Білім

Жас ұстаздар: ізгілік пен ізденіс

Ұстаздық – басқа мамандықтарға қарағанда, ең қиын әрі ізгілікті мамандықтардың бірі. Себебі ұстаздардың басты міндеті — жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беру. Бүгінгі жаһандану заманында ұлт­­тық бәсекеге қабілетті болудың басты көрсет­кіші білім деңгейі. Сондықтан кез келген шәкірттің дарынды, зерек болуы алдымен ұстаздардың білімі мен біліктілігіне байланысты. Осы орайда біз республика, облыс көлемінде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, дарынды шәкірттер тәрбиелеп жүрген жас мамандармен тілдескен едік.

 

Дипломмен ауылға барған Ұлдай

Мәртөк ауданы Кеңсахара орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ұлдай Тапаева — «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасымен ауылға барып, бүгінде нәтижелі еңбек етіп жүрген жас ұстаздардың бірі.

Ауыл балаларына сапалы білім беріп, үздіксіз ізденіп жүрген жас маман жуырда І санатты мұғалімдер қатарына қосылды. Жас ұстаздың биылғы оқу жылындағы ең басты жетістігі — дарынды шәкірті, 8-сынып оқушысы Лейла Амангелдина «Мағжан оқулары» республикалық байқауында бас жүлдені жеңіп алды.

— Үміт еткен оқушың жүлдегер болып, жетістікке жетсе, ұстазға одан асқан бақыт жоқ шығар! Маусым айының басында Петропавл қаласында өткен республикалық сайыста Лейла Мағжан Жұмабаевтың 20 өлеңін мәнерлеп жатқа оқып, сайысқа қатысқан қарсыластары арасында үздік атанды. Лейла — өте талантты оқушы. Ол Мағжан Жұмабаевтың 170 өлеңін жатқа оқиды. Алдағы уақытта да жақсы жетістіктерге қол жеткізеді деп сенемін, — дейді Ұлдай Тапаева.

Жас ұстаз ауыл мектебіне келгеннен бастап-ақ оқушыларға Абай мен Мағжанның өлеңдерін жаттатыпты. Ондағы басты мақсаты — жас ұрпаққа ұлы ақындардың шығармашылығын тереңнен таныту, оларды жан-жақты тәрбиелеу.

Мен оқушы, студент кезімде «Абай оқуларына» қатысып, облыс көлемінде жүлдегер атанған болатынмын. Сол себепті бүгінгі күні оқушыларыма да ұлы ақындардың өлеңдерін жаттатып, оларға поэзияны терең түсіндіруге бар күш-жігерімді жұмсап жүрмін. Оқушыларымның арасында дарынды шәкірттерім аз емес. Ауыл мектебі болғанымен, біздің білім ордасында тәжірибелі, білікті ұстаздар көп.

Кеңсахара орта мектебінде бүгінде 90-ға жуық оқушы білім алып жатыр. 25 ұстаз еңбек етеді. Ауылымыз шағын болғанымен, халқының ауызбіршілігі мол, ұйымшыл. Мектебімізде 5-6 жас маман бар. Олардың дені «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасымен келіп, еңбек етуде, — дейді жас ұстаз.

Ұлдай Тапаева жас маман болғанымен, бүгінге дейін облыс көлемінде қол жеткізген жетістіктері жетерлік. Ал оның дарынды шәкірттері шығармашылық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Айта кету керек, Ұлдайдың тағы бір дарынды шәкірті, 7-сынып оқушысы Айнаш Саликова 2016 жылы «Абай оқулары» байқауының республикалық кезеңінде 2-орынды иеленді. Айнаш Абай Құнанбаевтың 240 өлеңін жатқа біледі.

Айнаш, Лейла сияқты дарынды, жырсүйер шәкірттерімнің қатары алдағы уақытта көбейеді деп сенемін. Оқушыларым биік белесті бағындырып жатса, мен үшін ең үлкен абырой — осы, — дейді Ұлдай.

 

«Ер мұғалімдер саны көбейсе….»

Мерей Жолмағанбетов — жас та болса талмай ізденіп, әр сабағын жоғары деңгейде өткізіп, бар білгенін шәкірттеріне үйретіп жүрген жас ұстаз. Еңбек жолын Ақтөбе қаласындағы №33 орта мектептен бастаған жас маман бүгінде М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатта география пәнінен сабақ береді.

— Менің ұстаздық мамандығын таңдаудағы басты мақсатым — ұлтқа қызмет ететін білімді, жаңашыл көзқарастағы ұрпақ тәрбиелеу. Ел болашағының жарқын болуы жас ұрпаққа байланысты десек, ең алдымен балаға сапалы білім беру, оларды жан-жақты етіп тәрбиелеу — біздің міндетіміз, — дейді жас маман.

