Ғасырлық тарих музейден орын алды

Баспасөз
Бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейінде облыстық қос басылым — «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бір ғасырлық тарихына арналған «Жүз жыл жылнамасы» атты жаңа экспозицияның салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов, сондай-ақ ғалымдар мен ардагер журналистер, қос газеттің және музейдің қызметкерлері қатысты.
Ғасырлық белеске көтерілген облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» қоғамдық-саяси газеттері өңір шежіресін жазып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын үздіксіз баяндай келе, бірнеше буын журналистердің шығармашылық мектебіне айналды. Өткен жылы облыс әкімі Асхат Шахаровтың қолдауымен «Ақтөбе» газетінің 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өткені баршаға мәлім. Мерейтойға орай ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтауын жолдап, онда «Ғасырлық тарихы бар басылым алғашқы саны жарық көрген күннен бастап қазыналы өңірді өркендетуге атсалысып келеді. Газеттің әрдайым өзекті мәселелерді көтеріп, шынайы ақпарат таратуы, тағылымды әрі танымдық мақалалар жариялауы — соның айқын дәлелі» деп атап өткен болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Алғысына ие болуы «Ақтөбе» газетінің ұжымына көрсетілген үлкен құрмет ретінде бағаланды.
Салтанатты шара барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы, Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Алтай Тайжанов, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мейірхан Ақдәулетұлы, «Ақтөбе Медиа» компаниясының директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин сөз алып, қос басылымның өңір руханияты мен ақпарат кеңістігіндегі рөліне тоқталып, жүрекжарды пікірлерін бөлісті.
Лента қию рәсімінен кейін музей қызметкері Айбек Ертеміров қонақтарды жаңа экспозициямен таныстырып, облыс шежіресіне айналған қос газеттің бір ғасырлық тарихына шолу жасады. Экспозицияда жарық көрген алғашқы басылымдар, сирек сақталған фотоматериалдар, редакцияға қатысты мұралық құжаттар мен журналистердің жеке заттары көрсетіліп, келушілерге үлкен әсер қалдырды.
Арайлым НҰРБАЕВА.







