Экономика

Жасыл желек және қатты тұрмыстық қалдықтар

Мәслихат

Жақында№28 Қобда сайлау округінен депутат Хайдар Ілиясовтың төрағалық етуіменоблыстық мәслихаттың құрылыс, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріжөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.

Жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова жәнетұрақты комиссияның мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары,қоғамдық кеңестің мүшелері, облыстық басқармалардың басшылары қатысты. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды.

Біріншісі —  Ақтөбе облысының елді мекендерінде жасыл екпелерді түгендеу туралытабиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл баяндама жасады.

Ол өз сөзінде2015 жылы Ақтөбе облысы әкімдігімен Ақтөбе облысының елді мекендерін көгалдандырудың және жасыл белдеулер құру жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісілгенін айтты.

2018 жылы облыс әкімдігі орман көлемін арттыру бойынша қадамдық жоспар әзірлеп, бұл құжат ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісіліп, қала және аудан әкімдіктеріне жолданған болатын. Қадамдық жоспарға сәйкес, 2030 жылға дейін елді мекендерге жыл сайынғы жасыл аймақтар құру көлемі бекітілді. Биылғы жылға 100 га жасыл аймақ құру жоспарланыпты.

Облыс бойынша 358 елді мекенде 11750 га алқапта жасыл аймақ болуы тиіс болса, қазір небары 25 елді мекенде 5750 га алқапта ғана жасыл аймақ бар. Қосымша 333 елді мекен маңына 8697 га алқапта жасыл аймақ құрылуы тиіс.

  • Жыл сайын көктем-күз мезгілдерінде облыс бойынша көшет егу көлемі артып келе жатқанына қарамастан, тиісті күтім жұмыстарының жүргізілмеуінен ішінара тексеріс барысында облыс бойынша орташа шығымдылық 70-80 пайыз құрап отыр. Бұл жергілікті атқарушы органдармен тиісті күтім жұмыстарын жүргізбеу, қорғау, сапасыз отырғызу, жергілікті климаттық жағдайларға бейімделмеген көшеттерді отырғызу салдарынан орын алып отыр, — дейді Н.Аққұл.

Комиссия отырысында аталған мәселе бойынша Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ж.Бисембин хабарлама жасады. Ол депутаттарға жасыл желектерді түгендеу жұмыстары Ақтөбе қаласы аумағында 2017 жылы Қазақстан орман шаруашылығы және агролесомелиорациясы ғылыми-зерттеу институтымен жүргізілгенін жеткізді. Аталған бағытқа бюджеттен 5,8 млнтеңге көлемінде қаржы бөлінген.

Жұмыстың мақсаты — Ақтөбе қаласының Болашақ, Әуеқалашық және 5, 8, 11, 12-шағын аудандарындағы жасыл желек қорының қазіргі жағдайын анықтау, сонымен қатар олардың санитарлық жағдайын және сәндеу жұмыстарын жақсарту үшін дерек қорын және желек карталарын құру.

Ақтөбе қаласының шағын аудандарындабарлығы 37132 ағаш пен бұта бар, оның ішінде: жапырақты тұқым — 36147 дана (97,35%), қылқан жапырақты тұқым — 985 дана (2,65 пайыз).

Ал шаһардағы гүлзарлардың жалпы ауданы — 35 мың шаршы метр,   көпжылдық шөптер — 123,5 мың шаршы метр.

Гүлзарларды егу және көгалдарды күту жұмыстарын жүргізу үшін тиісінше 421,2 млнтеңге және 78,4 млнтеңге бөлінген.

«Самғау» және «Жасұлан Флора» ЖШС мердігерлік ұйымдары 34339 шаршы метр аумаққа гүлзарлар егіп, күту және суару жұмыстарын жүргізген.

