Әлеумет

Кім тыйым салады?

Осы жылғы 15 қаңтарда «Ақтөбе» газетінде жарияланған журналист Аманқос Орынғалиұлының «Өзі-өзі ұсынған депутат» атты мақаласында Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Қайырғали Арыстанғалиев: «Мәслихатта көп мәселелерді шешетін мүмкіндіктеріміз бар», – деп сенім білдіріпті.

Осыған орай депутаттар мен және зиялы азаматтардың назарына біздің қала базарларында шешілмей тұрған бір үлкен мәселені баяндайын.

Ол – адам құқығымен санаспайтын, тіпті, біздің ұлттық намысымызды аяққа басып, келешекке үлкен зиян келтіретін, саяси жағынан дәрменсіздігімізді көрсететін мәселе. Атап айтсақ, базарларда сатылатын өзіміздің ұлттық тағамымыз жылқы малының ең құнды бөліктерінің (қазы, қарта, жал-жая) сатылу тәртібінің, жылқы етін бөлшектеп-бөлу, жіліктеп бөлу дәстүрінің бұзылуы.

Біріншіден, қазыны ішегінен айырып, қағаздан жасалған қапқа салады. Қазыны ішектен айыруға кім рұқсат берді? Бұл ұлт байлығын, дәстүрін жою, сыйламау емес пе? Ал ішегіне, ұсақ-түйек ет салынған өтірік қазы айналдырып қояды. Ішегін сұрасаң, бермейді. Егер екі-үш қазы алсаңыз, ішегіне айналдырамыз деп базардағы барлық сатушылар бір ауыздан қақсап тұрып алады. Осындай құқықты оларға кім берді? Сауда этикасы, заңы, тұтынушылардың заңы қайда?

Әрине, қалтаңда 10 шақты мың теңге ақшаң болса, олардың сауалына көнесің. Онда да қазыны айналдыру процесінде әр қазының соңында қазыға жатпайтын омыртқаның бір үлкен бөлек етін қоса айналдырады.

Екіншіден, жаяға келетін болсақ, жаяны әрқайсысы 2,5-3 килограмнан кем емес үш-төрт бөлікке бөліп қояды. Әрине, оның бәрі жая емес, түсінетін адамға жартысы – жамбас ет. Алғың келсе, бір бөлігін түгел аласың, оған ақшаң болмаса, саған жая жоқ. Сонымен қатар жаяның әр бөлігінде құйымшақ пен бел омыртқаның үлкен бөліктері қосылып шабылады. Сонда үш килограмм жая алсаң, оның килограмы сүйек, килограмы жамбас ет. Сол сүйек пен жамбас етті жаяға қосып, 1200-1300 теңгеге сатып алуға халықты мәжбүр етеді.

Үшіншіден, жалға келетін болсақ, оған қосып мойын ет пен сүйекті қосып шауып қояды, оны да жал деп алуға мәжбүрсің. Аталған бассыздық саясаттан «бейбақ жеңдім, бейшара көндім» деген күн туады. Ұлттық байлығымызды аяққа бастырып қоюға неге көнуіміз керек?

Сенбесеңіз, базарларды аралап, аталған ұлттық тағамымызды, қазақ халқының ежелгі мақтанышы болып келген жылқы етін бұзу әдісін өз көзіңізбен көріп түсінсеңіз, қатты налисыз деп ойлаймын. Базар бастықтарының, сатушыларының мұрнына ұлттық намыстың исі мүлдем бармайтын секілді. Олардың ойларында тек ақша. Парықсыз, жетесіз ақша не әкеледі? Болашақта солай болса, біздің ұлттық мақтаныш етер тағымымыздың сапасына, оның түп тамырына балта шауып, қыршып тастаумен пара-пар әдістерді қолданып отыр.

Кім рұқсат берді? Кім тыйым салады? Мұны кім тексереді? Біз сондай дәрменсізбіз бе? Ішіміз күйеді. Бұл тек менің пікірім емес, жөн білетін қазақтың көкейін тесер мәселе екеніне көзім талай жеткесін жазып отырмын.

