Мереке

Ақтөбеде «Максим» пулеметінің тұпнұсқасы бар

Ақтөбедегі «Қос шынар» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес  қазақтың батыр қыздары — Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ерлігін насихаттауда өлшеусіз үлес қосып келеді.

Қырық жылдан астам уақыт бойы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлігін дәріптеумен айналысып жүрген Ғалымжан Байдарбес батыр қыздың есімін ұлықтауда елеулі еңбек сіңірді. Ол Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың да ерлігін насихаттап, бұл бағытта біраз шаруа тындырды. Ақтөбедегі медициналық колледж базасында 2010 жылы Мәншүкке арнап шағын мұражай да ашуға атсалысты.

2010 жылы осы оқу орнында Мәншүкке арнап шағын мұражай аштық. Ондағы көптеген экспонаттар Батыс Қазақстан облысынан әкелінді. Бұл істе Ақтөбедегі медицина колледжінің бұрынғы басшысы, марқұм Вадим Югайдың сіңірген еңбегі зор.  Қазір бұл музейде Мәншүктің кезіндегі «Максим» пулеметінің тұпнұсқасы тұр. Әрине, Мәншүктің өз пулеметі емес. Бірақ мұндай қару басқа музейлерде жоқ. Мұны Мәскеуден арнайы алдыртқан Вадим Югай еді. Мұндай қарудың тұпнұсқасын алу — өте қиын шаруа. Алайда Вадим Николаевич оның тетігін тапты. Ал түпкі  мақсат — оқу орнына батырдың есімін алып беру еді. Себебі, соғыс кезінде Мәншүк бос уақытының барлығын далалық госпитальде өткізіп, айқас алаңынан жеткізілген жараланған адамдарға көмектескен. Бұл іске Мәншүктің соғысқа дейін институттағы медбике курсында алған білім-тәжірибесінің септігі тиген. Бұл жөнінде батыр туралы естеліктерде айтылады, — дейді Ғ.Байдербес.

Ғалымжан аға қоғамдық қордың атын «Қос шынар» деп қоюының өзіндік мәні барын да айтып өтті. «Біріншіден, Шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүк — бірін-бірі толықтырып тұратын тұлғалар. Екіншіден, олар өмірде бірін-бірі көрмеген, бірін-бірі білмейді. Бірақ, екеуі де ел басына күн туған сәтте қолдарына қару алып, ерлік жасады. Сондықтан, екеуін бөліп қарауға болмайды. 1968 жылы қалалық комитет Ақтөбеде Цветочный көшесіне Мәншүк Мәметованың есімін берген. Бұл — бұрынғы Жағалау (Набережный), яғни қазіргі Мәншүк Мәметова атындағы көше. Қайта құрудың кезінде сол кездегі жергілікті билік ешкімнің рұқсатынсыз бұл көшенің атын өзгертіп, Набережный деп атаған. Кейін сол көшеге Мәншүк Мәметованың есімін қайтарып алу үшін тағы 6 жыл жүрдік. Осы көшенің аты аталған сәтте менің бойымды бір ұлттық рух, патриоттық сезім билейді. Әлия мен Мәншүк — біз үшін ең ардақты есімдер, — дейді Ғалымжан Байдербес.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button