ДенсаулықТарих

Қазақтың тұңғыш дәрігер қызы

Зерде

Қазақ қыздарының арасынан  шыққан тұңғыш дәрігер Аққағаз Досжанованың Ақтөбе өңірінде туып-өскенін жұртшылық біле бермейді. Тіпті ақ халаттылардың  өзі соңғы 4-5 жылдықта ғана білді. Дәрігердің есімін ұлықтауды мәселе қылып көтеріп, облыс басшылығына ұсыныс айтқан облыстық тарихи-өлкетану музейінде көп жылдар жұмыс жасаған Зада Мұқашева болатын. Зейнеткердің бастамасынан кейін ғана аяулы тұлғаның есімі көшеге беріліп, ескерткіш орнатылды. Медициналық университет жанындағы конференц-холл тұңғыш дәрігердің есімімен аталды.

Аққағаз Досжанова — жай ғана дәрігер емес, Алаш партиясының мүшесі ретінде ұлттық мүддеге қызмет еткен жан. Аз ғана ғұмырында үлкен іс тындырған аяулы қыз туралы кейінгі ұрпақтың есіне салып, жиі жазып отырсақ артық болмасы анық.

 Алаш және Аққағаз

Аққағаз Досжанова 1893 жылы Орынбор губерниясы, Торғай облысы, Ақтөбе уезі, Бөрте болысы, 5-ауылда туған. Бұл — қазіргі Мәртөк ауданына қарасты Бөрте ауылы.

Ата-анасынан айырылып қаршадайынан жетім қалған Аққағаз бірге туған бауыры Сағындықтың тәрбиесінде өседі. Ағасы бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған, Ыбырай Алтынсариннен тәлім-тәрбие алған көзі ашық адам болады. Орынбор қаласындағы мұғалімдер семинариясын бітіріп, мұғалімдік қызмет атқарған. Сағындық қарындасын да өз мектебінде оқытып, орысша, татарша білім береді.

Аққағаздың білімге құштарлығы мен қабілетін байқаған бауыры оның әрі қарай оқуы үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Аққағаз алғашқыда Орынбордағы қыздар гимназиясын, содан кейін Мәскеудегі жоғары әйелдер курсының дәрігерлік факультетін бітіреді. Аққағаздың бұл оқу орнына түсуі үшін ағасы 1912 жылы 15 маусымда Торғай облысының губернаторына өтініш жазып, болыстың стипендиясы есебінен қарындасын оқуға жіберуді сұрайды.

Осылайша Аққағаз  Мәскеуге аттанады. «Қайырымды медбике» куәлігін алып шығады. Оқудан басқаға мойын бұрмай, үнемі ашқұрсақ жүретін Аққағаздың сол уақытта денсаулығы сыр беріп, дәрігерлік факультетті ерте аяқтауына тура келеді.  Куәлігін алып елге қайтқан қыз бір жылдай тынығып, денсаулығын түзеп, қайта оралады. Ол бір орында тұрақтап қалмай, оқуын әрі қарай жалғастыруды көздейді.  Аққағаздың  Томск университетінің медицина факультетінде оқып жүрген кезі Қазан революциясымен тұспа-тұс келді. Медбике болғандықтан госпитальмен Польшаға дейін барып, жаралы солдаттарға көмек көрсетеді. Сөйтіп дәрігер қыз Томскіге барады. Соғыстың кесірінен бұл жердегі медициналық университетте студенттер азайып қалған. Осыны естіген Аққағаз ойланбастан құжатын тапсырып,  оқу орнының екінші курсына қабылданады. Кейін Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университеті ашылғанда осы оқу орнының студенті атанады.  Оқи жүріп қалалық акушерлік-гинекология емханасында жұмыс жасап, тәжірибесін шыңдай түседі.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің мәліметтеріне сүйенсек, сол тұста Ташкентте балаларға арналған екі-үш интернат болған. Аққағаз аш-жалаңаш жүрген қазақ балаларын интернатқа орналастыруға белсене атсалысады. Ауру балаларды емдейді. Интернаттың тазалығы мен науқас балдырғандардың сауығып кетуін үнемі қадағалап жүреді.

