Денсаулық

Ясный-2 ауылында  амбулатория пайдалануға берілді

Медицина қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында Ақтөбенің Ясный-2 ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды. Ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова және Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов және қатысты.

Облыс басшысы ғимарат алдында ауыл тұрғындарын құттықтады.

— «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста жаңа ғимараттар салынып жатыр. Бұл халықтың медициналық көмекті кедергісіз алуына мүмкіндік береді. Мемлекеттің ең негізгі мақсаты — ұлттың денсаулығын сақтау, жақсарту. Осы мақсатта үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Бүгін соның дәлелі ретінде жаңа ғимарат іске қосылып отыр, — деген облыс әкімі барлық мәселе біртіндеп шешілетінін айтты.

Сондай-ақ халық денсаулығын жақсартуға қосқан  үлесі үшін амбулаторияның екі қызметкерін Алғыс хатпен марапаттады. Ауылдың үлкендері облыс басшысына алғысын білдірді. Ғимараттың лентасы қиылып, тұрғындар ішін аралап көрді. Заманауи үлгіде салынған амбулаторияның іші жарық әрі кең. Акушер-гинеколог, педиатр мамандарына арналған кабинеттер мен күндізгі стационар, егу бөлмелері бар. Барлығы да жаңа жабдықтармен жарақталған. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі негізінде салынған ғимараттың жалпы құны — 90 миллион теңге.  Облыс әкімі дәрігерлермен тілдесті, мерекелерімен құттықтады. Ауыл тұрғындары жаңа ғимараттың ішін көріп, ерекше қуанышқа бөленді.

Ясный ауылында 1988 жылдан бері тұрамын. Сол кезден бері ескі амбулаторияға қаралып жүрдік. Іші тар, адам көп болса, қиындық көретін едік. Ал бүгін жаңға ғимарат ашылып, қуанышымызда шек жоқ, — деді ауыл тұрғыны Ұлбике Қанатбаева.

Дәрігерлік амбулатория қаладағы №2 емхананың филиалы болғандықтан, аурудың түріне байланысты кейбір науқастар қалаға жіберіледі. Емхананың бас дәрігері Қайырбек Тоқтаров маман мәселесінде ешқандай қиындық жоқ екенін айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button