Ұлы орыс халқы өздерінің салосын сатқанда, шошқаның омыртқасын қосып сатпайды ғой.

М.НАЗБЕКОВА,

ұлтжанды зейнеткер.

Естелік

Талмай шапқан тарланым

Ерте заманда Ерқыз деп аталатын қасиетті өзенді орыстар Ырғыз деп бұрмалаған. Киелі осы өңірде Қапаз аға Еламанов дүниеге келді. Оның бүкіл ғұмыры ауыл мен аудан төңірегінде өтсе де, айрықша азамат еді.

Халқымызда «күн ортақ, түн ортақ, жақсы ортақ» деген қанатты сөз бар. Сол Қапаз ағаға қатысты ма деп қаламын. 1955-1959 жылдарда екеуміз  екі ауданда, ол – Ырғызда, мен – Қарабұтақта комсомол комитетінің бірінші хатшылық қызметін атқардық. Қанаттас жатқан екі ауданның тың шаруашылықтарында кездесіп қалсақ, туған ағамды көргендей қуана құшақтайтынмын. Кейін мен облыс орталығына қоныс аударғанда Қапаз ағамен Ақтөбеде жүздесіп тұрдық. Ол зейнеткерлікке шығып, осында көшіп келген соң қарым-қатынасымыз тіпті жиілей түсті. Кейде әңгімеміз екі-үш сағатқа созылатын. Мен – тыңдаушы, ол – айтушы. Пікірлесіне тың ой тастап отыратын. Өзінен бірер ай кішілігі бар азаматтарды аузына алғанда бейне бір туысындай «пәленшежан», «түгеншежанды» қосып айтатын-ды. Таныстығымызға жарты ғасырдан асты ғой, кейде атын атауға тұрмайтын адамдардың көпшілік көрмеген жағымды жақтарын көріп, сонысын тілге тиек етіп, жамандыққа қимай отыратын.

Сөз бен істің бірлігіне тағы бір дерек, 1960 жылдардың басында Қапаз аға тыңдағы Северный орыс-қазақ орта мектебінде директор болды. Бұл уақыт тың шаруашылықтарының төрт аяғынан тең басып тұрмаған қиын тұстары болатын. Соған қарамастан ол педагог-ұстаз ретінде осы салада өзгелерден озық тұратынын танытты. Жергілікті партия, кеңес  және шаруашылықтардың көзін жеткізіп, кеңшар директорынан жер және ескірген техника сұрап алады. Ондаған гектарға бау-бақша, бидай, тары, жүгері, басқа да дақылдар егеді. Оны мұғалімдер мектеп оқушыларының күшімен атқарады. Бір ғажабы, оқушылар өсірген өнімдердің шығымдылығы кеңшардағыдан анағұрлым артық болғандығы аудандық газетте, «Қазақстан мектебі» журналында жазылады. Тіпті, мектеп жанында үй қоянын өсіру, техника жөндеу, киім тігу цехтары, сатушысыз коммунизм дүкені, тегін тағам асханасы жұмыс істеді. Осы шараның бәрі пәндік сабақтың практикасы ретінде өткізілді. Мектеп бітіргенде балалар әр саланың дайын мамандары болып шықты. Сол кезде осындай іс-қимылдарды жүзеге асырыңдар деген жоғарыдан нұсқау да болмаған, бюджеттен қаржы да қарастырылмаған. Бәрі Қапаз ағаның жеке бастамасы мен творчестволық ізденісінің нәтижесі.

Ол осындай жасампаз бастамаларды Ырғызда аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, жауапты хатшысы болғанда да жалғастырды.

Ол: «Жазылмаған ой – жоғалған қазына», – деп отыратын. Ойындағысын бұқаралық баспасөзге жазатын немесе кітап етіп шығаратын. Зейнеткерлікке шыққан он жылдың ішінде Ақтөбе, Алматы, Атырау баспаларынан 9 кітап шығарған, олар – «Ырғыз», «Шаңырақ пен Пырақ», «Даналық сөздер», «Шежірелі өңірдің» І, ІІ томы, «Сенім», «Ұстаз аға», «Абзал аға», «Ұстазым менің» повестері. Бұдан басқа газет-журналдарда жүзден астам мақала, толғаулары жарық көрген.