Сол уақытта, яғни 1920 жылдары азамат соғысының салдарынан халық шешек, оба секілді жұқпалы ауруларға шалдығады. Өзбекстан Республикасының медицина ғылымына еңбек сіңірген қайраткер Зульфия Умидова өз естелігінде Аққағаздың осы кезде білек сыбана жұмыс істегенін айтады. Орынбор, Жизақ, Самарқанд, Бұхара қалаларынан жиналған панасыздарға қамқор болғанын еске алады.

Орысша таза сөйлейтін Аққағаз өз ойын ашық айтатын өжет те болған. 1917 жылы мамыр айында Мәскеуде өткен жалпы мұсылмандар съезінде мұсылман әйелдерінің проблемасын көтерген 4 делегаттың бірі болып сайланады. Қазақ әйелдерінің мәселесін көтеріп, сол кездегі мерзімді басылымдарға мақалалар жариялап тұрады. Мәселен,1921 жылы 11 қыркүйекте «Степная правда» деген газетте ел ішінде белең алған  жұқпалы аурулардың қаупі туралы «Түркістанда» деген мақаласы жарық көрген. Алаш партиясының мүшесі ретінде ұлт мүддесі үшін жұмыс жасады. Қазақ қыздарының қалың малға сатылуы, білім алуы секілді проблемаларды сол кездегі басылымдарда жиі көтерді.

Қайраткерлердің қуанышы

1922 жылы Аққағаз Ташкентте университетті ойдағыдай аяқтап шығады. Бұл туралы Түркістан республикасының Халық комиссарлары кеңесі 1922 жылы 14 желтоқсанда қаулы қабылдап, Шығыс қыздарына арнап Халық комиссариатының қаржысынан Аққағаз Досжанова атындағы стипендия тағайындайтыны жөнінде жария етеді.

Сол жылдың 20 желтоқсанында «Правда» газетінде мынадай қысқаша хабар жарияланады. «Түркістан республикасының Халық комиссарлар кеңесі осы жылғы күзде Түркістан мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітірген тұңғыш дәрігер әйел Аққағаз Досжановаға 100 мың сом сыйлық беріп және үкімет қаржысы есебінен оған кабинет жабдықтау жөнінде қаулы қабылдады.

А.Досжанова — Түркістан республикасында жоғары білім алған тұңғыш әйел. Ташкент. 18 желтоқсан 1922 ж.».

Аққағаздың САГУ-ді бітіріп келуіне үкімет тарапынан айрықша мән беріліп, Түркістан Орталық атқару комитеті үлкен той өткізеді. Бұл той туралы Сәйділ Талжановтың «Адам туралы толғау» («Жазушы» баспасы, 1965 жыл) кітабындағы «Телқара» әңгімесінің мынандай тұсы бар. «Аққағаз Досжанованың тойы Сұлтанбек Қожановтың үйінде өтті. Жоғары басқыш мектепті САГУ-дің медицина факультетін бітірген бүкіл Шығыстың тұңғыш қызының күні деп тойланды. Осы мәжілісте заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов құттықтау сөз айтты». Өкінішке қарай, жазушының сөзі жазылып, сақталмапты.

Тойға Тұрар Рысқұлов,  Әшім Омаров, Санжар Асфендияров, Біләл Сүлеев, Сегізбай Айзунов, Нәзір Төреқұлов, Мұхамбетжан Тынышбаев, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамедов секілді  сол кездегі қазақтың аяулы азаматтарының барлығы түгел қатысады. Тойдан кейін зиялы қауым суретке түседі. Сол сурет қазір тарихи құжат болып сақталып тұр. Той үстінде Аққағазға 100 мың сом сыйлық беріліп, 10 мың сомдық хирургиялық жабдықтарымен бірге пәтер кілті де қоса тапсырылған. Аққағаз Досжанованың бұлай құрметке бөленуінен оның қазақ зиялыларының арасындағы абыройының қаншалықты биік екенін көруге болады.

