Жаңалықтар

Жәрмеңке және жаңа мүмкіндік

Жәрмеңке

Ақтөбедегі «Keruen City» сауда орталығында әлеуметтік маңызы бар санаттағы азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға түзеу мекемесінен босатылған азаматтар, пробация есебінде тұрғандар, алимент бойынша борышкерлер мен халықты жұмыспен қамту орталығында есепте тұрған жұмыссыздар қатысты.

Жәрмеңкеге өндіріс, құрылыс, білім беру, қызмет көрсету секторы бойынша 15-тен астам жұмыс беруші бос жұмыс орнын ұсынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты — әлеуметтік осал топтарға жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырып, олардың қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету.
Мәселен, облыстық төтенше жағдайлар департаменті кадр бөлімінің маманы Жанар Қанатованың айтуынша, қазіргі таңда департаментке заңгер, өрт сөндіруші және құтқарушылар қажет.
— Еңбекақы 200 мың теңгеден басталады. Сонымен қатар үйі жоқ қызметкерлерге мемлекет тарапынан пәтер жалдау ақысы төленеді. Біз мамандарды жыл бойы жұмысқа қабылдаймыз. Орта білімі бар, денсаулығы жақсы азаматтарды жұмысқа аламыз, — деді Жанар Қанатова.
Жәрмеңкеге жұмыс іздеп келгендердің бірі — 59 жастағы қала тұрғыны Даша Жақсалиқова. Бұрын құрылыс саласында сылақшы болып еңбек еткен. Алайда бірнеше жыл бұрын инсульт алып, ауыр жұмысқа жарамсыз болып қалған. Қазір емханада есепте тұр.
— Қазір жұмыссыз ретінде тіркеудемін. Өзіме жеңіл, денсаулығыма сай жұмыс іздеп жүрмін. Бүгін бірнеше мекемемен сөйлестім, түйіндемемді де қалдырдым. Жұмыс табамын деген үміттемін, — дейді ол.
«Мансап» орталығының жұмыс берушілерді қолдау секторының меңгерушісі Әсем Жолмұратованың айтуынша, бұл — жыл басынан бері өткізіліп тұрған 12-і жәрмеңке. Осы іс-шараның арқасында 418 адам жұмысқа тұрған. Орталық өкілі жәрмеңке алдағы жылы да жалғасын табатынын айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button