Мереке

Шапағатты шақтың нұры

Ақтөбе қалалық Оқушылар сарайы ғимаратында Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Астана ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Әйел — әлемнің нұры» атты мерекелік кеш өтті.

Шараға әртүрлі салада еңбек етіп жүрген 300-ге жуық қыз-келіншек пен көпбалалы аналар қатысып, олардың 40-ы марапатталды.

Қалалық оқушылар сарайының өнерпаздары мерекелік көңіл күй сыйлап, кешке көрік бере түсті. Астана ауданы әкімінің орынбасары Сейтмағанбет Шілманов әйелдерді көктем мерекесімен құттықтап, Алғыс хаттар табыс етті.

Бүгінгідей көңілді шақта барлықтарыңызды көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтаймын. Барлық тіршіліктің бастауы, қайнар көзі — аналар, арулар, қыздар. Сіздерге зор денсаулық, жүздеріңізге күлкі, шаттық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деді С.Шілманов құттықтау сөзінде.

Бұдан соң денсаулық сақтау, мәдениет саласының өкілдері, педагогтар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен көпбалалы аналар марапатталып, оларға гүл шоқтары сыйланды.

Мерекелік шарада алғысқа бөленгендердің бірі — Шолпан Жүсіпова. Ол — Ақтөбе қаласындағы №9 «Бәйшешек» мектепке дейінгі ұйымының меңгерушісі.

— Осы салада еңбек еткеніме 15 жылдан асты. Бүгінгі мерекелік шараға арнайы шақыртумен келіп, құрметке бөленіп отырмын. Қуанышымда шек жоқ. Барлық аналарды, аруларды мерекемен құттықтаймын. Еліміздің болашағы саналатын тәрбиелі, білімді ұл-қыздарымыз аман болсын, — деді Шолпан Жүсіпова.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button