Басты жаңалықтар

Оразаға тең келер құлшылық жоқ

Биылғы, яғни хижраша 1440 жылғы рамазан айы қолданыстағы күнтізбе бойынша 6 мамырда басталады. Парыз етілген рамазан оразасын ұстауға ниеттенген жандар мамырдың 5-інен 6-сына қараған түнде, таң намазына 10 минут қалғанға дейін сәресін ішіп болып, ауыз бекітеді.

Исламда ораза құлшылық амалдың ең зоры болып табылады. Көптеген хадистерді жеткізген сахаба Әбу Үмәма бұл жөнінде: «Пайғамбарымыздан жақсы бір амал сұрадым. Ол маған: «Ораза ұста, өйткені, оған тең келер құлшылық жоқ. Мен осылай деп тағы екі-үш қайталап сұрасам да: «Ораза ұста, оған тең келер құлшылық жоқ», — деген жауабынан танбады», — депті. Соның ішінде рамазан оразасы — мұсылман қауымына парыз етілген бес амалдың бірі екені баршаға белгілі.

Қасиетті рамазан айы қарсаңында біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл-имамы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби қажы Оспанды әңгімеге тартқан едік:

Оразаның парыз етілуі

Рамазан — қасиетті Құран түсіріле бастаған ай. Бұл айда жұмақтың қақпалары айқара ашылып, тозақтың қақпалары тарс жабылады да, шайтандар мен дүлей жындар кісенделеді. Рамазанда жасалған әр ізгі амал мен әр жақсы іске ондаған есе сауап жазылады.

Рамазанда барша мұсылманға ораза ұстау парыз етілген. Бұл жөнінде Құранның «Бақара» сүресінде айтылған: «Бұрынғы қауымдарға парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді» (183-аят). Осы парыз оразаның рамазан айында ұсталуы керектігі де Құранда айтылады. Яғни, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс әр мұсылман рамазан айында таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ұстауды ниет етіп, ішіп-жеуден және жұбайлар арасындағы төсек қатынасынан тыйылады.

Ораза ұстау үшін ауыз бекіту мен ауызашар мезгілі таң және ақшам намаздарының уақытымен айқындалады. Таң намазына 10 минут қалғанда сәресі ішу тоқтатылып, ауыз бекітіледі де, ақшам намазының уақыты кірген мезгілден бастап, ауыз ашуға болады. Ауыз бекітерде және ауызашарда ораза ұстауға ниет етіледі және әр күннің оразасы үшін жеке-жеке ниет ету қажет.

Аяғы ауыр әйелдер мен емізулі сәбиі бар аналар, денсаулығы сыр беріп, ағзасы күні бойы ашығуды көтермейтін немесе дәрі ішетін жандар рамазан кезінде ораза ұстамайды, бірақ оның қазасын кейін өтейді. Сонымен қатар, өзі тұратын елді мекеннен 90 шақырым алысқа жолаушылаған жандар да оразасын уақытша тоқтатып, кейін қазасын өтейді. Ал денсаулығы тым әлсіз, қарт адамдар ораза ұстамай, оның орнына, мүмкін болса, підия береді. Підия дегеніміз — бір міскінді отыз күн бойы екі мезгіл тамақтандыру, немесе оны алпыс адамды бір рет тамақтандыру арқылы, сондай-ақ ақшалай да өтеуіне болады.

Оразаның пайдасы әр адамның жеке басымен ғана шектелмейді, ол бай мен кедейді, ауқатты адам мен мұқтаж жанды жақындата түседі, яғни қоғамның ынтымақ-бірлігін нығайтуға да игі әсерін тигізеді. Өйткені күні бойы ораза ұстап, ас-сусыз жүру арқылы тоқ адам ішерге тамағы жоқ кедейдің ауыртпалығын өз басынан өткереді, ал мұндай халден соң, айналасындағы жоқ-жітіктің жанашырлыққа, мейірімділікке зәру екенін түсінетін болады.

 Он екі айдың сұлтаны

Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) хадисінде: «Ережеп — Алла Тағаланың айы, шағбан — менің айым, рамазан — үмбетімнің айы», — делінген. Бұл рамазанның мәні мен пайдасы тек ораза ұстаумен шектелмейтіндігін мегзейді.

Қасиетті айдың сауабын аңсаған әр мұсылман бұл айға ораза ұстауды ниет етумен қатар, іштей үлкен рухани дайындықпен келуі тиіс. Рамазанда тілді біреуді жамандаудан, сөзбен жарақаттаудан, сырттай балағаттаудан тыю, жаман істерден, жалпы, күнә атаулыдан аулақ болуға, кешірімді болуға, пейіліңді түзеуге ұмтылу адамды рухани тазалыққа жетелейді. Пайғамбарымыз бұл айда тіпті өзіңді балағаттап жатқан жанға да: «Мен ораза едім», — деген жауаппен шектелу керектігін айтқан.

