Денсаулық

Дәрігер парызы

Мерей

Әдетте ақ халатты абзал жан атанған дәрігер мамандығының иесі болуды бір армандамаған бозбала немесе бойжеткен сирек кездесетін шығар. Мұның өзі осы кәсіп иелеріне деген құрметтің ерекшелігін де танытатын сияқты.

Ойыл қазақ орта мектебін 1956 жылы бітірген жас түлек Тұрар Шериязданның алдында көп таңдау бола қойған жоқ. Басты мақсат — адам болсам, бір мамандықты игеріп, елге қызмет етсем деген ой төңірегінен туындаған. Сол жол оны жаңадан ашылып жатқан Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына жетелеп алып келді.     

Алғашқылардың бірі

Қай кезде де қоғамда денсаулық сақтау ісіне маңыз беріліп отыратыны белгілі. Елуінші жылдары елімізде дәрігерлердің жетіспейтіндігі айқын білінді. Сондықтан да Ақтөбеден медицина институтын ашу күн тәртібіне қойылды. Қолға алынған шаруаның ерекшелігі соншалық, бұған дейін қалыпты жұмыс істеп келе жатқан педагогикалық институты таратылып, студенттері өзге қалаларға оқуға жіберілді. Босаған ғимараттарда болашақ дәрігерлер дәріс алатын болды.

Жаңа оқу орнына ректор болып Қазақ мемлекеттік медицина институтының 1941 жылғы түлегі, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, соғыстан кейінгі жылдары Қызылорда облыстық денсаулық сақтау бөлімін басқарған, Алматыдағы медицина институтында оқытушы болған Алмағамбет Дайыров келді.

1957 жылы ашылған медицина институтына республикамыздың батыс өңірлерінен келген 224 жас жігіт пен қыз қабылданды. Солардың бірі — он сегіз жасар Тұрар Шерияздан еді. Ертеңіне үлкен арманмен ұмтылған жас өрендердің бойында ақ халат киіп, елге қызмет ету мақтаныш сезімі сол кезден оянған болатын. Сондықтан да алыс ауылдардан, шалғай мекендерден келген талапкерлер ұмтылыспен оқиды. Алайда мектепті қазақша бітірген түлектер үшін орыс тілінде оқу оңайға соқпаған-ды. Оның үстіне медициналық терминдердің қиындығы өз алдына. Содан да болар, арада алты жыл оқып, қолға диплом аларда 164 студент қана сапта тұрды.

— Ол уақытта қазіргідей емес, ауруханалар мен емханалар бейімделіп салынған үйлерде орналасқан. Ондай жағдайда санитарлық талаптардың сақтала бермейтіні белгілі. Соған қарамастан халықпен жұмыс істеуге белсене кірісіп кеттік. Сырқат жандарды емдеумен бірге, аурудың алдын алу, әсіресе тазалық сақтау тұрғысынан көп шараларды іске асыруға тура келді, — деп еске алады сол күндерді Тұрар аға.

Сол кездегі бірге институт бітірген жолдастары, яғни жас дәрігерлер сол қалпында әлі күнге дейін көз алдында. Олардың көпшілігі адал еңбектерімен халық құрметіне бөленді, биік белестерге көтерілді. Мәселен, Есенғос Мәмбеталин, Сембай Марданов, Абай Жанғабылов, Әбдікәрім Хамзин медицина ғылымдарының докторы атағын қорғап, профессор атанды. Қызыл Жаңабаев, Нәрікбай Әбсадықов, Үкіметалы Әлниязов жоғары оқу орындарында студенттерге дәріс берді, кафедраларға жетекшілік етті. Тағы бір курстасы Тұрғанбай Маханов институт бітірген соң Қызылорда облысына жолдама алып, облыстық аурухананың, медициналық орталықтың бас дәрігері қызметін атқарды.

Шалқар, Байғанин, Мұғалжар аудандарында бас дәрігер болған, ел құрметіне бөленген Жолдыбай Жүсіпов, Бақтығали Жазықов, Ереван Баймұхамбетов те соңдарына өнегелі із қалдырды. Разия Сарина, Әскербек Тұрышев, Мақсат Ұлықпанов секілді адам денсаулығын қорғау жолында алыстағы ауылдарға дейін күй талғамастан жүре беретін мамандардың орны бір бөлек.

2017 жылы институттың құрылғанына алпыс жылдық мерейтойы аталып өтті. Осы үлкен шара барысында Тұрар аға ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрді. Бұған оны бір жағынан оқу орнының алғашқы түлегі болуы міндеттесе, екіншіден, студенттік шақты бірге өткізген достардың тірісінің басын қосу, өмірден өткендерінің рухын тірілту, олардың артын түгендеу азаматтық парызы іспетті еді.

