Спорт

Дәрігерлер жеңіспен оралды

Олимпиада

Черногория мемлекетінде өткен медицина қызметкерлерінің  40-шы олимпиада ойындарында Қазақстан құрама командасы бірінші орынға ие болды. Команданың қатарында облыс дәрігерлерінен құралған «Авиценна» командасының капитаны, Ақтөбе медициналық орталығының нейрохирургі Руслан Қажғалиев бар. Дәрігер алған әсерін бізбен бөлісті.

Бұндай жарысқа Қазақстан құрама командасы екінші рет қатысып отыр. Бірінші рет Чехияда өткен әлем чемпионтына қатыстық. Өкінішке қарай, жүлдеге ие болғанымыз жоқ. Ал бұл жолы команда  чемпион атанды. Жарысқа бір апта қалғанда жан-жақтағы ойыншылар Алматыға жиналдық. Апта бойы  үздіксіз дайындалдық. Жалпы жарысқа 16 команда қатысты. Қатысушылардың барлығы тыңғылықты дайындалған. Франция, Польша, Бразилия, Норвегия елдерінен келген командалар өздерінің шеберліктерін көрсетті. Дегенмен біздің команда мықтылығын дәлелдеп, чемпион атанды, — дейді нейрохирург.

Елге жеңіспен оралған дәрігерлер дайындықты тоқтатпайды. Алдағы уақытта Алматыда, яғни  2020 жылы мамыр айында өтетін Достастық кубогына дайындалмақ. Бұл жарысқа әлемнің әр түкпірінен 15 команда қатысады. Ал Ақтөбедегі «Авиценна» командасы қыркүйек айында Алматыда өтетін «Нобель» кубогына дайындалып жүр.

Ақтөбе командасының капитаны Руслан Қажғалиевтің медицина саласында сегіз жыл еңбек өтілі бар. Оқушы кезінен жеңіл атлетикамен айналысқан дәрігер еңбек жолын бастаған кезде де спортты тастамапты. Қазір облыс дәрігерлерінен құралған футбол командасының капитаны жұртшылықты спортпен шұғылдануға шақырды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button