Білім

Көпсалалы АГУ «Тарлан» колледжі тегін білім алуға шақырады

Талапкер-2019

Қазір құтты мекен — Ақтөбенің қандай да бір мәдени іс-шараларында көпсалалы АГУ «Тарлан» колледжінде білім алып жүрген өнерлі студенттерді көруге болады. Шеттерінен белсенді. Риза боласың. Бейнебір кәсіби актерларды дайындайтын ұстахана ма дерсің.

Алайда кез келген жарқыраған дүниенің артында бір адамның еңбегі жатады. Ал көпсалалы  АГУ «Тарлан» колледжінің бас директоры Жәрдемғали Шүкіров —  осы оқу орнының құрылуына әбден еңбегі сіңген адам. Жарты ғасырдан астам уақытын педагогикаға арнаған ол қазір де Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде физика-математика факультетінде физика кафедрасында студенттерге дәріс беріп жүр.

Түлектердің бітіру маусымы қызған шақта бізосы колледждің бас директоры — физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының мүше-корреспонденті, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Жәрдемғали Шүкіровпен сұхбаттасқан едік.

 — Халық арасында сіз басқарып отырған колледжді Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің жанынан құрылған деп есептейді. Бұл қаншалықты рас?

— 2002 жылы еліміздегі барлық жоғары оқу орындары жанынан колледж ашу, лицензия алуға Білім және ғылым министрлігі тарапынан рұқсат берілді. Сол кезде бұл колледж де 6 мамандыққа лицензия алып, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті жанынан ашылды. 2012 жылы Үкімет шешімімен барлық мемлекеттік университеттердің статусы өзгеріп, мемлекеттік қазыналық кәсіпорнынан «Шаруашылық жүргізу бейініндегі мемлекеттік кәсіпорынға» көшірілді. Осыған байланысты сол жылыминистрліктен  барлық мемлекеттік университеттердің колледждерін жабу туралы нұсқау келді. Себебі, университет «Шаруашылық жүргізу бейініндегі мемлекеттік кәсіпорын» болғандықтан, заңға сәйкес «кәсіптік-техникалық білім беру» құқығынан айырылды. Министрліктің талабы бойынша колледжді жауып, студенттерді таратып,  басқа колледждерге ауыстыру керек болды. Бұл кезде колледжде мыңнан астам студент, жүзден астам оқытушы бар болатын. Сонымен бірге  біздің колледж даярлап жатқан «Қара металлургия», «Актерлік өнер» секілді мамандықтар басқа оқу орындарда болмады. Сол себепті, әрі студенттерімізді, әрі оқытушыларымызды сақтап қалу мақсатында 2013 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркеліп, Ақтөбе көпсалалы АГУ «Тарлан» колледжін аштық. Ал, біздің колледжде даярланатын кейбір мамандықтар, атап айтқанда актерлік өнер, қара металдар металлургиясы секілді мамандықтар басқа оқу орындарында жоқ болатын.

Неге АГУ? Біз сол университеттің заңды мұрагері болғандықтан солай  болсын деп шештік. Университеттен еншімізді алып шықтық, анығы, мұрағатындағы бізге тиесілі құжаттардың бәрін берді.

— Қазір қандай мамандыққа оқытып жатырсыздар?

— Бүгінде колледжде «Актерлік өнер», «Құқықтану», «Дене тәрбиесі және спорт», «Аударма ісі», «Дизайн», «Мұнай және газды қайта  өңдеу технологиясы», «Қаржы», «Есеп және аудит», «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану», «Негізгі орта білім беру»,«Ақпараттық жүйелер», «Экология және табиғат ресурстарын тиімді пайдалану», «Автомобиль көлігіне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Бастауыш  білім беру», «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Технология», «Қара металдар металлургиясы»секілді 19 мамандық түрі бар. Сондай-ақ, қазақ тілі мен әдебиеті, физика, математикамұғалімдерін де даярлаймыз. 700-ге жуық студентбілім алып жүр.

— Ал оқу орнында дәріс беретін оқытушылар құрамы қандай?