Елге қызмет — басты міндет

1963 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын жалпы санаттағы дәрігер мамандығы бойынша бітіріп шыққан Тұрар Шерияздан жолдамамен өзінің туып-өскен өңірі — Ойылға жіберіледі. Ол кезде қай жерде де маман кадрлар жетіспейді, сондықтан да болар, бірден аудандық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері етіп тағайындады.

Соғыстың зардабы бар, елдің әлі де оңалып, күш алып кете қоймаған тұсы. Киім жетіспейді, азық-түлік жағы да тапшы. Ел арасында жіңішке ауру аталып кеткен сырқаттың беті қатты болғанымен, елдегілер оған аса мән бермейді. Төсек тартып жатып қалмағасын сүйретіліп жүре береді. Оның қауіптілігі — жұқпалылығы. Сондықтан да ел бойынша үкімет дәрежесінде арнайы қаулы қабылданып, емдеу шараларына қатысты жобалар белгіленді. Соны дәрігерлер орындауы керек.

Бұл барғанша аталған диспансерді кейін КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі атанып, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған Зібира Ағзамова апа басқарған екен.

«Зібира апай маған қызмет ретін және емделушілердің хал-ахуалын таныстырды. Ұжым қызметкерлері болып апайға құрмет көрсетіп шығарып салдық. Емделушілердің арасында апайдың дәрігер ретінде беделі бар екені айқын білініп тұрды, олар топ-тобымен ризашылықтарын білдіріп жатты»,— дейді Тұрар аға сол күндердің суретін көз алдымызға қайта оралтып.

Жас басшы туберкулез диспансеріне қосымша құрылыс салуды қолға алып, сырқаттарды қабылдау мүмкіндігін 75 керуеттік ауруханаға дейін ұлғайтады. Емдеу орнына бу қазандығы орнатылып, су құбыры жеткізіледі. Жаңа құрал-саймандар, рентген аппараттары алынып, зертхана жұмысы жетілдіріледі. Ұжымға жаңадан Ж. Рахметова, Ә. Мерғалиев, Ы. Еділов, Қ. Нұрымгереев, А. Қисықов секілді дәрігерлер келіп, туберкулез сырқатын азайтуға өз үлестерін қосады. Соның нәтижесінде аз ғана уақыт ішінде туберкулезбен алғаш рет сырқаттанудың көрсеткіші екі есеге дейін азаяды.

Ойыл өңіріндегі он екі жылғы қызметі өз жемісін берді деп айтуға болады. Әсіресе, халық қауіпті дерттің алдын алу, оны болдырмау тұрғысынан біраз сауаттанып қалды деуге болады. Кейін диспансердің жабылуының өзі осындай жұмыстардың нәтижесі іспетті еді.

1975 жылы білікті дәрігер көршілес Темір аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметіне жіберілді. Мұнда да он жылдай еңбек етті.

Теміржол бойында орналасқан, бір жағы мұнайлы өлке атанған ауданның денсаулық сақтау саласында біраз өзгерістер орын алды. Емдеу орындарының материалдық-техникалық базасы кеңейтіліп, жұмысқа жас кадрлар көбірек тартылды. Кеңқияқ, Қайыңды, Теректі секілді тұрғындары баршылық ауылдарда дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Дала қостарында, қыстақтарда еңбек етіп жатқан механизаторлар мен малшы-шопандар дәрігерлік тексеруден тыс қалған жоқ, олардың денсаулығы бақылауда ұсталынды.

Білікті дәрігер одан кейінгі кезеңде ауданда санитарлық-эпидемиологиялық стансаның бас дәрігері болып ауру түрлерін болдырмау, тазалық сақтау бағытында жанды жұмыстар жүргізді.

Тұрар ағаның 1985 жылдан кейінгі еңбек жолы облыс орталығында жалғасты. Осында кәсіподақ қызметкерлері орталық комитетінің сенімді дәрігері, облыстық еңбек қорғау басқармасының бас маманы, міндетті медициналық сақтандыру қоры филиалының бөлім бастығы, «Әйгерім» клиникасы бас дәрігерінің орынбасары, медициналық жедел жәрдем ауруханасы емханасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына да қызметке шақырылды.

Өзі алғашқы түлегі болған М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің әлеуметтік медицина және денсаулық сақтауды басқару кафедрасының аға оқытушысы ретінде болашақ мамандарға тәлім-тәрбие беруін өмірдегі бір сәттілік деп біледі. Өйткені, бір кездері осы білім ордасы қабырғасында өзі де студент болып жүрсе, енді тәжірибесі толысқан, өмір мектебінен өткен шағында сондай жастарға бағдар берудің өзі бақыт емес пе?!

Шаңырақ шуағы

Тұрар ағаның шаңырағында қай кезде де бір жарасымды ахуал байқалып тұрады. Өзінің балалары өсіп кетті ғой, ал немерелерінің өзінің жүрген-тұрғаны білінбейді. Бәрі де сыпайы, үйге келген қонақты сәлем беріп қарсы алып, ілтипатпен шығарып салып жүргендері байқалады.

