Әлеумет

Мақсат — мүгедектерге жағдай жасау

Ақтөбеде қаласының 150 жылдық мерейтойы аясында «Өзімізден бастайық!» атты бірегей жоба бастау алды. Әлеуметтік жобаның тұсаукесер рәсіміне қала әкімі Ілияс Испанов қатысып, сәттілік тіледі.

Жоба авторы Шахан Жолдасбаевтың айтуынша, аталған жоба аясында мүмкіндігі шектеулі адамдардың пәтерлері күнделікті жүріп-тұруларына ыңғайлы етіп жасалмақ. Баспаналарының есіктері кеңейтіліп, сыртқа кіріп-шығатын жолдары мейлінше қолайлы етіліп жасалады.

— Қаламыздың 150 жылдығына орай сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорымен бірлесе жаңа жобаны қолға алдық. Жоба аясында 150 пәтерге бейімдеу жұмыстарын жүргізу жоспары тұр. Негізгі мақсатымыз — мүгедек азаматтарға барынша қолдау көрсету. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан да бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Ал біздің жоба аясында олардың үйлері өздеріне қаншалықты жайлы? Сол жағы анықталып, жұмыстар жүргізіледі, — дейді «Пандус-ОК» компаниясының басшысы Шахан Жолдасбаев.

Қазір мүдегек жандардан өтініш қабылдау жұмыстары басталып кеткен. Алғашқы 15 өтініш иелерінің үйіне бейімдеу жұмыстары наурыз айында басталады.

— Бұл жобаның қолға алынғандығы бізді қуантып тастады. Өйткені ертеректе салынған үйлердің көбінің есіктері өте тар. Жоғары көтеріліп түсуге арналған пандустар орнатылмаған. Ал мына жоба аясында барлығы кеңейтіліп, бізге ыңғайлы етіліп жасалады. Бұл біз үшін үлкен көмек, — дейді І топ мүгедегі Аслан Құдабаев.

Ал І топ мүгедегі Венера Сұлтанова көптеген қиыншылықтардың жер үйлерде де кездесетіндігін айтады.

— Мен үшін жуынатын бөлме мен әжетханаға бару өте қиын. Аталған жоба аясында осыларды реттеп берсе, мен үшін үлкен қуаныш болар еді, — дейді ол.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button