Ұсыныс пен талап

Аққағаз Досжанованың өмір сүрген уақыты дәрігер мамандардың тым тапшы кезі еді. Сондықтан оның терапевт, акушер-гинеколог, дерматолог секілді медицинаның бірнеше саласын қатар алып жүруіне тура келді. Күн демей, түн демей науқастарға көмек беріп, адам жанының арашашысы болды. Осындай қиын-қыстау күндерде  дәрігер басқа халықтарға қарағанда қазақтардың өкпе ауруына көбірек шалдығатынын байқайды. Бұл туралы Аққағаздың жалғыз ұлы Шахбаздың әйелі Айнагүл Ершина «Денсаулық» журналына жариялаған «Тұңғыш түлектің бірі» мақаласында келтіреді. Мақалада мынадай естеліктер де бар:  «ҚР еңбек сіңірген дәрігері Исаак Иванович Бучацкий бір кездері өзімен қоян-қолтық еңбек еткен әріптесі жайлы «Аққағаздың сөзі ісіне қайшы келмейтін. Мен қалайда туберкулезді емдеудің ұтымды жолдарын табуға тиіспін дейтін. Сол үшін де уақытпен санаспай еңбектенетін. Ол осы мәселе туралы Тұрар Рысқұловтың өзіне барып, өкпе сырқатына қарсы күресу, оларды туғызатын себептерді жою жөнінде нақты ұсыныстарын айтты. Ал Сұлтанбек Қожановтан туберкулезбен ауыратын интернат балаларын сапалы тамақпен қамтамасыз етуді талап ететін» деп тебірене еске алады».

Ал Аққағаз Досжанова жайлы кітап жазған медицина ғылымдарының кандидаты Жібек Қаңтарбаева Аққағаздың гинекология мен педиатрияны қатар алып жүргенін айтады. 1922 жылы ол безгек ауруына қарсы күресте үлкен нәтижеге жеткенін еске алады.

Дәрігер қалай көз жұмды?

Аққағаз Досжанова — тек дәрігер емес, қазақ елінің өркендеуі үшін тер төккен қоғам қайраткері. Онымен қызметтес болған азаматтардың айтуынша, Аққағаздың жүріс-тұрысы, тіпті қарапайым киім киісінің өзінен үлкен мәдениет көрініп тұрады екен. Қарапайым да қайырымды жан әріптестерінің арасында сыйлы болып, құрметке бөленіп жүрген.

Аққағаз өзімен САГУ-де қатар оқыған, Ташкенттегі  қалалық білім бөлімі жанындағы балалар  мен интернат үйлерінің меңгерушісі болған Әлімгерей Ершин деген азаматпен  бас қосады. 1926 жылы Шахбаз атты ұлды өмірге әкеледі. Олардың отбасында  Шахбаздан басқа Сағындық ағасының, қайын жұртының балалары бірге тәрбиеленген. Бұл туралы Әлімгерей өз естеліктерінде Аққағаздың адамдарға шын ықыласымен жаны ашитын, бауырмал жан болғанын, халықтың қамы мен үйінің тірлігін қатар алып жүргенін, отбасындағы үлкен-кішінің барлығы оны үлгі тұтып, өнеге алғанын айтады.

Аққағаз қауіпті де жұқпалы сырқаттарға шалдыққан жандарды емдеп жүріп өзі де дертке шалдығады. 1932 жылы 21 қаңтарда небәрі 39 жасында Шымкент қаласында көз жұмған.

Аққағаз бен Әлімгерейдің ұлы Шахбаз Ершин техника ғылымдарының докторы, қазіргі әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университеттің профессоры болды. Гид­родинамика ғылымына елеулі үлес қосты. Зайыбы Айнагүл Ершина екеуі үш баланы өсірді.

2016 жылы Ақтөбеде дәрігер атындағы көше ашылғанда Айнагүл Ершина мен қызы Айжан Ершина келген болатын.

P.S.

Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш дәрігер, әрі қоғам қайраткері Аққағаз Досжанова секілді қызды құрметтеу, оның өмір жолын үлгі тұту кейінгі ұрпақтың, оның ішінде жерлестерінің міндеті болмақ. 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button