Денсаулық

Асқазан ауруы — астан

Шипа

Адам денсаулығының бас­ты кепілі  дұрыс тамақтану. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары дұрыс тамақтанбаудың салдарынан асқазан ауруы көбейген.  Ересектерден бөлек, әсіресе балалар арасында да бұл ауру белең алып тұр.

Салғырттықтың салдары 

Ақтөбе медициналық орталығының гастроэнтеролог-гепатолог дәрігері Ербол Джапахов асқазан ауруы әртүрлі себептерден болатынын айтады. Дәрігердің қабылдауына күніне 10-12 адам келеді екен. Науқастар 18 жастан бастап 60-жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Оның 60 пайызы — әйел адамдар.

— Өңеш пен ішек аралығындағы орналасқан ас қорыту органының қалыпты қызметінің бұзылуынан түрлі асқазан аурулары пайда болады. Бұл жүйелі әрі құнарлы дұрыс тамақтанбаудың, дәрігердің нұсқауынсыз өз бетімен дәрі-дәрмек қабылдаудың салдары. Сондай-ақ шылым шегу де асқазан жарасына әкеп соқтыруы мүмкін.

Ас қабылдауда белгілі бір уақытқа бағыну, сондай-ақ тамақтану кезінде астың мөлшерін сақтау керек. Тағамды бірден өте көп мөлшерде ішкен кезде асқазан толып, барлық қоректік заттарды ыдырата алмайды. Адам бірден тоя тамақтанса, болмаса тамақтан соң дереу ұйықтап, не ауыр зат көтерсе, бұл асқазанның созылуына соқтырып, ішкі құрылыстың теріс қысымын туғызады. Сөйтіп созылмалы гастрит, гастроэзофагит тәрізді тағы басқа да асқазан ауруларына шалдықтыруы мүмкін.

Сондай-ақ дұрыс шайналмаған тамақ та асқазан жұмысын бұзады. Тамақтанғаннан кейін ас екі-үш сағатта қорытылып, 12- ішекке өтеді. Асқазанда ауру пайда болса, әрбір ішектің жұмысы бұзылады. Сондықтан асқазанның ауырсынуы байқалған жағдайда міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгініп, уақытында қаралу керек, — дейді Ербол Джапахов.

Диетаның пайдасы мол

Аурудың қай түріне болсын диетаның тигізер пайдасы мол. Диета арқылы сіз денсаулығыңызды нығайтып, аурудың тез жазылуына көмектесесіз. Сол секілді асқазанында жарасы бар науқастар күнделікті диета ұстанса, зиянды тағамдардан бойын аулақ ұстаса, ауруды жеңе алады. Асқазан жарасы мен он екі елі ішек ауруларына арналған диетаның да өзіндік қағидалары бар.

Тағамдарды міндетті түрде буда пісіріп, қайнатып жеу керек. Ас тұзын өте аз мөлшерде салған дұрыс. Ет пен балықтың майсыз, жеңіл сұрыптарын аз-аздан жеген жөн.

Асқазан ауруының ең өткір кезеңінде №1 диета түрін ұстану қажет. Мәселен, жаңа піскен нан, балық, көкөніс, жұмыртқа, сүт өнімдерін, ірімшік өнімдерін, шоколад пен балмұздақ, т.б. тәттілерді жеуге болмайды. Жеңіл, сұйық тамақтар ішу керек. Сондай-ақ сәбіз, қызылша, картоп секілді көкөністерді үккіштен өткізіп немесе қайнатып жеуге болады. Тамақтану рационына кірмейтін тағамдар: өте ащы балық не ет қайнатпасы, майлы еттер, саңырауқұлақтар, балық пен ет консервілері, маринадталған, қақталған, тұздалған тағам түрлері, қара кофе, квас, басқа да  газдалған сусындар, көкөністерден дайындалған консервілер.

Асқазан жарасына арналған диетаны екіге бөлуге болады: үккіштен өткізілген және өткізілмеген тағамдар. Жалпы бұл екі диетаның құрамы ұқсас болғанмен, бірінде кейбір жемістерді бүтіндей жеуге рұқсат етілсе, екінші түрінде тағамдарды ұнтақтап, езіп, үгітіп жеуге тура келеді. Сондықтан да диетаны ұстанбас бұрын дәрігер диетологпен кеңесіп, ауруыңыздың ауыр не жеңіл түрге жататынын анықтап алыңыз.

