандарды оқып, осы тақырыпты көп қаузады. Сөйтіп, бір кездегі жазғандарына кейінгілерін қосып, толықтырып, «Дала данышпаны—Мөңке би» деген атпен баспадан шығарды.

Әулие баба жайлы жаңа кітап

Таяуда С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында осы кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Оған қаламыздың зиялы қауым өкілдері, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев, Қазақстан Журналистер одағының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС  директоры Раукен Отыншин қатысты. Кітаптың тұсаукесеріне арналған шараны мәдениет қайраткері, ақын Орал Байсеңгір жүргізді.

Кітап авторы жиналғандарға ұзақ жыл бойғы ізденісінің жемісі —жаңа шығарманың қалай дүниеге келгені туралы айтып берді.

—Басты мақсат—бабаның мұраларын мүмкіндігінше қайтара бір түгелдеп жариялау болды. Бірінші бөлім «Бабаларым» деп аталып, онда Едіге, Тілеу, Мөңке жайында деректер берілді. Бұдан кейінгі бөлімге Мөңке бидің мұралары—толғаулары, шешендік сөздері  топтастырылды.Мұнымен бірге, бұл кітапта тек өткен тарихты қозғап қоймай, бабамыз дүиеге келген Мөңке би атындағы ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігін де көрсетуге тырыстық. Өткен жылы осы ауылдағы саябаққа бабаның ескерткіші қойылды. Бұл шалқарлықтар үшін  зор қуанышты жағдай болды. Сол ескерткіштің ашылуына орай ауылда атжарыс ұйымдастырылып, әдеби-спорттық түрлі шаралар өткізіліп, үлкен мерекеге ұласты. Міне, осы шараларды кең қамтыған мақалалар жинақталып берілді.

Өзім Шалқар ауданының Мөңке би атамыздың атындағы ауылда туып-өстім.Сол ауылым туралы, оның ардақты адамдары жайында, елдің, жердің тағдырына қатысты әр жылдарда облыстық, республикалық газеттердің беттерінде біраз мақалалар жариялаған едім. Міне, осы шығармаларым—кітаптың соңғы бөліміне топтастырылды,—деді автор.

Зиялы қауым пікірі

Кешегі кеңестік заманның құйтырқы саясатының әсерінен облыс аумағында есімдері мүлде ұмтыла бастаған Мөңке бабамыз сынды билерді, талай ақын-жырауларды тірілтіп, олардан қалған жәдігерлерді жинақтап, зерттеп,оқырманға ұсынып жүрген мөңкетанушы, едігетанушы ғалым-филология ғылымының докторы Жұбаназар Асан әңгімесін «Үйде сырқаттанып жатыр едім, жиынға Бердібайдан емес, әулиенің аруағынан қорыққаннан келдім» деп әріптес інісін әзілдеп бастады. Сосын:

— Мөңке ауылында өстік біздер де. Мұндай адамдардың әулиелілігін басыңа тигесін барып білесің. Әйтпесе, біле бермейді,пенде  пендешілігін істейді. Осы ғасырдың басында Ақтөбеге Ұлы Құмнан көшіп келдік. Үш жылдай үй салдық. Бір тасты ыңғайсыздау көтере бергенімде, қолым шығып кетті. Сынықшы іздеп таппадым. Қолым ісіп, жұмыс істегенде ауырады. Мөңке бабамызға байланысты айтайын деп отырмын ғой. Бір күні шай ішіп отырып, жолдасыма «Мөңке әулие, әулие дейді, әулие болса осыған септігі тимейме?» дедім. Бәбішем «Тигенде қандай!» деді. Ертесіне қарасам, әлгі томпайып тұрған ісік жоқ, жағамды ұстадым. Міне, осындай-осындай талай нәрсе болды. Оны айта берсең,ұзақ әңгіме,— деп баба аруағына табынатынын негіздей түсті.

Ғалым алғашқы жылдары республикалық басылымдардың беттерінің өзінде Мөңке бидің мұраларын өзгелерге телу жағдайларының жиі кездескенін, сондықтан осы мәселелердің басын ашып мақалалар жазу, Ақтөбе жерінде бабаны ұлықтау шараларын қолға алу керек болғанын еске алды. Осы жұмыстарды жүргізуде бүгінгі кітап авторының елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Бұл күні жаңа кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысқандар бабаның сөз мұрасына қанығып қана қойған жоқ, сонымен бірге, Мөңке бидің күй шығаратын да өнері болғанын білді және осы жиында оның бүгінге жеткен төрт күйін еліміздің белгілі дәулескер домбырашыларының орындауында тыңдауға мүмкіндік алды.