— Колледжімізде 40-тан астам оқытушы қызмет атқарады. Олардың арасында ғылым кандидаттары, профессорлар мен доценттер, салалық академияның академиктері,ғылым магистрлері мен жоғары санатты, 1-санатты оқытушылар бар.Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінен бөлініп шыққанымызбен, университетпен тығыз байланыстамыз. Ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары, доценттері дәріс оқып, студенттердің білімін шыңдап, сонымен қатар, мемлекеттік емтихандарын қабылдауда комиссия құрамында болып, өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп тұрады.Мысалы, аталған университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, «Абайтану және ұлттық руханият ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі Абат Пангереев, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, кафедра меңгерушісі Нұрбол Сәдуақас, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айгүл Иманғазина филология магистрлері Айбат Өмірбаев, Нұргүл Құлтанбаева,физика-математика ғылымдарының кандидаты,аталған университеттің профессоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының мүшесі, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, 7-11 сыныптарға арналған геометрия оқулығының авторы Жеткербай Қайдасов, физика-математика ғылымдарының кандидаты, университеттің физика кафедрасының доценті Сабыржан Жұбаев,техника ғылымдарының кандидаты, Мәскеу Ақпараттық Академиясының академигі, профессор Егізбай Сақпанов, физика-математика ғылымдарының кандидаты, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті,Халықаралық ақпараттандыру академиясының корреспондент мүшесі Асқарбек Иманчиев, Малкеждар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының ардагер оқытушылар бірлестігінің жетекшісі, полиция полковнигі СанабайРзабеков мамандар даярлау ісінде өз үлесін қосып келеді.

— Колледждің материалдық техникалық базасы қандай? Студенттердің жан-жақты білім алуына   жағдай жасалған ба?

— Әрине. Оқу орнының материалдық-техникалық базасы талапқа сай. Оқу үрдісінде 3 интерактивтік, 1 лингофондық кабинет, екі компьютерлік класс, дизайн, фото және өнер студиялары, тігін цехы, кітапхана, оқу, спорт залдары және өнер студиясы, медициналық пункт пен 120 орындық асхана бар. Жеке шығармашылық ізденісті, жеке дайындықты талап ететін актерлік өнер мамандығы студенттерінің талабы таудай. Сондай-ақ қабырғалары  айналармен, би станогымен жабдықталғанби залын жасадық.

— Сіздердің студенттеріңіздің оқуға, сабаққа ынтасы қандай?

Колледжімізде студенттердің тәртібіне, біліміне қатаң талап қойылады. Студенттердің күнделікті сабаққа қатысымы тексеріледі, ата-аналарымен тығыз жұмыс жасаймыз. Соның нәтижесінде, студенттердің әр күнгі сабаққа дайындығы әкімшілік тарапынан қатаң бақылауда болғандықтан білім нәтижесі де, қатысымы да жоғары. Оны бітіруші курс студенттерінің «Сапаны тәуелсіз бағалау» сынағы дәлелдеп отыр. Бір қуантарлығы, білім сапасының жыл сайынғы өсімі  байқалады.Өткен тарихқа үңілсек, әр қоғамда жастарға үлгі болатын әртүрлі тұлғалар өмірден өткен. Кеңес үкіметі кезінде күллі жұртқа үлгі болған Павел Корчагиннің, Алексей Маресьевтің ерлік істері  жастарға үлгі ретінде насихатталатын. Ал қазіргі бейбіт  заманның батыры атанған,  көлік апатына ұшырап, он жылға жуық тар төсекте таңылып жатса да, Маңғыстау түбегінің бір түкпірінде жатып, ғылыми   институттың жұмысын бір өзі жазып, 16 томдық ғылыми мұра қалдырған, мифолог, географ, этнограф-ғалым, рухы мықты Серікбол Қондыбай шығармашылығы колледждежастарды тәрбиелеу ісінде кеңінен насихатталып келеді.  Оның жастарды жігерлендіретін, рух беретін шығармаларынаарналған тәрбие сағаттары, түрлі кештер, онкүндіктер, конференциялар, кездесулер жыл сайын жүйелі түрде өткізіліп отырады. Оның артында қалған мәдени мұраларын, кітаптарын толық пайдаланып келеміз, яғни оқытушыларымыз бен  студенттеріміз жұмыс барысында пайдаланып жүр. Сондай-ақ,  біздің актерлік өнер мамандығының 2017 жылғы түлектері  Серікбол Қондыбайдың өмірбаянына арналған Оңайгүл Тұржанның «Мифтің түбі — ақиқат» атты пьесасын дайындап, оны «Алақай» театрының сахнасында қойды.Қойылым қала мектептерінің оқушылары мен колледж студенттеріне ғалымның өмірі тәрбие ретінде көрсетілсін деп арнайы қойылды.

