Құқық

Азғын жазасын алды

Осыдан бір жарым жыл бұрын Қандыағаш қаласын дүр сілкіндіріп, алақандай аумаққа лезде таралып, жұртшылықтың есін тандырып, жағасын ұстатқан сұмдық оқиғаның нүктесі қойылды.  Адам деп атауға жиіркенішті хайуан Һәм азғынның сотына ана-анасы да келген жоқ, олар дүйім жұртшылық алдында өздерін тірідей жерге көмгізген, «шіріген жұмыртқаға» теліген ұлдарынан біржолата бас тартқан.

Оқиға былай өрбіген: Жұмыс жоқтық, қол бостықтан іші пысып, тиісерге қара таппай келе жатқан жас жігіт нәпақа табу мақсатымен жан-жағына қарап, жерге тырс-тырс түкіріп тұрғанында, алыстан бір жігіттің сұлбасын байқап, қуанып кеткен. Жақындай келе жаңағы алыстан көрген жас бозбаланың бейтаныс екенін көріп онан сайын қуанып, ысқырып сала берген. Ашықтан-ашық тиісуге  тапа-тал түс. Жан-жағына қарап еді, ешкім көрінбейді екен. Ол өз ойын жүзеге асыру үшін қулыққа көшіп, жігіттен ұялы телефонын қоңырау шалғым келіп тұр деген желеумен алып, енді иеленіп кету пиғылымен түлкі бұлаңға салған. Сол мезетте «Аға, бұныңыз не? Оның ұялы телефонын қайтарыңыз, әйтпесе, полицияға хабарлаймыз» деген жас баланың даусынан селк ете түскен ол қолындағы алтыны сусып түскендей, жанұшыра ұялы телефонды тастай сала, жас балалардың артынан ұмтылған.

Бұл 2008 жылдың қыркүйек айының 27-ші жұлдызы, күндізгі сағат екінің шамасы болатын. 1988 жылы туған, бұрын бірнеше рет сотталған Азамат Қандыағаш қаласындағы «Жастық» шағын ауданында орналасқан «Фосфорит» аумағында бұрын-соңды болмаған, сүйекке таңба саларлық қылмысқа барады. Қауқарлы жігіт қойсын ба, тоғыз жастағы екі бүлдіршінді  қозыны бүрген бүркіттей бүріп, адам көзінен тысқарылау иесіз қалған көлік тұрағының арнайы жөндеуге арналған шұңқырына қарай итермелеп әкелген. Екі жас баланың тумысынан бойларына дарыған қайсарлығы, батылдығы, адамға деген жанашырлық танытулары оларды қайғылы тағдырға, қатал жендеттің құрбанына айналуға ықпал етсе, олар қорғаштамақ болған жасөспірім жігіт Азаматқа «қой» деуге жарамастан, көзден ғайып болған. Әрине, әркімнің өз іс-әрекетіне сай сыбағасы болар. Ол уақыт еншісінде.

Қаныпезер қылмыскердің одан арғы жауыздығы ел есінде. Жетім қозыдай  дірілдеп, қорқып тұрған жас бүлдіршіндердің қауқарсыздығы Азаматқа күш бергендей. Түрмеде талай сүмірейіп, бар ашу-ызасын өзінен күштілерден ала алмай, тіпті жындана да алмай, өтірік мүләйімсіп, қанден иттің кейпін киетін ол бұл жолы «батылдана түскен». Өйткені қарсыластары – бейкүнә сәбилер болатын. Ең сорақылығы — ол сәбилерді бірінен соң бірін зорлап, қылмысының ізін жасыру мақсатында олардың бастарын кірпішпен ұрып, оларға қорлық әкелуі болатын. Соның салдарынан біреуі алынған жарақатынан аса қиналыспен жан тапсырып, екіншісінің көрер жарығы бар екен, алайда өмір бойы мүгедек болып қалды. Екеуін өлдіге санаған Азамат өз істеген қылмысынан құтылып кететіндігіне аса сенімді болатын. Осындай сорақылық қылмысқа барып, балалардың ата-аналары мен туған-туыстарын орны ортаймас қайғыға салған ол сотта бұлтарып бақты. Алайда сот Азаматтың ісін қарап, бұлтартпас дәйектермен қылмыскердің кінәсін дәлелдеп, оның аса қатыгездігі мен зорлық-зомбылығы үшін 25 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

К. БИМУРЗАЕВ,

Ақтөбе облыстық сотының судьясы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button