«Оқушыларды қазіргі заманға лайықты етіп тәрбиелеу керек» деген принципті ұстанатын жас маман аз уақыттың ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, дарынды шәкірттер тәрбиелеп жүр. Атап айтсақ, Мерей өткен жылы республикалық «Педагогикалық идеялар» фестивалінде ІІІ орынды иеленсе, «Дарынды балаларға — талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадасында ІІ орынды жеңіп алды. Ал оқушылары республикалық, облыстық пәндік олимпиадаларда жүлдегер атанса, зияткерлік сайыстар мен шығармашылық байқауларда жоғары көрсеткіштерге ие болды. Атап айтсақ, биыл республикалық пәндік олимпиадада география пәнінен 11-сынып оқушысы Азамат Асабай 3-орынды иеленсе, «Кіші зерде» республикалық байқауында 7-сынып оқушылары Дархан Шырақбай мен Арнұр Игілік 2-орынды жеңіп алды.

Шәкірттерімнің жетістігі — менің жетістігім. Оқушыларым жақсы нәтижеге қол жеткізсе, менің де еңбегімнің еленгені. Менің ойымша, ұстаз атаулының үлкен жетістігі алған  санаты мен мадақтама қағазында, ай сайынғы алатын еңбекақысы мен ұжымындағы асқақ беделінде емес, шәкіртінің жүрегіне жол тауып, сол жүректен ойып тұрып орын алуында. Менің түсінігім бойынша ұстаз үшін ең басты абырой шәкіртінің өзінен озып, үлкен белестерді бағындырып, халқына қалтқысыз қызмет етуінде, — дейді Мерей.

Жас ұстаз бүгінде білім саласында, әсіресе, мектептерде ер мұғалімдердің аз екенін, оқушыларды ұлтжандылыққа, шыдамдылыққа, намысшыл болуға тәрбиелеуде ер- азаматтардың рөлі зор екенін айтады.

— Соңғы кезде мұғалімдердің мәртебесін көтеруге байланысты елімізде жаңашылдықтар болып жатыр. Осы орайда мен білім беру мекемелерінде ер мұғалімдердің санын көбейту үшін жастар арасында насихат жұмыстары жүргізіліп, ер мұғалімдерге арнайы жеңілдіктер мен ынталандырулар жасалса деген ұсынысымды білдіргім келеді. Бұл мектептерде ер-азаматтардың санын көбейтуге үлкен ықпал етері сөзсіз. Егер ер мұғалімдер көбейсе, балаларды тәрбиелеуде ешқандай қиындық болмас еді, — дейді жас маман.

 

Сағындық — «Заманауи ұстаз»

М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың математика пәнінің мұғалімі Сағындық Базарбаев биылғы оқу жылында «Жаңа мектепке — жаңашыл ұстаз» республикалық байқауының облыстық кезеңінде І орынды жеңіп алып, республикалық кезеңде «Заманауи ұстаз» номинациясымен марапатталды.

Жас болса да ұстаздық жолда үлкен жетістікке қол жеткізген ол бүгінде дарынды шәкірттерді тәрбиелеуде үздіксіз еңбек етуде.

«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» деген ұстаныммен қызмет етіп жүрген жас маман биыл математика пәні мұғалімдері арасында өткен облыстық пәндік олимпиадада І орынды жеңіп алса, Ақтөбе қаласының математика пәні мұғалімдерінің І қалалық шығармашылық конкурсында жүлделі ІІ орынды иеленді. Ал оның шәкірттері

А.Амангелдина мен С.Серікұлы «Зерде» шығармашылық жобалар мен зерттеулер жұмыстары конкурсының облыстық кезеңінде жүлделі ІІ орынды иеленсе, 5-6-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған ұлттық интернет олимпиадасында 12 оқушысы

І орынды жеңіп алды.

Математика — менің өмірім. Математика ғылымы өмірмен байланысты қиын және өте қызық пән екендігімен ерекше. Әртүрлі әдіс-тәсілдермен әрі өмірмен байланыстыра өтілген әр сабақ оқушы санасына қонымды әрі кейінгі өміріне азық болары сөзсіз. Сондықтан мен әр оқушыма бар білгенімді үйретуге тырысамын. Математика — ғылымдардың патшасы, сол себепті әр бала бұл ғылымды меңгеруге тиіс, — дейді ол.

 

«Ақтөбенің» анықтамасы

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде облыс бойынша 2608 жас ұстаз бар. Олардың 1828-і қала мектептерінде қызмет етсе, 780 маман ауыл мектептерінде ұстаздық етіп жүр.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button