Баспасөз-2026

Газет оқу — зиялылық белгісі

Жайнагүл ҚАЙРАЛАПОВА,

қалалық техникалық шығармашылық орталығының әдіскері.

«Ақтөбе» газетінің байырғы оқырманымын. Педагогтер әулетінде тәрбиеленгендіктен, отбасымызбен газеттің әр санын асыға күтетінбіз. Бүгінде балаларды смартфонсыз елестету мүмкін емес. Сөздің шыны керек, соған тәуелдіміз. Тіпті ата-аналар балалары қатардан қалмасын деп соңғы үлгідегі телефон сыйлап жатады. Ал өзім телефонға тәуелді адамның қатарынан емеспін. Әрине соңғы жаңалықты оқу үшін ғаламторға шолу жасайтыным бар. Бірақ болмашы нәрсеге уақытымды жоғалтқаннан гөрі, мерзімді басылым мен кітап оқығанды жөн көремін.

«Ақтөбе» газетінде бірнеше мазмұнды айдар бар. Соның ішінде «Әдебиет» бетін сүйсініп оқимын. Мұнда жергілікті ақын-жазушылардың еңбектері жарияланып тұрады. Өзім де оқушыларымның жетістікке жеткен сәтін газет бетінен көрсем, бір марқайып қаламын.

Өскелең ұрпақтың, жалынды жастардың кітап пен мерзімді басылымды өте аз оқитыны алаңдатады. Сондықтан әлеуметтік желіде белсенділік танытып, түрлі әдеби челлендждерге қатысамын. «Ақтөбе» газеті балаларға арналған байқау ұйымдастырса, міндетті түрде оқушыларымды қатыстырғым келеді. Газет оқу зиялылық пен мәдениеттіліктің белгісі деп санаймын. Неғұрлым көп оқыған сайын, соғұрлым сауатың арта түседі. Сондықтан әлеуметтік желіде уақытты құр өткізбей, ақпаратпен қанығып жүрейік. Қоғамның жаршысына айналған газеттің оқырманы көп болсын!

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button