Әлеумет

Жәрдемақы мөлшері артады, портал іске қосылады

1 шілдеден бастап елімізде әлеуметтік қызметтер порталы пилотты түрде іске қосылды. Аталған жоба алғаш рет Ақтөбе қаласында жүзеге асырылмақ.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпованың айтуынша, 2019 жылдың 1 шілдесінде порталдың бірінші кезеңі іске қосылады, онда адам әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымды таңдай алады. Ең алдымен бұл жоба Ақтөбе қаласында қолданысқа енгізіледі.

—  Елімізде отбасыға кешенді көмек көрсететін цифрлық шешімдер өте көп. Әлеуметтік карта бұл жобаларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Ақтөбе облысы E-halyk ақпараттық жүйесін жүзеге асыруға дайын екенін көрсетті. Аталған факторларды ескере отырып, Ақтөбе облысы мақұлданды, — деді С.Жақыпова.

Оның айтуынша, пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылса, қараша-желтоқсан айларында портал Қазақстан бойынша толық іске қосылады. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарында портал мүлтіксіз жұмыс істеуі қажет.

— Әлеуметтік қызметтер порталын іске қосу үшін бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу қажет. Бұл түзетулер дайын тұр. Әсіресе, жыл соңына дейін мемлекеттік сатып алулар туралы, мүгедектерге әлеуметтік көмек туралы заңдарға өзгерістер енгізу қажет. Қазір мемлекеттік органдармен келіссөздер жүріп жатыр, — деді вице-министр.

Айта кету керек, әлеуметтік қызметтер порталы мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға арналған техникалық құралдарды сатып алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға тағайындалатын жәрдемақы мен бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім көрсететіндерге берілетін жәрдемақы көлемі өсіп отыр. Нақтылап айтқанда, жәрдемақы мөлшері 29 698 теңгеден 41 578 теңгеге дейін артады.
Бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,05 мөлшерінде, яғни 31 183 теңге жәрдемақы алады. Айта кетсек, Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі — 29 698 теңге.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, 1 шілдеден бастап техника және басқа сала қызметкерлерінің, барлығы 643 407 қызметкердің жалақысы 30 пайызға артады. Бұлар — әлеуметтік қызметкерлер, кітапханашылар, орманшылар, мал дәрігерлері, тазартқыштар, техниктер және т.б.

Сонымен қатар елімізде 78 мың әкімшілік мемлекеттік қызметшінің жалақысы көтеріледі. Олардың қатарында сарапшылар, жетекші мамандар, бас мамандар бар.

«Егер бас маманның орташа айлық жалақысы 84 мың теңге болса, қазір ол 100 мың теңгені құрайды. Қосымша сұраныс 76,5 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 2019 жылға 15,3 млрд теңге», — дейді Р.Даленов.

Айта кету керек, осы айдан бастап Қазақстанда ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалақысы да көтеріледі. Атап айтсақ, патрульдік полиция қызметкерлерінің жалақысы 65 пайызға, жедел-тергеу құрамы қызметкерлерінің жалақысы 55 пайызға, учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың жалақысы 25 пайызға, қалған қызмет өкілдерінің жалақысы 20 пайызға артады.

Сондай-ақ 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан ішкі істер министрлігіне қарасты тіркеу-емтихан бөлімі өз жұмысын тоқтатады. Бұл бөлімнің қызметін «Азаматтарға арналған үкімет» атқаратын болады.

Интернет материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button