Жеңіс

Медбике Вера

 Вера Фелиппова —  соғыста  жаралы жауынгерлерді емдеп, олардың қатарға қосылуы үшін бар күш-қуатын аямаған медбикенің бірі. Жасы тоқсаннан асса да  ардагер  әлі күнге дейін сол сұрапыл күндерді ұмытпайды.

Вера Васильевна Филиппова Мәртөк ауданы Веренка ауылында  туып-өскен. Соғыс басталғанда 18 жасқа енді толған қыз Ақтөбедегі үш айлық жеделдетілген курста медбике ісін оқып, бірден еңбекке  араласып кетеді.

— Әкем Уәлихан кеңшарда жұмыс жасады. Ауылдастары Василий деп атайтын. Ал анам украин қызы Татьяна үй шаруасымен айналысты. Соғыс басталған кезде мен 18-ге енді толған едім. Жеделдетілген курсты оқып жүргенімде  Мәртөктің маңындағы  №35 разъезге  апамның үйіне бардым. Сол жерде жаралыларға көмек көрсететін пойыз басшысы менің медбике екенімді біліп,  бірден көмекші қылып алды. Осылайша 1943 жылы 9 шілде күні  майдан даласына аттанып кете бардым. Соғыс аяқталғанға дейін №97 әскери санитарлық пойызда ерікті түрде медбике болып жұмыс жасадым. Қай жерде жаралы жауынгерлер көп, бізді сол маңға алып барады. Әлі есімде, Германиямен шекаралас жерде қатарынан 18 күн тұрдық. Өте ауыр ұрыс болды. Жарылыста жараланған жауынгерлерді оқ пен оттың ортасынан өтіп, пойызға алып келеміз.  Бірі аяғынан, бірі қолынан айырылып жатты. Олардың жарақатын таңып, тамақ беріп,  тыным таппайтын едік. Вагонның іші суық. Көмір жағатын ешкім жоқ. Қара жұмыстардың барлығын медбикелер өздері атқарады. Қазір ойлап қарасам, жап-жас болып сондай ауыр жұмыстарды жасаппыз, — дейді Вера әжей.

Қан майданда медбикелер жауынгерлермен бірдей қатерге басын тікті. Атыс алаңынан жаралы жауынгерлерді сүйреп, енді бірін арқалап  әкеліп, нәзік қолдарымен жарақаттарын таңды, жылы сөздерімен күш берді. Окопта қансырап тұра алмай жатқан сарбаздарды сыртқа шығарды. Медбикелер мыңдаған жауынгерді ажал ауызынан алып қалды.

Жауынгерлердің бірі отбасына хат жазып беруін сұраса, енді бірі менің өзіме алғысын айтып хат қалдырады. Мәскеуге келген кезде біздің пойызға  солдаттардан хат келіп тұрды. Өкініштісі, соларды сақтамаппын, — дейді Вера әжей.

Медбике  «Германияны жеңгені үшін» медалі, екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені және көптеген марапаттарды кеудесіне тақты.  Соғыс аяқталып, пойыз таратылған кезде Вера әжейге үйіне қайту үшін билет беріліпті. Ол бірден елге қайтпай, Өзбекстанның Бұхара қаласында тұратын апасының үйіне барады. Сол жерде екі жылдық курсты аяқтап, медбике болып қызмет етеді. Тұрмысқа шығады. Күйеуі көз жұмған соң 1988 жылы елге оралады.  Қазір Вера әже өзі тұрады. Жалғыз ұлының балалары келіп, қарап, қарияның жағдайын біліп кетеді. Мереке қарсаңында көңіл бөліп, сұхбаттасқанымызға риза болған әже бізді батасын беріп, шығарып салды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button