Ақтөбе — 150

«Welcome to Aktobe» — қала мерейтойына арналған сый

Брифинг

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай «Welcome to Aktobe» атты телехикая түсіріліп жатыр.

Бұл жөнінде кеше Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында жобаның продюсері, «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның Ақтөбе облыстық филиалының директоры Ернұр Бурахан айтты. Журналистермен кездесуге, сондай-ақ, режиссер Марат Телеуов, идея авторы Азамат Айнағұлов пен сценарий авторы Өркен Мұқақов келді.

Телехикая ситком жанрында түсіріледі. Сериалда жастардың, атап айтқанда, студент жастардың өмірі баяндалады.

— Биылғы жыл елімізде «Жастар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Бұл жыл Ақтөбе қаласының мерейтойымен тұспа-тұс келгендіктен, біз қала тынысын жастардың өмірі арқылы жеткізгенді жөн көрдік. Қазіргі күні түсірілім жұмыстары басталды. Кастингке түрлі салада еңбек етіп жүрген жастар, студенттер қатысып, өз бақтарын сынады. Алғашқы он серияны біз көрермендерге алдағы жазда ұсынсақ дейміз, — деді Ернұр Бурахан.

«Welcome to Aktobe» телехикаясында басты рөлдерді Алмас Жарасқан, Гүлбазар Сандыбай, Айбек Намазбаев, Қайнар Жекей, Сәуле Хамидолла, т.б. ойнайды. Оқиға желісі 8 студенттің — 4 жігіт, 4 қыз — жатақханадағы өмірі, өзара қатынастары, арман-тілектері, бірінің — футболға, екіншісінің — дінге, т.с.с. қызығушылықтары арқылы өрбітілген.

Режиссер Марат Телеуовтің айтуынша, бүгінгі күні 1-серияның түсірілімі аяқталған.

Телехикая қазақ тілінде түсіріліп, көрерменге орысша субтитрмен ұсынылмақ.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button