Ж.Бисембин биыл жапырақты ағаштардың түрлі көшеттерін — липа, терек, үйеңкі, шетен, қайың, шаған және т.б. күзгі отырғызуға электрондық конкурс өткізу жоспарланып жатқанын айтты. Конкурс шарттары бойынша жеңіп шыққан ұйым 3 жыл бойы егілген ағаштарды суарып, күтім жасауға міндетті.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге байланысты облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысыН.Иманалин де хабарлама жасады. Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің берген ақпаратына сәйкес,биыл Ақтөбе қаласының аумағында, оның ішінде 66 саябақтар мен скверлерде жасыл екпелерді түгендеу бойынша жүргізілетін іске 46 636 570теңге қаражат керек.Жасыл екпелерді түгендеу жұмысына ағаштар мен бұталарды геопорталға енгізу жұмыстары кіреді. Бұл веб-порталдан жасыл екпелердің саны, санаты мен түрі, жасы, биіктігі мен диаметрі, олардың жай-күйі мен жағдайлары туралы деректер алуға болады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе — тұрмыстық қатты қалдықтарды жою және өңдеу мәселелері туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдаланудыреттеу басқармасының басшысыНұржан Аққұл жәнеоблыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов баяндама жасады.

Н.Аққұлдың айтуынша,ҚТҚ-ны бөлек жинау және қайта өңдеу жұмыстары облыс орталығында шоғырланған. Қайталама шикізатты қабылдау пункті жұмыс істейді.Облыс бойынша 14 ҚТҚ полигоны бар.

Н.Аққұлқатты тұрмыстық қалдықтардың пайда болуы мен жинақталу нормаларын әзірлеу және қалдықтарды шығару тарифтерін бекіту қажеттігін айтты. Бүгінгі күні ҚТҚ нормалары тек Ақтөбе қаласы, Шалқар және Мұғалжар аудандарында әзірленген, қалған аудандарда жұмыс орындалмапты.

Жиын барысында сөз алған Ж.Иманқұловтың айтуынша, ҚТҚ көму көлемі жыл сайын азайып, өңдеу көлемі ұлғаюда. 2017 жылы 300,5 мың тонна ҚТҚ болса, оның 7,5 мың тоннасы қайта өңделді. Ал былтыр 298,6 мың тонна ҚТҚ болса, оның 21,5 мың тоннасы қайта өңделген.

Ағымдағы жылдың 5 айында облыс бойынша 96,0 мың тонна түзілген қалдықтардың 3,9 мың тоннасы қайта өңделіп, қайта өңдеу үлесі 4,14пайызға дейін өсті.

Ж.Иманқұлов 3 жыл ішінде барлық аудан орталықтары мен ірі елді мекендерді санитарлық және экологиялық талаптарға жауап беретін қазіргі заманғы ҚТҚ полигондарымен қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Облыста қалдықтарды полигондарға тасымалдағанға дейін оларды бөлек жинау бойынша шаралар қабылдап, жергілікті атқарушы орган елді мекендерде пластмасса, пластик, полиэтилен қалдықтарын, шыныны, түсті және қара металдардың сынықтарын, электрондық және электр жабдықтарының қалдықтарын, макулатураны, картонды және қағаз қалдықтарын қабылдау пункттерін ашу үшін жағдай жасап, индустриялық-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармалары қалдықтарды терең өңдеуді және өнім өндіруді, оның ішінде халық тұтынатын тауарларды өндіруді дамыта отырып, бизнес өкілдерін тарту жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Жасыл экономикаға көшу жөніндегі стратегиялық жоспарды орындау үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бөлігінде барлық аудан орталықтары мен ірі елді мекендерді санитарлық және экологиялық талаптарға сай келетін қазіргі заманғы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондармен қамтамасыз ету керек, — деді Ж.Иманқұлов.

Аталған мәселелерді талқылау барысында облыстық мәслихаттың депутаттары сұрақтар қойып, өздерінің ескертулері мен ұсыныстарын айтты.

Қорытындысында комиссия қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылдады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button