Пікір

Тек жақсылық күтеміз!

Амангелді ЕСІРКЕПОВ,

облыстық мәслихаттың депутаты,

Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжінің директоры.

Кеше Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміне бәріміз тікелей эфир арқылы куә болдық. Жаңа Мемлекет басшысының өз сөзінде он негізгі бағытты белгілеп, әсіресе, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруді ерекше атауы біздің көңілімізден шықты.

Қазақстан Президентінің халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар жасау, соттық-құқықтық реформа, әділетті әлеуметтік саясат, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерді дамыту, тепе-теңдік және көпвекторлы сыртқы саясат, жастарды қолдауға баса мән бергені көпшілікті бейжай қалдырған жоқ деп есептеймін.

Соның ішінде, менің ойымша, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған саясатын одан әрі қарай жалғастырамын, көтерген бастамаларын аяқсыз қалдырмаймын дегені өте дұрыс шешім болды.

Сондай-ақ, өзін саясаткер, дипломат ретінде қалыптастырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің халықаралық аренадағы орнын айқындау үшін атсалысамын дегені де құптарлық жайт. Әлем елдерінің Қазақстанға көңіл аударып, зер салып отырған уақытында бізге осындай басшы қажет.

Президенттің: «Табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтық — біздің қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе. Әрине, мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар, дегенмен тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Сондықтан дәл осы өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселені шешу үшін орта мерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет» деуі елдің хал-ахуалын жақсартуға жасалған оң қадам деп есептеймін. Бірінші бағыт ретінде халықтың табысын арттыруға тоқталғаны да ұнады. Шын мәнінде, қазақстандықтардың күтіп отырғаны да осы.

Жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты лайықты жалақымен қамту жайын сөз еткені де үлкен үміт сыйлайды.

Қорыта айтқанда, жаңа Президентімізден тек жақсылық күтеміз! Лайым, халықтың жағдайын жақсартып, көңіл күйін көтеруде айрықша үлес қосады деп ойлаймыз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button