Адамның басқаларға істеген немесе ойлаған жамандығы, айтқан ауыр сөздері, ең алдымен, оның өзінің рухы, жаны үшін — ауыр жүк. Соның салдарынан кейбіреулер депрессияға, жан азабына ұшырап, психологтың көмегіне, ақылы ақыл-кеңеске жүгінеді, тренингтерге барады. Сондықтан ең алдымен рухани тазалыққа үндейтін рамазанның қадір-қасиетін түсіне білу, осы айда әр қадам, әр ісімізбен Аллаға жақындауды ниет ету әрқайсысымыз үшін де өте маңызды.

Мұсылман адам қай уақытта да жан-жағына көмек көрсетуге, басқаларға пайдасын тигізуге ұмтылса, ал рамазанда ондай істерді еселей түскен абзал. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, бұл айдағы әр парыз амал мен әр жақсы іске ондаған есе сауап жазылады.

Рамазанның ішінде қасиетті Құран түсіріле бастаған, мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Биыл Қадір түні мамырдың 31-інен маусымның 1-іне қараған түнге сәйкес келеді.

Пітір садақасы

Рамазан айына пітір садақасын беру — уәжіп амал. Пітір садақасын әр мұсылман өзі және қамқорлығындағы жандар үшін, адам басына есептеп береді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқасы биылғы пітір садақасын жан басына 300 теңге мөлшерінде бекітті. Бұл — ең төменгі мөлшер. Мүмкіндігі жететін жандар пітір садақасын 4 келі құрма немесе мейіз бағасымен есептеп бере алады.

Пітір садақасы рамазанның алғашқы күнінен бастап, Ораза ай мерекесіндегі айт намазына дейін беріледі.

Пітір садақасын өз айналасындағы көмекке мұқтаж жандарға немесе мешіттерге береді. Мешіттерге берілген қаржы да мұқтаж жандарға жәрдем ретінде қайырымдылық істерге жұмсалып келеді.

Отыз күнге — отыз сауапты іс

Облысымыздағы мешіттер рамазан айына көптеген игі істерді жоспарлап отыр. Биылғы рамазан отыз күнге созылады. Осы күндері үлкен мешіттерде ауызашарлар беріліп, Құран хатым етіледі. Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде Ойыл топырағынан шыққан қари Бекжан Әлденов Құран хатым ететін болады.

Мешіттерде ауызашар беру үшін, үлкен мешіттер алдына киіз үйлер тігілген. Ауызашар дастарқандары демеушілер көмегі арқылы жайылады. Рамазанда ауызашар берген жанға ораза ұстаған жанның сауабына тең сауап жазылатыны хадисте айтылған. Мешіттердегі ауызашар дастарқандарына қалауы бойынша кез-келген отбасы өз үлесін қоса алады.

Рамазанға тән құлшылық амалдардың бірі — тарауих намазы. Ол рамазан айының әр түнінде құһтан мен үтір намаздарының арасында оқылады. Тарауихты жамағатпен бірге, мешітте оқудың сауабы мол. Сондықтан облыстағы мешіттерде жамағатпен бірге тарауих намазын оқу ұйымдастырылады. Ал мешітке келуге  мүмкіндік болмаған жағдайда, өз үйінде оқуына болады.

Рамазан айында облысымыздағы мешіттер «Отыз күнге — отыз сауапты іс» акциясын жариялап, тұрмысы төмен отбасылар, жалғыз қалған қариялар, басқа да көмекке зәру жандар үшін қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Мешіт қолға алған акцияға әр адам өз үлесін қоса алады. Бұл істер тек қаржылық көмекпен шектелмейді, мысалы, жалғыз тұратын қариялардың не мүгедек жандардың үй шаруасына қарайласу, басқа да осы секілді көптеген істер қолға алынбақ.

Әр шаңыраққа, әр мұсылманға қасиетті айдың шапағаты мол болғай!

Жазып алған Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Ақтөбе қаласы бойынша 2019 жылғы рамазан айының ОРАЗА ҰСТАУ КЕСТЕСІ

Рамазан мамыр және

маусым

Таң намазы

(ауыз бекіту)

Ақшам

(ауызашар)

1 6.05 03:44 20:43
2 7.05 03:41 20:44
3 8.05 03:39 20:46
4 9.05 03:36 20:47
5 10.05 03:33 20:49
6 11.05 03:31 20:50
7 12.05 03:28 20:52
8 13.05 03:26 20:53
9 14.05 03:23 20:55
10 15.05 03:20 20:56
11 16.05 03:18 20:58
12 17.05 03:15 20:59
13 18.05. 03:14 21:00
14 19.05 03:14 21:02
15 20.05 03:13 21:03
16 21.05 03:13 21:04
17 22.05 03:12 21:06
18 23.05 03:12 21:07
19 24.05 03:11 21:08
20 25.05 03:11 21:10
21 26.05 03:10 21:11
22 27.05 03:10 21:12
23 28.05 03:09 21:13
24 29.05 03:09 21:14
25 30.05 03:08 21:15
26 31.05 03:08 21:16
27 1.06 03:08 21:18
28 2.06 03:07 21:19
29 3.06 03:07 21:20
30 4.06 03:07 21:21

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button