Құқық

Телефон тұтқасы тұтатқан «әлек»

Ақтөбе қалалық №2 сотының үкімімен Азамат С.  Қазақстан Республикасының  қылмыстық Кодексінің 242-бабы бойынша, яғни лаңкестік іс-әрекет туралы жалған ақпарат бергені үшін кінәлі деп табылып, жаза ретінде  3 жылға бас бостандығын шектеу белгіленді.

Аталмыш істің мазмұнына келетін болсақ, 1976 жылы дүниеге келген Азамат С. Ағымдағы жылдың 25 сәуірінде өзінің достарымен қаламыздың орталығындағы ойын-сауық орындарының бірінде көңіл көтермекші болып, бас қосады. Бірнеше сағатқа созылған кездесу соңында өзінің ұялы телефоны арқылы «102» жедел көмек нөміріне телефон шалып, өзі отырған аталмыш кафеге жарылғыш затты орнатып,  енді үлкен  жарылысты күтіп отырғандығын хабарлаған.

Мұндай суық хабар алған ішкі істер, төтенше жағдайлар және медициналық көмек органдары жедел түрде жоғарыда аталған кафеге келіп, алкогольге лық тойып алған екі азаматты қолға түсіреді. Іс материалдарына сай өзінің жасаған қылығының  салдарын түсінген телефон шалушы болса, құқық қорғау органдары келген кезде, өзінің ұялы телефонын сындырып, жойғысы келген көрінеді. Жалған ақпарат берген айыпталушының заңсыз іс-әрекетінен келген  шығын 30 000 теңгені құраған.

Сот барысында айыпталушы өзінің алкогольдік ішімдік ішкендігін, есін білмегендігін және өз ұялы телефонының қай жерде қалғандығын байқамағандығын айтып, ақталыпты.  Төрағалық етуші судья барлық күмәнді жайттарды жою үшін ұялы телефон арқылы айтылған жалған хабарды тексертіп, бұл дауыстың айыпталушынікі екендігін анықтаған.

Сот үкіміне сай, бостандығы шектелген сотталушы Азамат С. арнайы органды ескертусіз өзінің тұрғылықты орнын,  жұмыс орнын өзгерте алмайды. Сонымен қатар оған Ақтөбеден  басқа елді мекенге де аттануға арнайы рұқсат қағазы қажет. «Ойыннан от шығады» дейді халқымыз. Өз бас бостандығын бағалай білмеген Азамат С. ендігі кезекте әрбір қадамын ойланып істеуге мәжбүр.

Нұрлан КҮНТУОВ,

облыстық соттың басқарма басшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button