Қапаз ағаның қолында, Бұзаубай айтқандай, жүйрік аты – ұтымды ойы, ұшқыр сөзі, сүйсе сүйгендей – ұл-қызы, немерелері, әжептәуір күйі – зейнетақысы, қаймақ құйған ақ құйрық қызыл шайдың ажары да базары – жарқылдап жүретін Бибізада жеңгеміз болды. Қапаз аға шын мәнінде бақытты адам болды.

Бір ойшыл: «Өмірде сені еске алатын бір адам қалуы керек», – деген екен. Қапаз ағаны еске алушылар қатары жүздеп, мыңдап табылары сөзсіз. Солардың бірі – әрі рухани інісі, әрі әріптесі, әрі осы жолдардың иесі – мен…

Тұрғанғали ЖОЛБАСҚАН,

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Пікір

Ұлттық  өнімдер тасада қалмасын

Еліміз алғашқыда нарық заңына ілесе алмай, абдырап қалса да, кейіннен ес жиып, бұдан шығар жол таба білді. Содан бері мемлекетіміз даму, өркендеу жолында келеді.

Іргелі еліміздің іргетасы беки түсуі үшін Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуымыз керек. Өйткені бұл ұйым – әлемнің 150-ге жуық мемлекетін біріктіріп отырған халықаралық сауда-саттық  ұйымы. Егер де бұл ұйымға мүше болсақ, өнімдеріміз сыртқы рынокқа шығып, тауарларымыз шетелдіктермен бәсекеге түсіп, сапалы өнімге қол жеткізер едік…

Әрине, сыртқы рынокқа шығу үшін өз тауарларымыз болуы керек. Ол үшін атам қазақ тұтынып келе жатқан мал өнімдері, оның ішінде ұлттық тағамдарымыз – қымыз, шұбат, айран, қаймақ, құрт, ірімшік сияқты өнімдерімізді сыртқы базарға шығаруымыз қажет.

Ал ұлттық тағамдарымыз шетел мойындайтындай болуы үшін жаңа технологиялар енгізу арқылы өндіріліп, халықаралық сапа стандарттарына жауап беретіндей дәрежеде болуы шарт.

Тағы да бір мәселе, құлағымыз үйрене бастаған кластерлік жүйе, яғни төрт түлік малымызды кластерлік жүйемен дамытуға кең мүмкіндіктер ашуымыз керек. Мысалы, бір бас малдан адамға пайдалы неше түрлі өнімдер алынатынын ескерер болсақ, ұтылмайтынымыз анық. Сондықтан әлемге өз ұлттық өнімдерімізді ұсынамыз десек, басқа бір затты ойлап шығарудың қажеті шамалы. Алдымен осындай қолымызда бар байлығымызды ұқсата алсақ, соның өзі бізге жетіп жатыр.

Иә, Үкіметіміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болудың нақты жолдарын ұсынуда. Бірақ бұл ұйым кіріп-шыға салатын жай ұйым емес. Сондықтан да асықпай, аптықпай, алды-артымызды бағамдап, ұйымға үлкен дайындықпен кіруіміз керек. Асыққанның салдарынан Қырғызстанның қандай жағдайға душар болғанын көріп отырмыз.

Сөзімнің тобықтай түйіні, Үкімет ұйымға кірер алдында бір жайтты, яғни ұлттық өнімдеріміздің тасада қалмауын әрдайым есте ұстаса екен…

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ,

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты

тарих факультетінің ІІ курс студенті.

