Білім

Балдырған

Мен — қазақтың қызымын

Мен — өршіл рухты қазақ ұлтының ұрпағымын. Мұндай өшпес рух көріністері қазақ тарихында мың сан мәрте қайталанды.

Мәселен, Ұлы Отан соғысында батыр аға-апаларымыз ақтық демдері таусылғанша шайқасты. Көптеген жауынгерлер елі мен жерін қызғыштай қорғап, қарша бораған жау оғына төтеп берді.

Бұл қанды қырғынды есіме алсам, алдымен Әлия апам ойға оралады. Батыр апамыз жарқ еткен жұлдыздай жанды да, жау оғынан қаза тапты.

Мен — Әлиядай апаның ізінен ерген қазақ қызымын. Үнемі батыр қыз жасаған ерлікті есіме алып, оның есімін ардақтауға тырысамын. Біз, яғни, жастар батырларымыз берік ұстаған ерлік пен елдік туын төмен түсірмей, сол асқақ биікте ұстауымыз керек. Еліміз үшін қан төккен батырларымыздың ерлігі жадымызда жатталып, ешқашан ұмытылмауы тиіс.

Нарқыз ТАМАБАЙ,

М.Құсайынов атындағы облыстық

мектеп-интернаттың оқушысы.

Оқушының өлеңі

Менің тілім

Ана тілім — қасиеттім, ардағым,

Мен өзіңмен биіктерге самғадым.

Сенің ғажап құдіретің бас иіп,

Саған аппақ сезімімді арнадым.

Ана тілім, өркендей бер сен деймін,

Сен барда мен алаулаймын, сөнбеймін.

Тілім менің тіршілігім, тынысым,

Сенсіз бақыт бар дегенге сенбеймін.

Нұрсұлтан АХМЕТКЕРЕЙ,

М.Құсайынов атындағы облыстық

мектеп-интернаттың оқушысы.

Ұстазым

Жақсылықты асырған,

Жамандықты жасырған,

Рахмет саған, ұстазым,

Келеді саған ұқсағым.

Данагүл КӨШКІМБАЕВА,

М.Құсайынов атындағы облыстық

мектеп-интернаттың оқушысы.

Отан

Отан менің анамдай,

Отан менің санамдай.

Отан, Отан, Отанды

Қастерлеймін анамдай.

Ажар ДҮЙСЕН,

оқушы.

Сарбие ауылы,

Ойыл ауданы.

Біліп жүр

Австралия, Австрия, Австразия, Австралапитектер…

Әсіресе, география пәнінде жиі айтылатын осы атауларды бір-бірімен шатыстырып алу да қиын емес. Бір қызғы, кезінде бұлардың атауларын өзгерту туралы талай рет мәселе де қойылды. Бірақ…

Әуелі Австралия туралы айталық. Бұл латынның «оңтүстіктегі жер», «оңтүстік» деген мағына беретін сөзінен шыққан атау. Австралия атты материк те, мемлекет  те бары мәлім.

Материк Оңтүстік жарты шарға орналасқан, оны әлем картасынан оп-оңай тауып алуға болады. Солтүстігі мен батысын — Тынық мұхит, шығысы мен оңтүстігін Үнді мұхиты орап жатқан оқшау әлем — осы Австралия.

Аталған материктегі 15 миллионнан астам халқы бар мемлекетті негізінен ағылшын тілінде сөйлейтін халықтар мекендейді. Ағылшындар мұнда өте ертеде келгенге ұқсайды. Материкті 1606 жылы голландиялық В.Янцан атты саяхатшы ашса керек. Сондықтан ұзақ уақыт ол «Жаңа Голландия» аталып келген.

Ал Австрияға келсек, бұл — Орталық Еуропадағы ірі мемлекеттердің бірі. Астанасы — Вена қаласы. Мемлекеттік тілі — неміс тілі.

Австразия деп фрактардың ҮІ-ҮІІ ғасырларда кемелденіп, бөлек отау тіккен, король басқарған елін айтқан. Мұның жоғарыдағы аттарға қатысы шамалы.

Ал австралапитектер дегеніміз ше? Бұл — латынның «авора» — «оңтүстіктегі» және гректің «питекс» «маймыл» деген сөзінен шыққан атау. Бұдан 2,6 миллион жылдай бұрын өмір сүрген екі аяқты адамға ұқсас мақұлқаттарды археология ғылымында осылай атайды.

Қазба жұмыстары жүрген кезде олардың қаңқалары Африканың оңтүстігінен көптеп табылған.

Міне, ұқсас атаулардың осындай мағыналары бар.

Атамекен

Ыстық ұя

Туған жер — әркімнің көзге ыстық көрінер алтын ұясы.

Мен өзімнің туған жерімді, Аралтоғай ауылын, өте жақсы көремін. Басқа жаққа қыдырып кетсем, туған жеріме жеткенше асығамын. Оның жұпар атқан жусаны, мөлдір ауасы, тіпті жотаға өрлеген жалғыз аяқ жол-соқпағы да  маған өте ыстық.

Біздің ауылымыз жылдан-жылға көркейіп келеді. Биыл мектебіміздің шатыры жөнделі. Мектеп жанынан «Балапан» балалар орталығы ашылды. Сондай-ақ мектебімізде С.Оразалин атындағы мұражай бар. Сабақтан тыс уақытта біз мұражайға кіріп, Сейдалы Оразалин атамыздың тұтынған заттарымен, туған жеріміздің тарихымен, ауылымыздан шыққан атақты адамдардың өмір жолдарымен танысамыз.

Біздің ауылдың жанынан Ырғыз өзені ағып жатыр. Ырғыз өзені, ауылымның табиғаты маған өте ұнайды.

Мен болашақта туған жер — алтын бесігімнің саясында қызмет етіп, көркейтсем деп армандаймын.

Бибінұр ҚҰЛТАНОВА,

С.Оразалин атындағы орта

мектептің 5-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button