Білім

Оқу жылы қалай аяқталды?

Есеп беру

Жақында Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясында облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева оқу жылының қорытындысына байланысты халық алдында есеп берді. 

Шараға облыс тұрғындары, мәслихат депутаттары, қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшылары, ардагер ұстаздар, т.б. қатысты.

Жиында сөз алған Л.Оразбаева бұл басқосудың Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасына орай ұйымдастырылғанын жеткізіп, өткен оқу жылында атқарылған жұмыстар мен жаңа оқу жылындағы басым міндеттер туралы баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, облыстың білім беру  жүйесіне  үлкен қолдау көмек көрсетілетіндігі соншалық — бұл көмектің көлемін басқа салалармен

са­лыстыруға да келмейді. Бөлінген қаражат көлемі — облыс бюджетінің 40 пайызы.

Қазір облыста 537 мектепке дейінгі ұйым, 399 мектеп, 44 кәсіптік-техникалық және 47 қосымша білім беретін мекеме бар.

Облыста мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесін арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Облыстағы  537 мектепке дейінгі білім беру ұйымында  50 149 балапан тәрбиеленіп жатыр. 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшалармен қамту — 72,6 пайыз, ал 3-6 жас аралығындағы балдырғандардың көрсеткіші —  98,8 пайыз.

Бүгінгі күні облыста мектепке дейінгі ұйымдарда атаулы әлеуметтік көмек алатын балалардың тамақтануы үшін 70 пайыздық жеңілдік төлеу мәселесі шешілген. Аталған санаттағы балалардың тамақтануына жергілікті бюджеттен 120 млн теңге қарастырылыпты.

Дегенмен қазіргі таңда жергілікті жерлерде ережеге өзгерістер енгізу, жеңілдік берілетін категорияларды анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуіне байланысты жеңілдікті жүзеге асыру кешіктіріліп жатыр, — дейді басқарма басшысы.

Есепті кезеңде 103 266 (72,6 пайыз) оқушы   жаңа білім беру мазмұны бойынша білім алған. Жаңа оқу жылынан бастап 4, 9, 10-сыныптар жаңартылған білім бағдарламасына көшіріледі.

Оқушылар мен колледж студенттерінің тәртіп мәселесі де айтылды. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар: 2018 жылдың 5 айы – 98 жасөспірім, 2019 жылдың 5 айы – 59 жасөспірім.          Оның ішінде мектеп оқушылары — 20 (-33,3 пайыз), колледж студенттері — 35 ( -22,2 пайыз).

Былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылған мектеп оқушылары — 30, колледж студенттері — 45.

Міндетті мектеп формасы талаптарын орындамаған  8 оқушының  7-еуі сыныптан сыныпқа көшірілмепті.

Жиында басқарма басшысына  көптеген сауалдар қойылды. Олардың дені балаларды мектепалды даярлық тобы мен 1-сыныпқа қабылдауға байланысты сұрақтар болды.

   Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 (Оқу жылының қорытындысы туралы материалдың толық нұсқасын газетіміздің келесі нөмірінен оқи аласыздар).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button