Мәдениет

Концерттік маусымның жабылды

Өнер орталығында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 74-концерттік маусымының жабылуына арналған Гала-концерт өтті.

Әуелі сахнаға шыққан ҚР Мәдениет саласының үздігі Бақытбек Зейнелов жетекшілік ететін «Достық сазы» мен ҚР Мәдениет саласының үздігі Мадина Қабижанова басшылық ететін «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамбльдері «Көроғлы» күйін тартып, оның соңын аспаптар шеруіне жалғады. Одан әрі кешті күйші, қазанғаптанушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ж.Асылханов Есбайдың «Терісқақпай» күйімен әрледі.

Ал ҚР мәдениет қайраткері Нұрлыбек Жұбатқан жетекшілік ететін «Екі езу» сатира театры көрерменге «Ревизор» қойылымын ұсынды.

Бұл кеште ҚР еңбек сіңірген қайраткері Д.Ғылымов жетекшілік ететін А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі М.Қабижанованың дирижерлігімен өнер көрсетті. Республикалық «Жібек жолы» байқауының Гран-при иегері Нұртас Омаровтың хордың сүйемелдеуімен орындаған Кенен Әзірбаевтың «Көкшолақ» әнін де жұрт сүйсіне тыңдады. Оркестр әлемдік кинофильм әуендерінен попурри орындап, кеш көрігін одан әрі қыздыра түсті.

М.Құспанов жетекшілік ететін Қазақ камералық хор ұжымы сахнаның сәнін келтіріп, өнерлеріне тәнті етті. Үздік солистердің бірі Серік Жұбатқан домбырамен халық әні «Самал тауды» нәшіне келтіре шырқап, көрермен ықыласына бөленді.

Ал Мәмбетовтер отбасының ұйымдастыруымен «Аққу» би ансамблі көпшілік назарына тағылымы мол, өнегесі зор «Ене тәрбиесі» би қойылымын ұсынды. Мың бұрала билеген бишілердің қимыл-қозғалысына тіл біткендей, ене мен келіннің қарым-қатынасы қандай болу керектігін ұқтырды.

Сондай-ақ, бұл кеште Лилия Аралбаева жетекшілік ететін «Саз» балалар студиясының бүлдіршіндері ән салып, жұрттың жанын жадыратты. Қазақтың заманауи ән өнерін биікке көтерген композитор Бейбіт Оралұлының шығармашылық орталығының әншілері — Ә.Шәкір, Ә.Жұмағалиева, Б.Балмағамбетова, А.Аминова, С.Бегіман әсем әнімен көтеріңкі көңіл сыйлады.

Әлем таныған әнші Димаш Құдайбергеннің ұстазы — Мәскеуде Кремль сахнасында ән салған, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов А.Дементьевтің өлеңіне жазылған Е.Мартыновтың «Лебединная верность» әнін тамылжытса,  әншілер Ж.Нұрқасымова, Н.Омаров, М.Сапарова, Е.Дүйсеев Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай өткізілген республикалық  ән байқауында

Гран-при сыйлығын жеңіп алған О.Байсеңгірдің өлеңіне жазылған М.Жанғазының «Құтты мекен — Ақтөбе» әнін орындап, көрермен көңілін бір серпілтті.

Әли Ермекбаев жетекшілік ететін камералық оркестрдің сүйемелдеуімен Н.Оразов орындаған әнді көрермен қосыла шырқады.

Кеш соңында камералық оркестр сүйемелдеуімен ҚР Мәдениет саласының үздігі Ж.Нұрқасымова, республикалық байқаулардың лауреаттары Ө.Сағиев, М.Сапарова, А.Құттығия Т.Бердіғұловтың «Байлығым, бақытым — Қазақстан» атты шығармасын орындады.

2018-2019 жылдар аралығындағы концерттік маусымның үздік нөмірлері ғана орындалған әдемі кеште облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев сөз сөйлеп, кеш соңында Ақтөбе облысы әкімі атынан ықылас гүлі сахнаға әкелінді.

Филармонияның 75 жылдығы осы жылдың қазан айында кең көлемде арнайы атап өтілетіндігін естіген жұрт ұйымдастырушыларға ақ тілегін айтып тарқасты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button