Спорт

7 мың жанкүйер күткен жеңіс

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Ертіс» — 2:1

Ақтөбеліктер тағы да Қазақстандағы ең адал жанкүйерлер екендіктерін дәлелдеді. 16-турдағы алты кездесуге барлығы 25 800 адам (әр кездесуге орта есеппен 4300 адам) келсе, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионға 7000 жанкүйер жиналды.

Ал тур нәтижелеріне келсек, «Астана» «Қайраттан» ұтылып қалды. Қатарынан алтыншы рет жеңіске жеткен «Тобыл» бірінші орынға шықты. Шымкентте «Қайсардан» ұтылған «Ордабасы» 3-орыннан 4-орынға сырғыды.

Бұл жолы өз алаңымызда өткен кездесуде «Ақтөбе» тағы да аянбай тер төкті. Расы керек, тіпті бірінші таймда қақпамызға гол жіберіп алғанымызға қарамастан біздің ойыншылардың басымдығы анық байқалды. Әйтсе де алма-кезек шабуылдарға толы текетірестің алғашқы нәтижесі қонақтардың пайдасына шешілді. 10-минутта Карлос Фонсека сол қапталдан көлденеңдете тастаған допты қақпаға ентелей келіп қалған Тимур Мульдинов ойланбастан тепті де, нысананы дәл көздеді — 0:1.

Бұдан соң алаң иелері шабуылдарды үдете түсті, допты үнемі бақылауда ұстады. Әттең, гол соғудың орайы келмей шаршатты. Тура қақпа алдына барып қалған футболшыларымыз әйтеуір әлденеден қателесе берді.

Екінші таймда да жерлестеріміздің осы қарқыны бәсеңдеген жоқ. Оның үстіне оларды стадион толы жанкүйерлеріміз тынымсыз қолдап отырды. Сөйтіп жүргенде есепті теңестірудің сәті түсті. 68-минутта алаңның орта шенінде жүрген Әлішер Әжімов ілгері тартқан Рустам Сахибовқа оңтайлы пас тастады да, Рустам допты дереу сәл ілгері кетіп бара жатқан Асланбек Кәкімовке жылжыта қойды. Үш қорғаушының арасында жүрген Асланбек аспай-саспай қимылдап, допты ыңғайына келтіріп алды да, оң аяғының ұшымен қақпаның оң жақ бұрышына қарай жер бауырлата ысыра салды, қақпашы Антон Цирин ауа қарпып қалды — 1:1.

«Ақтөбенің» басымдық көрсеткен осындай ойындарында жеңіске бір гол жетпей қалатынын бірнеше рет көрген жанкүйерлер шыбын жандарын шүберекке түйіп отырды десек, асыра айтқандық болар ма екен. Бұл кездесуде ылғи қолға түспей кететін сол гол соғылды. Қонақтар ойын тәртібін бұзды да айып алаңының сыртынан айып добы белгіленді. 83-минутта нүктеге жай басып келе қалған команда капитаны Виталий Волков сол аяғымен допты «Ертіс» қорғаушыларының үстінен сондай бір шеберлікпен асыра тепті де, павлодарлық қақпашы тіпті де қозғала алмай қалды, жібек торды бүлк еткізген теңбіл допты көзімен ғана шығарып салды — 2:1.

Осылайша «Ақтөбе» жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.

«Ақтөбе»-«Ертіс» — 2:1

Гол авторлары: Тимур Мульдинов, 10-минут (0:1); Асланбек Кәкімов, 68-минут (1:1); Виталий Волков, 83-минут (2:1).

Ескерту қағазын алғандар: Р.Темірхан, 58-минут, Б.Қайыров, 69-минут («Ақтөбе») — Карлос Фонсека, 65-минут («Ертіс»).

«Ақтөбе»:Игорь Трофимец, Әділхан Таңжарықов, Виталий Волков (капитан), Есен Жасанов, Рустам Темірхан (Рустам Сахибов, 58-минут), Бағдат Қайыров, Александр Кицак (Әлішер Әжімов, 65-минут), Асланбек Кәкімов, Ардақ Сәулет, Жамбыл Көкеев (Саят Жұмағали, 90+2 минут), Абат Айымбетов.

Бас бапкер Александр Седнев.

«Ертіс»: Антон Цирин, Руслан Есімов, Милош Стаменкович, Урош Витас, Дмитрий Шмидт, Патрик Хиди, Павел Шабалин (Артем Попов, 58-минут), Жереми Манзорро, Арман Нүсіп, Тимур Мульдинов (Мадияр Райымбек, 85-минут), Карлос Фонсека (капитан).

Бас бапкер Милан Миланович.

30 маусым 2019 жыл. Ақтөбе. Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 7000 адам.

*   *   *

Басқа кездесулердің нәтижелері:

«Астана» (Нұр-Сұлтан)-«Қайрат» (Алматы) — 0:2

«Жетісу» (Талдықорған)-«Тобыл» (Қостанай) — 0:1

«Ордабасы» (Шымкент)-«Қайсар» (Қызылорда) — 1:2

«Оқжетпес» (Көкшетау)-«Атырау» (Атырау) — 3:0

«Шахтер» (Қарағанды)-«Тараз» (Тараз) — 1:0

*   *   *

Бұл турда барлығы 13 гол соғылды. 2:1 және 1:0 есептері екі реттен қайталанды. Бір ірі есеп нәтижесі тіркелді. Тең ойын болған жоқ.

23 рет ескерту қағазы көрсетілді, алаңнан қуылған футболшы болған жоқ. Бір пенальти белгіленіп, орындалды.

Шапшаң гол авторлары — Тимур Мульдинов, 10-минут («Ертіс»); Оралхан Өміртаев, 15-минут («Шахтер»).

«Қайсарға» жеңіс әперген голды Өркен Махан 90+7 минутта соқты.

*   *   *

Сонымен 1-3 орын иелері: «Тобыл» (38 ұпай), «Астана» (35 ұпай), «Қайрат» (32 ұпай).Басқа командалардан «Астананың» екі ойыны, «Қайраттың» бір ойыны артық.

4-6 орындарда «Ордабасы» (30 ұпай), «Қайсар» (30 ұпай), «Жетісу» (23 ұпай) тұр.

7-9 орын иелері өзгерген жоқ: «Шахтер» (22 ұпай), «Оқжетпес» (18 ұпай), «Ертіс» (14 ұпай). «Ертіс» басқалардан бір ойынды артық өткізді.

10-11 орында да бұрынғысынша «Тараз» бен «Атырау» келе жатыр. Бұлар 12 ұпайдан жинады. «Атыраудың» басқа командалардан екі ойыны артық.

Еш ұпайы жоқ (-1) «Ақтөбе» 12-орында тұр. ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

17-тур ойындары 5-6 шілде, жұма-сенбі күндері өтеді.

6-шілде күні «Ақтөбе» сырт алаңда «Тараз» командасымен кездеседі.

Басқа кездесулер:

5 шілде, жұма

«Қайрат» — «Ордабасы»

«Тобыл» — «Астана»

6 шілде, сенбі

«Атырау» — «Жетісу»

«Ертіс» — «Оқжетпес»

«Қайсар» — «Шахтер»

 Ертай АШЫҚБАЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button