Ал соның бәріне Күләш апа өзі ұйытқы болып отырады. Өзі де денсаулық сақтау саласында ұзақ жыл қызмет еткен ол күні-түні қызметте жүретін ағамыздың оң жағынан табылып, үйдегі балалардың да жағдайын жасап үйренген адам. Ол кісінің медбике ретінде талай жанның сырқатының бетін қайтарып, көптің алғысын алғаны талай жерде айтылып жүр.

Негізінде әр әулеттің ежелден қалыптасқан, ата-бабадан бері тартылған жақсы үрдістері болады.

Бүгінде ақсақалдық жасқа жетіп отырғанымен Тұрар аға сонау көз ұшында қалған бала кезеңді жиі еске алады. Бір жарым жасқа келгенінде өмірден өтіп кеткен әкесі Шериязданның жарқын бейнесін қиялында көркемдеп, ойға берілетіні бар. Көз көргендердің айтуынша, әкесі шаруа, жұмыскер адам болған. Оның сыртында қол шеберлігімен айналаға танылған. Ағаштан ер шауып, домбыра жасайтын болған. Әдемі даусымен ыңылдап өлең айтатынын, домбырамен әсем саздарды шертетінін көргендердің өзі қазір дүниеден өтіп кетті.

Қазақтың баласы қай жерге барса да, алдынан «Кімнің баласысың?» деген сауал шығады ғой. Сондайда әкесінің көзі тірсінде көп құрметіне бөленіп жүргенін жиі естігендіктен бе, «Шериязданның баласымын» деп іштей бір мақтаныш сезімімен айтатын. Және біраз жұрттың әкесінің атын естігенде жылыұшырап, оң қабақ танытатыны есінде сақталып қалыпты.

Аяулы анасы Жамал азаматынан айырылған соң да отбасында отырып қалмады. Дүние есігін ашқан он шақты баладан аман қалған үш перзентін қатарға қоссам, бір қараға іліктірсем деп тірлік қылды.

Соғыстың сұрапыл да ауыр жылдарында колхоздың шаруасынан бір сәт қалған жоқ, ауыл белсенділері қалдырмайтын де еді. Өйткені, елдің бүкіл тіршілігі қарттар мен әйелдерге қарап қалған еді.

Бала Тұрар алдындағы екі апасы Мәрия мен Нұрыштың қанатының астында өсті. Күні-түні далада жүретін, үйге кештете бір оралатын ана мейірімі екібастан өзгеше. Асқар тау — әке болмағанымен Шериязданның шаңырағы сол кезде де өз шуағын жоғалтқан жоқ. Сол үрдіс кейін де жалғасты…

Ақ халатты абзал жандар отбасында тәрбиеленген  Азамат, Асқар, Талғат есімді үш перзент бүгінде өз қатарларының алды болып, ел ісіне араласып, көпшіліктің көз алдында қызмет атқарып жүр.

Баланың үлкені Азамат әке жолын қуды, мамандығы терапевт-дәрігер,  білікті маман, Ақтөбе қаласындағы әскери госпитальда бөлім бастығы, шені – подполковник.

Асқары – мемлекеттік қызметте, тәжірибесі мол, көпшілікке сыйлы, іскер азамат. Облыстың басқару органдарында көп жылдардан бері жемісті еңбек етіп келеді.

Талғаты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі болды, математика ғылымдарының кандидаты. Қазіргі уақытта заман талабына сай кәсіпкерлікпен шұғылданып, өзінің білімі мен білігін іскерлік ахуалында танытуда.

Күләш апаның мектебінен өткен келіндері Мөлдір, Лия, Гүлмира ене тәрбиесіне сай әдептілік танытып жүреді. Олардың абысын-ажын ретіндегі татулығына ағайындар дән риза.

Үш баладан өрбіген немерелер — Азат, Әйгерім, Айгүл, Гүлжанат, Аслан,

Жұлдыз, Әсел, Ақбота, Әсет тәрбиелі, тату-тәтті өсіп келеді. Олардың алды отау құрып, ата-әжелерін қуанышқа бөлеуде.

Біздің байқағанымыз, бір қолдың саласындай болып өркен жайып келе жатқан немерелер – Шерияздановтар әулетінің шаттығы.

* * *

Еңбектің бағалануы — адам үшін бір мәртебе. Тұрар Шерияздан — КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20, 25 жылдығы» мерекелік медальдарының, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалінің иегері. Ойыл, Темір аудандарының құрметті азаматы.

Жақында ғана облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолынан медицина қызметкерлері күні қарсаңында «Ақтөбе облысына сіңірген еңбегі үшін» атағы куәлігін алды.

Тұрар аға сексен жаста да ат үстінде. Медицина қызметкерлері бастауыш ардагерлер ұйымының жетекшісі ретінде әріптестерінің мүддесін қорғап, тыным таппай жүргені.

Иә, ол — табиғаты көпшілікке қызмет етуге жаралған жан.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button