Алғыс

Спортзал қайта жөнделді

Ел ертеңі өскелең жас ұрпақтың терең білімі мен өнегелі тәрбиесінің негізі мектеп қабырғасынан қалыптасады. Ақтөбе облыстық қазақ-түрік лицейі – 1993 жылы ашылып, заман талабына сай терең де сапалы білім беретін оқу орындарының бірі. Лицей оқушылары Қазақстанның әлемдік зерделілік нарығында бәсекелестік таныта алатындығын толық дәлелдеп келеді. Төрт тілде – қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде білім беретін бұл оқу орнының оқушылары 15 жыл ішінде түрлі халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 225 жүлдеге қол жеткізіп, ел намысын абыроймен қорғады.

Бір қынжыларлығы, осы уақыт ішінде  лицей оқушылары үшін спортпен шұғылданып, денсаулығын нығайтатын орын – спортзалы болмаған еді.

Былтыр облыстық бюджеттен 98 млн. теңге қаржы бөлініп, лицейге жапсарлас ғимарат – спортзал, акт залы құрылысы басталды. 2008 жылдың 1 қыркүйегінде облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қатысуымен жаңа кешен салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді.

Оқу жылы барысында, яғни қараша айында спорт кешенін салған құрылыс компаниясы тарапынан жіберілген кемшіліктері салдарынан осы қосымша ғимараттағы жылу жүйесі тоқтатылып, оқушылардың дене тәрбиесімен шұғылдануына қиындықтар туғызды. Оқушыларды салауатты өмір салтын қалыптастырып, тәрбиелеудегі маңызы зор іске облыстық қаржы полициясы тікелей араласып, осы мәселені қолға алды. Мамандарды шақырып комиссия құрып, құрылыс компаниясының жіберген кемшіліктерін дәлелдеп, олқылықтарды жөндеуге уақыт берді. Құрылыс компаниясы жіберген кемшіліктерін түзеу үшін уақыт оздырмай жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Біздер – лицей ата-аналары – облыстық қаржы полициясының жүргізген жұмыстарының нәтижелі болғанына көз жеткіздік. Мемлекет қаражатының орынды жұмсалуын қадағалап отыратын облыстық қаржы полициясына лицей оқушыларының ата-аналары атынан алғысымызды білдіреміз.

Г. МАМБЕТАЛИНА,

лицейдің ата-аналар комитеті төрайымы.

Көзқарас

«Тәрелке» тамырыңнан айырады

Бүгінде екінің бірінде «тәрелке» деп аталатын спутниктік қондырғы бар. Әрине, «дәулетіне қарай сәулеті» дегендей, қажет-ақ болар. Соңғы уақытта үлкендер жағы теледидарға таласып, сосын әр бөлмеге бір теледидар қойғызғанын айтып мәз болысады. Бұндай жағдайда мәз болудан гөрі мән беруге көшу абзал.

Мүмкін, мен де қолыма қалам алмас па едім… Жақында 4-сыныпта оқитын жиенім Дамир біреу үйреткендей: «Ата, осы сен айтатын қазақ батырларын біз неге теледидардан көрмейміз? Ешкім Алпамыс батыр немесе Ер Тарғын болып ойнамайды ғой», – дегені. Осыдан соң мен  жауап беруден гөрі, көпшілікке ой тастасам деген ойда қалдым.

Аты да заты да түсініксіз Бетман, Терминатор немесе Өрмекші-адам тәрізді құбыжық бейнелердің бүлдіршіндер санасына кірігіп, жаулағаны соншалық, балалар өзара ойнағанда, эпостық жырлардағы батырларымыздан бұрын «мынау – Бетман, мынау – Терминатор» дегенін естігенде, бармақ тістейсің.

Көшеде бір топ бала ойнап жүрсе де, айтатындары –  шетелдің өтірік өлмес кейіпкерлері. Өзгеге еліктеуге бала кінәлі де болмас.

Сіз бен біз немеремізге батырлар жырын қанша оқып берсек те, көгілдір экраннан күнде көрмегеннен кейін, олар қайдан ғана «атамыздай батыр боламыз!» деп айта қойсын.

Қарап отырсақ… сол көп каналдардан көз алмайтын бүлдіршіндердің көретіндері – кәдімгі аты өшкір «ужас» фидьмдерден аумайтын қимылға түскен қуыршақтардың ойыны да, ойы да бізге жат көріністер. Осындай фильмдерді көре отырып, баланы жастан қолға алған ұлттық тәрбие қандай еді деп еріксіз ойға қаламыз.

