Қолжетімді бағамен жергілікті өнімдер: Ақтөбеде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр

Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базары аумағында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Іс-шараға Темір және Шалқар аудандарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, сондай-ақ Ақтөбе қаласының фермерлік шаруашылықтары қатысуда.
Жәрмеңкеде жергілікті өндірістің сапалы өнімдерінің кең ассортименті ұсынылған. Сатып алушылар ет және сүт өнімдерін, көкөністерді, картопты, ұнды және басқа да күнделікті тұтынатын тауарларды делдалсыз, тікелей өндірушілерден сатып алуда.
Жәрмеңкеде «Ауыл аманаты» жобасы аясында өндірілген өнімдерге ерекше орын берілген. Қала тұрғындары мен қонақтарына ауыл кәсіпкерлігін қолдау және аграрлық секторды дамыту аясында шығарылған экологиялық таза өнімдер ұсынылуда.
Жәрмеңкенің басты артықшылықтарының бірі — қолжетімді баға. Мұндағы барлық өнімдер нарықтағы бағадан 10–15 пайызға төмен бағамен сатылуда. Бұл тұрғындарға тиімді сауда жасауға және отандық тауар өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылар Ақтөбе қаласының тұрғындары мен қонақтарын жәрмеңкеге келіп, сапалы өнімдер сатып алуға және жергілікті ауыл шаруашылығының дамуына қолдау көрсетуге шақырады.






