Басты жаңалықтарЖастар

«Жасыл ел» еңбек жасақтарының жаңа маусымы ашылды

Кеше Ақтөбе қаласының іргесіндегі Украинка ауылындағы «Эльмира» тәлімбағында  студенттік  құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының ХV жаңа еңбек маусымының ашылу салтанатына қатысқан  облыс әкімі Оңдасын Оразалин студенттерге сәттілік тіледі.

Жазғы каникулда  құрылыс отрядтары мен көгалдандыру  жұмыстарында еңбек етуге құлшыныс білдірген жастар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Биыл  еңбек  маусымында ақтөбелік жоғары оқу орындары мен колледждердің 5 мың 500 студенті қамтылады деп күтілуде. Бір айға  60-70 мың теңге  еңбекақы алады. Қаржының тең жартысын жұмыс беруші  тарап төлесе, қалғаны жергілікті бюджеттен  бөлінеді.

2005 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың  студенттік құрылыс отрядтарын қайта жандандыру, жастарды еңбекпен қамту  бастамасына сәйкес  студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтары  республиканың барлық облыстарында құрыла бастағанда, Ақтөбе өңірі осы істің бастауында тұрды.  Бүгінде жылма-жыл еңбек отрядында жұмыс істеуге ынталы жастар қатары көбейіп келеді.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жаңа еңбек маусымына кіріскен жастарға сәттілік тілеп:

— Ақтөбе облысы  осыдан 15 жыл бұрын студенттік құрылыс отрядтары мен «Жасыл ел» жасақтарын құру бастамасының ең басында тұрған еді. Біз сол кезде  60-қа жуық жастың басын құрап, тұңғыш отряд құрғанбыз. Содан бері «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 50 мың жас жазғы маусымда  еңбек етіп табыс тапса, екінші жағынан, өңірдің  абаттандырылуына, көгалдандыруға көп  пайдасын тигізді. Бағдарлама 15 жыл ішінде бірде-бір рет қысқарған жоқ. Бір жағынан, жастарды еңбекке баулу, екінші жағынан, оларға  әлеуметтік көмек беру мақсатында құрылған бастамаға қатысушылар  қатары  жыл сайын  көбейіп, биылғы маусымда алты мыңға дейін өскені бізді қуантады, — деді.

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің 4-курс студенті Айжан Досова: «Мен «Жасыл ел» еңбек жасағына екінші жыл қабылданып отырмын. Бұл жастардың адал еңбек етуі арқылы табыс тауып, бойларындағы жақсы қасиеттерін, дағдыларын көрсететін мүмкіндігі деп ойлаймын. Достармен қарым-қатынасқа, еңбекке үйрендім».

Биылғы еңбек маусымының соңында үздік шыққан  еңбек  жасақтарының белсенді 80 студентіне Нұр-Сұлтан қаласына 3 күнге барып қайтуға тегін жолдама беріледі.

 

                                                                                   Баян СӘРСЕМБИНА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button