Рас, біз өзіміздің қайнарымыздан қол үзіп қалдық. Ер Төстік, Тазша бала, Алдар көсе, Аяз билер қараңғы халықтың еріккен кезде ойдан шығарып айта салатын ермегі сияқты болды да қалды. Тарих та, мәдениет те, философия да, әдет-ғұрып пен салт-дәстүр де тура сол ауыз әдебиетінде жатыр емес пе? Қадірін білген адам болса, мультфильмнің де басқа фильмнің де ашылмаған кенін тап сол арадан табар еді. Кезінде Әмен Қайдаровтың түсірген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», Нұрғиса Тілендиев музыкасын жазған «Ақсақ құлан», «Қаңбақ шал», тағы басқа да мультфильмдер баршылық. Бірақ қазақ мультфильмдерін жоқтап жүрген жанды байқамадым.  Соңғы кезде «Қазақстан» телеарнасы «Еркетай» бағдарламасымен балаларды өздеріне баурап келеді. Бір әттеген-айы – сенбі-жексенбі күндері таң сәріден отандық телеарналар шетелдік мультфильмдерді көрсетуге бой алдырып отыр.

Қазір балаларға арналған шағын дүниелердің өзіне соншалықты мән беріп, жауапкершілік танытып жүрген кім бар? Керісінше, мультфильмді менсінбей, оған майда-шүйде деп қарайтын секілді. Менің ойымша, қазір біз бұл мәселеде қаржыдан гөрі, немқұрайлылық басым секілді.

Көп каналды көгілдір экран балаларды қайда бастап барады?..

Бақыт ИМАШЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қарғалы ауданы.

Өтініш

Жаңа пошта кеңсесі ашылса…

Кеңқияқтың Шұбарши елді мекені төрт түлік малға толы, шөбі шұрайлы. Бір кездері «Кеңқияқ» кеңшары республика бойынша бірнеше рет социалистік жарыстың жеңімпазы атанды.

Шұбарши мекені 1960 жылдан бастап мұнайлы өлкеге айналды. Халық саны көбейіп, халыққа қызмет көрсету мекемелері ашылып, құрылыстар салына бастады.

Осы мекен-жайда сегіз мыңдай халыққа қызмет көрсетіп, газет-журналдар мен зейнетақы тарататын пошта бөлімшесі бұрынғы  мұнай барлау мекемесі клубының бір бөлмесінде жұмыс жасап отыр. Бөлме тар. Он шақты адам сыйыса алмайды. Біздің өтініш – Шұбарши бөлімшесіне өскелең заман талабына сай пошта кеңсесін салып берсе, халыққа қызмет көрсету жоғары деңгейде болар еді… Бұл мәселені шешу, сірә, облыс халқын газет-журналдармен қамтамасыз етіп, шалғай ауылдарға хаттарды жеткізіп отырған «Қазпошта» АҚ-ның Ақтөбе филиалының құзырында деп ойлаймыз.

Ал ауыл ақсақалдарының ермегі де сол газет-журнал ғой. Өзім облыстық «Ақтөбе» газетін 1993 жылдан бастап үзбей жазылып оқимын.

Қазақ халқы егемендік алып, дербес мемлекет болғанымызға – 17 жыл. Халқымыздың әл-ауқаты жылдан-жылға көтеріліп, өз болашағына сеніммен қарайды. Бұл Елбасының әділ де кемеңгерлік саясатының нәтижесінде жүзеге асып отыр. Халықтың мәдени талғамы жоғары дәрежеге көтерілуде. Сондықтан да біздің Шұбарши елді мекенінде жаңа заман талабына сай пошта кеңсесі салынатынына сенемін.

М.ОРАЗЫМБЕТОВ, зейнеткер.

