Ауыл

Суармалы жерлер ұлғаяды

Субсидия мөлшері 50 пайызға дейін өсті

Биылғы жылы облыста мал шаруашылығы бойынша ірі қара етін экспорттауды екі есеге арттырып, бордақылау алаңдарына 26,0 мың бұқашықты тапсыру, шетелдерден 10 мың ірі қара малын импорттап, 180 жаңа шаруа қожалығын құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ биыл қой шаруашылығын дамыту мақсатында облыс бойынша 70 мың қой сатып алу және 117 жаңа қой шаруашылығын құру міндеті тұр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Абтиевтің айтуынша, биыл егіс көлемін 10 пайызға арттырып, суармалы жер көлемін 30,8 мың гектарға жеткізу керек.

— Өткен жылы облысымызда ауыл шаруашылығын дамытуда бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, 2017 жылмен салыстырғанда минералды тыңайтқыштар 2,5 есеге көбейді, соның нәтижесінде ору жұмыстары уақытында жүргізіліп, 514 тонна астық жиналды. Облыс бойынша 30 мың гектар суармалы жерлер іске қосылды.

Өткен жылы облыста ірі қара санын көбейту бойынша 209 шаруашылық құрылып, шетелдерден 12 мыңнан астам ірі қара әкелінді. Бүгінгі күні өңірде 190 кооператив қарқынды жұмыс жасап жатыр. Қазіргі таңда кооператив құру бойынша облыста Ақтөбе қаласы мен Алға, Хромтау, Мәртөк аудандары алдыңғы қатарда тұр. Былтыр қой шаруашылығы бойынша 56 шаруа қожалығы құрылып, басқа облыстардан өңірге 18 300 асылтұқымды қой әкелінді. Биылғы жылы аталған шаруашылықтарды дамыту мақсатында бірқатар жобалар қолға алынуда, — дейді А.Абтиев.

Оның айтуынша, биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру бойынша «Қолдау.кз» бірыңғай порталы жұмыс жасайды. Алдағы уақытта аталған порталға облыстағы шаруашылықтар егістік жерлерін, техникаларын енгізуі керек. Соның нәтижесінде шаруалар мемлекеттен субсидия алып, қолдауға ие болады.

  • Өткен жылы шаруалар суармалы жерлерді игеріп, оған техника сатып алса, оларға 25 пайыз субсидия төленді, биыл аталған субсидия мөлшері 50 пайызға жетіп отыр. Бұл — шаруаларға үлкен қолдау,, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, биыл нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында облыс бойынша 976 жобаны қаржыландыру үшін жалпы құны 3 млрд 850,0 млн теңге көлемінде несие берілмек. Аталған несиені шаруашылықтар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мен «Аграрлық несие корпорациясы», сондай-ақ «Бастау бизнес» жобасы арқылы ала алады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, биылғы жылы облыста тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникаларын есептен шығару, су қоймаларында африкалық жайын өсіру, дәстүрлі емес шаруашылық түрлерін көбейту, таңқурай алқабын кеңейту бойынша жұмыстар жасау, кооперативтер қызметін жандандыру, мал, егін шаруашылықтарын көбейту, т.б. жұмыстарды жүзеге асыру жоспарланған.

— Өткен жылы облыстағы 432 шаруашылықтың 218,0 мың гектар жайылымдық жері болғанымен, мал ұстамайтындығы анықталды. Осыған орай аталған шаруашылықтарға мал өсіру міндеттелді. Сондай-ақ биылғы жылы шаруаларға жердің өнімділігін арттыру үшін оның беткі қабатын жақсарту жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Жалпы облыс көлемінде биыл бірнеше сала бойынша 208 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, — дейді А.Абтиев.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button