  • Осы орайда колледж түлектеріне де кеңірек тоқталып өтсеңіз…

— Біздің колледжді бітіргендер жерде қалып жатқан жоқ. Керісінше, сұранысқа ие. Айталық, осы өңірде актерлік өнер мамандығын бізден басқа ешкім даярламайды. Осы мамандықты қолға алған сәттен бастап біз Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрымен және «Алақай» қуыршақ театрымен тығыз байланыстамыз. Оқушыларымыз сол екі театрда тәжірибеден өтеді. Кейбіреулері біздің колледжді бітірген соң,Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдіріп, жергілікті театрларға жұмысқа қабылданып, актер болып жүр.  Атап  айтсақ, Дәурен Айдаров, Ерлан Құлжаев «Екі езу» театрында жұмыс істеп жүр.Жақында  біздің түлегіміз, Тахауи Ахтанов атындағы облыстық дарама театрыныңактері Нұрболат Өтеғұлов Темірбек Жүргеновтің рөлін сомдады. Пьеса авторы  Рахымжан Отарбай Ақтөбеге  арнайы келіп, спектакльге қатысып, «Мен нағыз ЖүргеновтіАқтөбеден таптым» деп баға берді. Ал түлектеріміздің бірсыпырасы — аудандардағы халық театрларында режиссер, тағы біреулері — мәдениет үйінің басшылары. Біздің колледжде «Тарлан» студенттер театры бар.Актерлік өнер мамандығының биылғы түлектері дипломдық жұмыстары етіп, башқұрт елінің классик драматургі Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түн» спектаклін сахналады. Спектакльге қатысқан өнер магистрі  Елтай Кемал, осы мамандықтың жанашыры, ашылғаннан  бастапбүгінге дейін дамуына, қалыптасуына   еңбек етіп келе жатқан өнер жанашыры  Орал Қосай-Байсеңгір жақсы  баға берді. Осы қойылымға қатысқан 11 кейіпкердің киімін біздің колледждің дизайн мамандығының түлектері өздері тікті. Сондай-ақ, дене тәрбиесі мамандығы бойынша бітіргендер де жұмысқа тез орналасып жатыр. Бұл мамандыққа қала мектептерінен көп сұраныс түседі.

— Жатақхана бар ма?

— Осы жерде айта кетсем, елімізде Жастар жылында білім алушы жастарды қолдау мақсатында облыстық әкімшіліктің бастамасымен қаладағы колледждерді қамтитын,  бірнеше жатақхана салу жоспары жүргізіліп жатыр, сол жоспарға біздің колледж де енгізілді. Алдағы  бір-екі жылда бұл мәселе толық шешіліп, өзіміздің жатақханамызға қол жеткіземіз деп отырмыз. Ал, қазіргі таңда қаладағы бір колледждің жатақханасымен келісімшартпен жұмыс жасап отырмыз.

— Сіздер мемлекеттік тапсырыспен қатар  ақылы түрде де білім бересіздер. Ақылы бөлімнің оқу ақысы қанша?

— Ақылы бөлімде бір жылға оқу ақысы — 90 мың теңге. Ал сырттай оқу бөлімінде сәл төмен.Студенттердің әлеуметтік жағдайы ескеріліп, бізде оқу ақысының бағасы жыл сайын өспейді, тұрақты түрде ұстаймыз.

— Сіздің оқу орнында тегін білім алуға мүмкіндік бар ма?

— Әрине. Шалғай аудандардағы мектеп түлектерін біздің оқу орнында тегін білім алуға шақырамыз. Анығы, жыл сайын біздің колледжге жергілікті облыстық бюджеттен арнайы гранттар бөлініп отырады. Биыл да солай. Алдағы оқу жылында актерлік өнер мамандығы бойынша 50 грант бөлінгені белгілі болды. Оның 25-і — 9-сыныптан кейінгілер үшін, 25-і — 11 сыныпты бітіріп келгендер үшін бөлініп отыр. Сондай-ақ, физика мұғалімі мамандығына да 9-сыныпты бітіріп келгендер үшін 25 орын берілді. Физика мұғалімі мамандығын алып шыққандар негізінен өздерінің ауылдарына баратындар, яғни, негізгі мектептің мұғалімдері болып шығады. Сондықтан да облыстық бюджеттен бөлінетін гранттарға ие болуда ауылдық жерден келгендерге басымдық беріледі. Әрине, гранттар кімге тиесілі екені конкурстан соң анықталады. Бүгінде колледжімізде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, математика мұғалімі, физика мұғалімі, актерлік өнер мамандықтары бойынша жергілікті бюджет есебінен 182 студент білім алуда.

— Сонда оқуға қабылдау қалай жүргізіледі?

— Қабылдау ережесіне сәйкес талапкерлер актерлік өнер, дизайн, дене тәрбиесі мамандықтары бойынша шығармашылық емтихандар тапсырады. Әрқайсысы өз мамандықтарына сәйкес, айталық, дизайн мамандығын қалаған студент  сурет, кескіндеме пәндерінен шығармашылық емтихан тапсырса, актерлік өнер мамандығына тапсырушылар актер шеберлігі, сахна тілі пәндерінен сынға түседі. Дене тәрбиесі мамандығы бойынша шығармашылық норматив тапсырады.  Қалғандары  білім заңына сәйкес  қабылдау емтихандары арқылы және ҰБТ  сертификаттарымен қабылданады. Алдағы оқу жылына да  талапкерлерді  біздің колледжде оқуға шақырамын! Студенттердің игілігі үшін қызмет жасап жатқан колледжімізді таңдасаңыздар, еш өкінбейсіздер!

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button