Әсер

Кездесуден соң…

Жақында №36 мектеп ұжымында кездесу өтті. Біздер – қасымдағы жолдасым Асқар қажы екеуміз үздік оқитын, озат оқушыларға жүлде тағайындап, жар құлағы жастыққа тимей жүрген Базаркелді Ертуғанға, кездесуді ұйымдастырған мектептің мұғалімдеріне ризамыз.

Төлегеннің өлеңдерін қысылмай, қымтырылмай, саспай оқыған оқушыларға өркендерің өссін дейміз.

Өрендер ортада бір емес, жүз Төлеген болып өнерлерін көрсеткенде, өткен замандағы қазақ зиялысы, ақын біртуар ұлдары тіріліп келіп сайрап тұрғандай әсер қалдырды.

Асқар қажы ӘБІШҰЛЫ,

Сағызбай КЕНЖЕБАЙҰЛЫ.

Ұсыныс

Әркім шамасына қарай

Облысымызда таза ана тілінде шығатын жалғыз газет болғандықтан түрлі құттықтау, еске алу, көңіл айтулар «Ақтөбе» газетіне әкелінеді. Бәрі дұрыс қой, ата-анасын, туған-туысын, жегжат-жұрағатын туған күндерімен құттықтау не болмаса жақын-жуығының басындағы қайғысын бөлісу – қазақы табиғатымызға тән қасиет. Біреулер осы құттықтау немесе көңіл білдірулерін өлеңмен жеткізгісі келеді… Қош дейік. Дегенмен құттықтау, еске алулардағы «Өлеңдерді» оқи қояйын десең, түсінбей қиналасың.

Абай айтпай ма:

Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Жанға жайлы, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, – деп, яғни сол заманда да  өлеңнің ойқы-сойқысы кездескен ғой. Ал қазір…

Кейбір еске алуларда «жатқан көрің жарық болғай» деп жатады. Көр сөзі қазақта жақсы мағынада айтылмаған. Мысалы, «Көріңде өкіргір!» деп қарғайтыны бар. Сондай-ақ, мола сөзі де қатқыл сөзде қолданылғандықтан көбіне бейіт, қабір деп жататындығымыз сондықтан. «Америка ашудан» аулақпын, бұл қазақтың тіл орамында атам заманнан бар сөздер.

Содан соң өлең дегенің – Алланың нағыз ақынға жіберген сыбаға-сыйы. Сыбаға-сыйды сұрап немесе тартып алған қазақты кім көріпті? Сондықтан өзіңе де, құттықтап отырған адамыңа да түсінікті болу үшін қазақтың жалпақ тілі, қара сөзімен-ақ біраз ойыңды жеткізуге болмас па!?

Келесі айтпағым, газетке жолданған материалдардағы адамның аты-жөніне қатысты. Тым жақсы қазақы аты-жөнді қай ұлттың адамы екенін айырмастай күйге келтіреміз. Баяғы еліктеу-солықтауымыздың кесірі ме, түсініксіз… Ағайын-ау, аты-жөніміз, керек десеңіз, біздің ұлттық, азаматтық паспортымыз емес пе?! Грузиндерді «ия», «швили», армяндары «ян» арқылы айыратын болсақ, қазақ та «Бисенбайұлы», «Жалмұқанбетұлы» болып жарқырап тұруы керек-ақ. Қазақ тілі жөніндегі мәселені әр адам өзінен бастаса, құба-құп болар еді.

«Бұқараның» тұрақты оқырманы.

Базар

Алаяққа жем болмасын деймін

Жақында Ақтөбенің базарына бардым. Сонда көргенімді баяндайын: халық базарға шалғай аудандардан көлік жалдап, малын үсіп-тоңып алып келеді. Бар қызық осы жерден басталады. Қалаға әзер дегенде әкелген малдарын жергілікті жердің алаяқтары әрі итеріп, бері жығып, көз түрткіге салады. Ақыры, мал сатам деп келгендер екінші жексенбі күні амалы құрып, сол алаяқтардың сұрағанына беріп кетеді екен. Олар ет павильондарына, тағы басқа әр жерлерге қымбатына сатады.

