Әлеумет

«Рамазан керуені»: 120 отбасына көмек 

Қасиетті Рамазан айында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінен бастау алған «Рамазан керуені» Ақтөбе өңірінде өз жалғасын тапты. Ақтөбеде бұл шара облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұйымдастыруымен және кәсіпкер Ардақ Өтегеновтің қаржылай демеушілігімен жүзеге асты.

Қайырымдылық шарасы ақтөбелік танымал өнерпаздардың ән шашуымен басталды. Жарапазан айтылып, қазақтың ежелгі салт-дәстүрі санада қайта жаңғырып, көпшілікті бір серпілтіп өтті.

Бұдан кейін жиналған қауым алдында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби қажы Оспан сөз сөйлеп, «Рамазан керуенінің» маңыз-мақсатын түсіндіріп өтті. Қайырымдылық шарасына ұйытқы болған жомарт кәсіпкерге жұртшылық атынан алғыс айтты. Айта кетсек, кәсіпкер Ардақ Өтегенов мұқтаж 40 адамның әрқайсысына өз қолымен 25 мың теңгеден таратып, жалпы мөлшері 1 миллион теңге көлемінде қаржылай зекетін үлестіріп, көптің алғысын алған еді.

Міне, енді азық-түлік салынған «Рамазан қоржындары» тиелген көліктер мешіт алаңындағы қайырымдылық шеруінде сап түзеді. Сауапты іске атсалысуға ниет еткен 30 ақтөбеліктің көліктеріне 25 келілік азық-түлік қоржындары тиеліп, алдын ала жасалған тізім бойынша облыс орталығындағы 120 мұқтаж отбасының мекенжайларына жіберілді.

«Рамазан керуенінің» алғашқы легі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Жайна» сауықтыру стационарына келіп тоқтады. Бас имам балаларды емдеу орталығындағы 10 ата-ана атына 20 «Рамазан қоржынын» табыстады.

Біз барша кәсіпкер, жомарт азаматтарды қасиетті айда жақсылық жасауға шақырамыз.

 Облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button