КЕРЕК КЕҢЕС

Ас қорыту жұмысын жақсартқыңыз келсе, күніне кем дегенде 4-5 шақырым жаяу жүріңіз. Жаяу жүру — жүрек, қан тамырлары жұмысының қалыпқа түсуіне де өте пайдалы. Сол арқылы қан айналысы жақсарады. Таза ауадан кейін тамаққа тәбетіңіз артады.

* * *
Егер теледидар алдында, газет немесе интернеттен жаңалық оқып отырып тамақтансаңыз асқазан сөлі дұрыс бөлінбейді. Бұл да өз кезегінде асқазан мәселелерін тудырады. Жүріп бара жатып та тамақ жеуге болмайды. Себебі қимыл-қозғалыс кезінде тағам дұрыс шайналмай, қорытылмайды. Нәтижесінде ағзаға тағамның пайдалы заттары сіңбейді.
* * *
Мидан бастап асқазанға дейін денедегі бүкіл мүшелері суды қажет етеді. Дәрігерлер асқазанның белсенді жұмыс істеуі үшін газдалмаған суды көп ішуге кеңес береді. Сондықтан суды мол ішіп, денедегі су жетіспеушілігінің алдын алу керек.

* * *

Егер адамның тұрақты түрде тамақ ішу режимі болмаса, асқазан мен ішек аурулары пайда болуы мүмкін. Түнде тамақ жеу де дұрыс емес. Өйткені ас қорыту жүйесіне демалыс қажет.

Фаст-фуд тағамдары өміріңізге қауіпті 

Соңғы жылдары елімізде фаст-фуд (тез әзірленетін) тағамдарын сүйіп жейтіндердің қатары көбейіп барады. Соған сай жылдам тамақтану мейрамханаларының да саны өсіп келеді. Мұндай мейрамханалар жылдам әрі арзан тағам түрлерінің сан алуандығымен ел арасында сұранысқа ие.

Бірақ көпшілік фаст-фуд тағамдарының адам денсаулығына зиян екендігін біле тұра, назар аудармайтыны өкінішті. Бұл тағамдар адам денсаулығы үшін өте зиян. Фаст-фуд тағамдарын біреулер күнде ішіп-жеп жүрсе, кейбіреулер анда-санда ғана пайдаланады. Тамақты үйде асықпай дайындауға мүмкіндік болмағандықтан, бұл тағам қазіргі таңда қолайлы әрі бағасы арзан көрінетіні рас. Алайда, өте қауіпті.

Дәрігер Ербол Серікұлының айтуынша, мұндай тағамдардың құрамында калория өте көп мөлшерде болады. Майлар мен консерванттар көп болғандықтан, дәрумендер жоқ. Әсіресе, балаларды кішкентай кезінен бастап мұндай тамақтарға үйретпеген жөн.

Ғалымдар бұл тағамның құрамында салмақтың көбеюіне әсер ететінін жасанды май қоспаларының бар екенін анықтады. Бұл өз кезегінде жүрек пен жүйке жүйесінің ауруларына, қан диабеті мен бедеулікке, сондай-ақ, онкологиялық ауруларға соқтыруы мүмкін. Ал бәрінен бұрын мұндай тағамдардан асқазан-ішек жолдары әбден зардап шегеді. Мамандардың айтуынша, соның салдарынан аурулар да  көбейіп кеткен. Қазіргі таңда гастрит ауруы ересек адамдарда ғана емес, 3 жастан бастап балалада да жиі кездесетін көрінеді.

Жастар арасында жүргізілген сауалнаманың қорытындысында көпшілігінің пікірі бір жерден шықты.

Фаст-фуд тағамдарын сататын жерлерге кейде барып тұрамын. Тойымды, дәмді әрі тез дайындалады. Әрине, зиянды тұстарын да білемін. Әсіресе, жаз айларында өте қауіпті. Тез бұзылып, соның салдарынан қауіпті бактериялар таралуы мүмкін. Сондықтан өте жиі жеуге болмайды, — дейді студент Аян Бақытқалиев.

P.S

Дұрыс тамақтанбаудың соңы үлкен кеселге айналарын білсе де, көпшілік оны ескергісі келмейді. Сау болып, түрлі асқазан ауруларының алдын алу үшін күнделікті жеген тамағымыздың тек дәмді емес, сапалы әрі пайдалы болуына баса назар аударғанымыз жөн.

А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button