Ал маңдай терін сыпырып баққан малын бір керегіне жаратам деп өліп-талып көлік жалдап, түу Ырғыздан бес жүз шақырымнан қалаға келгесін, оны қайта қалай алып кетсін? Алып кеткен күнде, ол мал болмайды, есесіне екі есе шығынға ұшырайды. Амалы таусылған шаруа сол алаяқтарға арзан қақына беріп кетеді.

Осындай ауыл тұрғындарына жаны ашып жатқан адам көрмедім. Алаяқтарға кім тосқауыл бола алады?

Қоғамдық тәртіпті қадағалайтын орын қызметкерлері базар басына мал алып келген машинаны бақыласа, алаяқтар аяғын тарта жүрер еді.

Мен көзіммен көргенімді айтып отырмын. Екі-үш мал иелерінен сұрағанымда, біреулері Ырғыздан көлік жалдап, біреулері Ойылдың ар жағынан келгендерін айтты. Ауыл халқы алаяқтарға алданып қалмасын деймін. Расында да бұл жағдайға қоғамдық тәртіпті қадағалайтын орындар көңіл аударар…

Досмырза ҚАРМАНОВ,

зейнеткер.

Мәселе

Ала дорба алдыңызға неге түсті?

Уақыт бір орнында тұрмайтыны – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Осыдан аз ғана уақыт бұрынғы  ел басына түскен қиындық бұл күні көрген түстей ұмыт болды.

Иә, бәрі-бәрі өтті, қап арқалап, тәшкі сүйреген күндеріміз де, зейнетақы мен еңбекақымызды ала алмай сарсылған сан апта да… Тіпті, ол кезде  ел саясатының өзі өзгеше еді. Кейінірек халық аузында «прихватизация» аталып кеткен жекешелендіру де  сол кезде жер-жерде қалған ғимараттарды, басқа да жылжымайтын мүлікті қолында қаржысы бар адамдарға сатудан тұрды. Әрине, қиын кезеңді пайдаланып қалтасын қалыңдатқандар да кездесті. Бірақ сол кездің саясатының дұрыстығы мынада – бәрібір Қазақстанның аяғынан тік тұрып, еңсесін көтеретінінен үміт үзбеген ел басшылығы  қара басын күйттеп кеткен халыққа салмақ салмауды ойлап, әлгіндей нышандарды жекенің қолына берген. Әрине, өз жеке дүниесіне қарағандай қарайтын шығар деген үміт те болған…

Сол кездің дүмпуімен  іске асатын ғимараттарды жекеге айналдырып алған азаматтар біздің ауданымызда да бар. Дұрыс делік.

Бірақ арада өткен он бес-он алты жылда сол нысандарға бір тиын қаржы салмаған сол азаматтар қазір ауданның  бюджетінде оларды сатып алуға қаржы табылғанда қасарысып бермей отыр.

Өтесін Өтепбергенов деген алғалық азаматты тек аудан ғана емес, облыс тұрғындары да біледі. Кешегі қиын кезде тек бір-екі  ғимаратты ғана емес, бүтін бір ауылды қиындықтан алып шыққан нар тұлға соңғы бір-екі жылдықта  ауыл үшін маңызы бар нысандарды аудан балансына қайтарып жатыр. Балабақша үйі, Мәдениет үйі аудан балансына өтті. Әрине, тегін емес, бірақ кешегі қиын кезде  құлатпай ұстап қалған да сол азамат емес пе?

Ал басқалар туралы дәл осылай дей алар ма екенбіз?  Болгарка ауылының Мәдениет үйіне бір кірпіш қаламаса да, атасының құнын сұрап А.Бошков мырза отыр.

…Бұл тек аталған азаматтарға байланысты ғана  әңгіме емес. Ауданда осындай байшыкештер  баршылық. Дүниенің малы ешкімге де серік болмайды, өз қоржының толса, елге де ептеп қарасып қойған дұрыс-ау. Ала дорба алға түскеннің несі жақсы дейсіз?!

Күңкілдеген Шара ЕЛЕУСІЗ.

Оқырман хаттарын топтастырған Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button