Денсаулық

Қан тапсырып, өзгеге өмір сыйла!

Атаулы күн

14 маусым — Бүкіләлемдік донор күні. Осыған орай Ақтөбе қаласындағы «Keruen city» сауда, ойын-сауық орталығында қан тапсыру акциясы ұйымдастырылды.

Тимур Мендалиев 2007 жылдан бері 50 рет қан тапсырып, 25 адамның өмірін аман алып қалуға ықпал етті. 30 жастағы ақтөбелік тұрғын өз еркімен қан тапсыруды әдетке айналдырған.

—Алғаш рет ғаламтордан бейнероликтер арқылы кішкентай балаларға көмек сұраған қайырымдылық шараларын көрдім. Соның әсерінен тұрақты түрде қан тапсырып келемін. Екі аптада бір рет плазма, ал төрт айда бір рет қан тапсырып тұрамын. Плазма, әсіресе, жаңа туған науқас нәрестелерге құйылады.

Қан беру — өзге біреуге жаңа өмір сыйлаумен тең. Сондықтан ақтөбеліктерді қан тапсырып, игілікті іске атсалысуға шақырамын. Себебі кез келген уақытта науқастарға қан керек болуы әбден мүмкін, — дейді ол.

Акцияға барлығы 100-ге жуық адам белсене қатысты. Олардың ішінде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының және төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының курсанттары, медицина қызметкерлері мен студенттер, ерікті жастар бар.

Былтыр облыста 9700-ден аса адам медициналық көмекке мұқтаж жандар үшін қан тапсырды. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 16,1 пайызға көп.

Өзгенің өмірін сақтап қалу үшін қан тапсырған донорлар мемлекеттік бюджет аясында адам иммун тапшылығы вирусына, гепатит В және С, сифилиске анализдерді тегін тапсырып, өзінің қан тобын және гемоглабин деңгейін біле алады.

Шара барысында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, тұрақты түрде донор болып жүрген 10 белсенді азаматқа облыстық қан орталығы тарапынан Алғыс хат табысталды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button