Басты жаңалықтар

Жүлде иелері — әкелер

Байқау

Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде «Менің әкем — 2019» байқауы өтті. Мақсат — қоғамда әкелердің беделін күшейтіп, абыройын арттыру. Биыл екінші рет ұйымдастырылған шараға 60-қа жуық әкелер қатысты.

Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жиналғандарды құттықтады.

Отбасында әкенің беделі күшті болуы керек. Себебі қоғамда болып жатқан проблемалардың көпшілігі  әке рөліне тікелей қатысты. Балаға көңіл бөлмей, тәрбиені тек анасына жүктеп қоятындар бар.  Қандай жағдайда да соңғы шешімді әкеге қалдыру керектігін отбасындағы әрбір әйел  ұмытпағаны жөн. Сондықтан әке беделін арттыру бағытында жұмыс жасауымыз қажет, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Жоба жетекшісі Жаңалық Ахаштың айтуынша, биыл қатысушыларға қойылатын талап күшейген. Оның ішінде 10-15 баласы бар  әкелерді көбірек насихаттау көзделіпті.

Салтанатты жиында барлық әке бес номинация бойынша марапатталды. «Батыр әке» номинациясына Есқуат Қошаманов пен Қайырхан Шамшин  ие болды.  Екі әкеге 150 мың теңгеден сыйлық берілді. Есқуат Қошаманов Байғанин ауданы Қопа ауылынан келіпті. Қырықтан асқан шағында  әйелі көз жұмып, 12 баламен жалғыз қалған Есқуат екінші рет үйленеді. Сөйтіп 15 баланы тәрбиелеп, жетілдіреді. Сахнаға көтерілген қария көзіне жас алып, шараны ұйымдастырушы жастарға алғысын білдірді. Ал «Қамқор әке» номинациясы бойынша мүмкіндігі шектелуі балаларын бағып отырған әкелер марапатталды. Оларға «Отбасы хрестоматиясы» кітабы сыйға тартылды.  «Мейірімді әке» мен «Мұғалім ағай» номинациясына ие болғандарға шипажайға жолдама берілді.  «Ханшайымдар әкесі» номинациясы бойынша әкелер ақшалай сыйлыққа ие болды.  Барлық әкеге естелік сыйлық ретінде қамшы  таратылды. Жергілікті өнерпаздар ән айтты. Байқауға Темір, Қарғалы, Алға аудандарының әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлер демеушілік көрсетті.

Биылғы шара Рамазан айымен тұспа-тұс келгендіктен, Ақтөбе қалалық мешітінің бас имамы Амантай Садиев барлық әкеге ауызашар берді. Дастарқан басында әкелер өз ойларын, ұсыныс-пікірлерін айтса, жергілікті өнерпаздар ән айтып, күй тартып, кештің сәнін келтірді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button