Бұдан кейін Мөңке би, ол туралы жазылған жаңа кітап туралы әңгімені белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев жалғастырды. Ол заманда Шектіде билер тобының өте көп болғанын айта келіп, ақын:

—Дегенмен, сол көп бидің ішінен Мөңке бидің ерекше, айрықша аталатыны қалай, оның даңқының бүкіл қазақ жұртына түгел таралатыны қалай? Нұржан Наушабаев сынды арғы  ақындарды былай қойғанда, бергідегі Ахмет Байтұрсынов немесе Жүсіпбек Аймауытовтар өздерінің жазған дүниелерінде ол жайында айтып өткен. Әрине, кез келген би өзінің заманында жер дауы, жесір дауы сияқты қазақтың арасындағы дау-шараларға қатысады, оны қара қылды қақ жарғандай әділ айтып отырады. Соның ішінде, бәлкім, болашақты болжаған сөздер айтқандары да болуы мүмкін және ол бар да. Бірақ олардың барлығының сөзі Мөңке бидің сөздері құсап толық жиналып, Мөңке бидің сөздері құсап кестеленіп, толғау-толғау болып айтылмаған себепті, бізге жетпей қалған болу керек. Бірақ ол билердің кемшілігі емес, ол—Мөңке бидің артықшылығында, Мөңке бидің сәуегейлік қасиетінде жатыр. Сәуегей дегенге келсек, ең алдымен мойындауымыз керек, меніңше, Алла тағала Мөңке биге басқаларымызға бұйырмаған, ерекше дарын, ерекше талант бергенге ұқсайды. Өйткені сәуегей болу — кез келген адамға қонбайтын қасиет, сол қасиет Мөңке биге қонған.

Мөңке әулиенің өзі көптеген пессимистік тұрғыдағы айтылатын толғауларының өзінде, ең соңында айналып келіп: «Күндердің күнінде айтарлықтай заман туады, сол заман жоқшылықтың бәрін қуады» деп, оптимистік пікірмен аяқтаған сөздерін. Сол заманның белгісі —осы кезге дейін ұмыт қалған атамыздың атының жарыққа шығуы, оның есімінің ауылға, көшелерге берілуі, ескерткіштер орнатылуы және сол істің басында жүрген екі адам болса, соның біреуі болған осы мына Бердібайдың қолға алған ісі,—деді.

Ал автордың жаңа кітабы туралы:

—Бердібайдың Мөңке би жайындағы бүгінгі кітабы—үлкен еңбек деп есептеймін. Себебі,осы Мөңке би туралы,оған қатысты шыққан кітаптардың барлығы менде бар. Мына кітабын да автор алдын ала маған берді. Қарап шықтым. Бұл да бір жақсы кітап болып шыққан,—деді.

Осы кездесудің әсерлі өтуіне тек кітап авторы емес, өз өнерлерімен оның іні-қарындастары, немерелері де айтарлықтай үлес қосты. Белгілі режиссер, актер Елтай Кемал Мөңке бидің толғауын орындады, қызы Жазира Ізбанова ән шырқады.

Ақын, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы екімыңыншы жылдардың басында Мөңке биге қатысты дүниенің барлығы ең алғаш Кемейдолла Төлеубай «Ақтөбе» газетіне жариялап, кейін «Ақтөбе» газетінің кітапханасы»  сериясымен баспадан кітап болып шыққанын айта келіп, «Мөңке би ескерткішінің қасында» деп аталатын өлеңін оқып берді.

Кездесу соңы  әулиенің мұраларын халыққа кеңінен жеткізу, санасына сіңіру мақсатында бұдан былай не істеу керек деген бағытқа ойысты, Тілеу батыр қорының жетекшісі Қанатбай Елеусіз, ақын Нұрлыбек Қалауов осы тұрғыдағы көкейде жүрген өз ойларын, пікірлерін ортаға салды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button