Құқық

Заң

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай  жауап береді

Облыс орталығынан үй алғым келеді…

Сіздердің газет арқылы берген құқықтық көмектеріңіз, жауаптарыңыз бен ақыл-кеңестеріңіз көптеген азаматтардың қажетіне жарап, өздерінің заңды құқықтарын қорғай алуына септігін тигізіп жатқаны сөзсіз. Мен де сондай құқығым мен үкімет тарапынан тиісті қандай жеңілдіктерім бар екенін білгім келіп, хат жолдап отырмын. Сұрайын дегенім – мен 1926 жылы 1 қаңтарда туғанмын. 1941 жылдан (он бес жастан) еңбекке араласып, «Бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен тылда күндіз-түні дамылсыз 16-18 сағаттан жол бойында жұмыс жасадық.

1951 жылдан бастап ауыл шаруашылығында механизатор болып, тыңды көтеруге аянбай тер төктік. 1958 жылдан зейнеткерлікке шыққанша малшы болдым. «Құрмет белгісі» ордені мен бірнеше медальдың иегерімін. Тылдағы еңбегіміз үшін берілген куәлік пен төсбелгісі де бар. Әйелім Мұхамедина Шәмшия екеуміз он бес баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсіріп, шамаларынша оқытып, жоғары білім әпердік.  Бүгінде ауылдағы баламның қолында тұрам.

Ауылдағы үйде қарт адамға қажет жылы су, ванна, дәретхана сияқты жағдай жоқ. Біз сияқты отбасына тиісті заң жолымен қандай көмек берілуге тиіс? Атап айтқанда, облыс орталығынан үй, ауылдағы шаруа қожалығым үшін шұрайлы жер алғым келеді және тағы басқа қандай көмектер бар екенін білсем деп едім.

Дүйсенбай Әлтаев

Шалқар ауданы

ҚР Жер кодексінің 50-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар мөлшерінде (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) тегін беріледі.

Жер учаскесін аталған мақсат үшiн қайталап тегiн беруге жол берiлмейдi.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірде қабылданған (соңғы өзгерістер 07.12.2009 ж. енгізілді) № 94-І Заңында осы Заң күшiне енгiзiлгенге дейiн есепте тұрғандар қатарынан тұрғын үйге мұқтаждарға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан бiрiншi кезекте тұрғын үй Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушыларына және белгiленген тәртiппен соларға теңестiрiлген адамдардың отбасыларына, Кеңес Одағының Батырларына, Социалистiк Еңбек Ерлерiне, «Алтын алқа» алқасымен марапатталған және бұрын «Ардақты ана» атағы берiлген аналарға, сондай-ақ Даңқ, Еңбек Даңқы, «КСРО Қарулы Күштерiнде Отанға қызмет еткенi үшiн» ордендерiнің үш дәрежесінің барлығымен марапатталғандарға беріледі. Сіз сияқты адамдарға басқадай қосымша жеңілдіктер мен жәрдем-көмек облыстық, аудандық (қалалық) деңгейдегі жергілікті билік орындарының қаулы-шешімдерімен белгіленуі және ол аймағына қарай әртүрлі сипатта болуы мүмкін.  Жеңілдіктер мен жәрдем-көмек тиесілі болуы үшін жеке куәлігіңіз сол аумақ бойынша тіркеуде (пропискада) болуы міндетті.

Ядролық сынақтан зардап шеккендер

зейнеткерлікке шығуы үшін қандай құжаттар дайындауы керек?

Семей сынақ алаңында 25 жыл еңбек еткендер 50 жастан зейнеткерлікке  шығады дегенді естіп жүрміз. Біріншіден, бұл мәселені анықтау үшін қандай құжатты негізге аламыз? Екіншіден, айтылған мәселе бойынша зейнеткерлікке шығу үшін қандай құжаттарды дайындауымыз керек?

Семей сынақ алаңында зардап

шеккен бір топ азаматтардан

Семей ядролық сынақ алаңында 1949 – 1963 жылдары кемінде 10 жыл тұрған ер адамдардың жалпы жұмыс өтілі 25 жылдан (әйелдер үшін – 20 жылдан) кем болмаған жағдайда 50 жасқа (әйелдер үшін – 45 жасқа) жеткенде зейнетақы тағайындалуы үшін «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» 20.06.1997 ж. Заң және «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» 18.12.1992 ж. Заң басшылыққа алынады. Зейнетақы тағайындалуы үшін “Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың” өзіңіз тұратын жердегі бөлімшесіне берілетін өтінішіңізге жеке куәлігіңіздің; ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматқа берілетін куәліктің; пәтерге тіркелу кітапшасының; әлеуметтік жеке код, СТН куәліктерінің көшірмелерін; зейнетақы мен жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйымдағы шотыңыздың нөмірі туралы мәліметтерді; жұмыстағы үзілістерге қарамастан, 01.01.1995 ж. бергі кезеңдегі қатарынан кез-келген 3 жылғы орташа айлық табысыңыз туралы анықтаманы; егер болса: зейнетақы қорына 01.01.1998 ж. дейінгі жұмыс кезеңінде сақтандыру жарналарының төленгені туралы анықтаманы, еңбек кітапшасының, әскери билеттің, балалардың тууы (қайтыс болғаны) туралы куәліктердің, біліміңіз туралы, жеке басыңызға қатысты басқа да құжаттардың көшірмелерін қоса тапсырасыз.

Мына телефондар бойынша хабарласуларыңызға болады:

тел.: 8 (7132) 51-04-13

8-702-318-04-13

E-mail: sultan.ns@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button