Әкімдер есебі

Өңірді өркенді істер өсіреді

Қурайлы ауылында қазіргі заманғы тіршілікке керектің бәрі бар: газ, су, жол. Оның үстіне бұл ауыл Ақтөбе қаласының құрамына кіретіндіктен тұрғындар облыс орталығындағы игіліктерді күнбе-күн көріп жүретіндігі де даусыз. Осы себептен де есеп беру жиналысына келушілердің сауалдары да талаптың күн санап көтеріліп келе жатқандығын көрсетті.

Бұл жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова және құзырлы мекемелердің өкілдері қатысуы тұрғындардың белсенділік көрсетуіне себеп болып, ең басты мәселелер сөз арқауына айналды.

Әрине, Алматы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бекұзақ Даринның аудан құрылғаннан бергі жеті ай ішінде атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты талданған баяндамасында айтылғандай, мұнда бірқатар шаруалар атқарылды.

Аудан құрылғалы жалпы көлемі 3 млрд 323 млн теңге болатын инвестициялық жобалар жүзеге асырылды. Осының нәтижесінде  170 адам жұмыспен қамтылды. 10 көше күрделі жөндеуден өткізіліп, Қурайлы ауылындағы Тепличная көшесінде 2017 жылы су тасқынынан зардап шеккендерге бөлінген 11 жер учаскесіне толықтай құрылыс материалдары жеткізіліп, су, газ, электр желілері тартылды.

Бір сүйсінерлік жағдай, ауданда шағын және орта бизнес қалыпты дамып келеді. Қазір кәспкерлікпен айналысып жатқандардың саны 18 621 адамға жетті. Облыс әкімі үнемі еске салып отыратын мәселеге ерекше көңіл бөлініп, жол бойындағы қызмет көрсету сервистерін ұлғайту мақсатында 11 жер учаскесі берілді. Ал 6,7 мың гектардан дәнді дақылдар жиналып, әр гектардан 9,9 центнер түсім алу — ауданның ауыл шаруашылығына қосқан үлесі. Қазір ауданда 7,6 мың ірі қара, 13,4 мың қой-ешкі, 2 мыңнан астам жылқы бар. Осы арқылы аудан Ақтөбе қаласындағы азық-түлік мәселесін шешуге зор үлес қосып келе жатыр.

Есепті баяндамадан соң тұрғындарға кезек берілді. Сұрақтардың бір бөлігі қоғамдық көліктердің аздығы, аялдамалар орнатуға байланысты болды. Соның ішінде ауылға кірер жолды теміржол бөліп жатқандықтан 39-разъезге автобустардың қатынауы қиындық туғызатыны айтылды.

— Теміржол жатқандықтан автобус ауылға тіке бара алмайды, айналып бару үшін біраз уақыт кетеді. Автобустың ауылға кіру жолы мәселесін қарастырып жатырмыз. Аялдаманың орналасатын жерін белгіледік. Бұл мәселенің шешілуін мұқият қадағалайтын боламыз, — деді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.

Сондай-ақ қала әкімі 1 ақпаннан бастап Қурайлы ауылына қатынайтын автобустардың саны артып, қоғамдық көліктердің қозғалысына байланысты мәселе шешілетінін жеткізді.

Тұрғындар көшелерді жарықтандыру, көше жолдарын жөндеу, Елек өзенін ластап жатқан кәріз суы, жеке малдардың жайылымдық жері туралы мәселелерді де қозғады.

— Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласындағы кәріз суларын тазалайтын орталықты жаңғырту мәселесін былтыр көтерген болатын. Қазір бұл мәселені шешуге байланысты жұмыстар қолға алынып жатыр. Нақтырақ айтсақ, облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға сметалық жоба жасалуда. Сол жоба бойынша Ақтөбе қаласында құны 16 млрд теңге болатын жаңадан кәріз суларын тазалайтын орталық салынады. Сол кезде бұл мәселе толық шешіледі, — деді қала әкімі.

Осылайша есеп беру жиынында көтерілген мәселелердің біразына нақты жауаптар қайтарылып, кей өтініш-ұсыныстар алда терең зерделенетін болды.

Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытындылады.

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына байланысты барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында есеп береді. Бүгінгі шара — соның бір көрінісі. Осы жиында көтерілген мәселелердің көпшілігін жақсы білеміз. Дегенмен бұл мәселелердің барлығын тез арада шешіп тастау мүмкін емес, Өйткені көп мәселенің түйіні қаржыға келіп тіреледі. Оның үстіне Алматы ауданының құрылғанына небәрі жарты жылдан сәл асты. Сол себепті мәселелер рет-ретімен шешілетін болады, — деді облыс әкімі.

Бұдн әрі облыс әкімі өз сөзінде өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларындағы жұмыстардың қарқынды жүргізілуі керектігін баса көрсетті. Облыс экономикасы қарқынды дами түссе, халықтың әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайы да артатынын, жұмыс орындарының көбірек ашылатынын айтып, ауыл шаруашылығы саласын да дамытып, импортты азайту керектігін жеткізді.

— Суармалы жерлердің көлемін арттырып, дәстүрлі емес шаруашылықты дамытудағы мақсатымыз сол — өз өнімдерімізді тұтыну. Өзін-өзі азық-түлікпен қамтуға Ақтөбе облысының толық мүмкіндігі бар, — деді Бердібек Сапарбаев.

Ол ең бірінші кезекте елді мекендерді мектеппен, балабақшамен, медпункттермен қамтуға, ауылдарға ауызсу, газ құбырларын тартуға басты басымдық берілетінін жеткізді.

— Ең үлкен мәселенің бірі — жол. Бұл жай тек біздің өңірге ғана емес, еліміздің көп облысына тән. Мемлекет тарапынан жол салуға байланысты аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстар да жалғасатын болады. Ең алдымен облыс орталығы мен аудан орталықтарының жолдарының жөнделуіне басымдық беріледі, — деді облыс әкімі.

Облыс әкімі жиында кәсіпорындар, мекемелер, шаруа қожалықтары басшылары жалақыны дер уақытында төлеп, жұмысшыларына материалдық көмектер көрсетуі тиістігін ескертті.

— Өңірдегі мекемелердің басшыларына желтоқсан айындағы мерекелерде қызметкерлері мен жұмысшыларына сыйақылар беру туралы айтқан едік. Нәтижесінде жұмысшылар мен қызметкерлер жалпы алғанда 3,5 миллиард теңге көлемінде сыйақы алды. Мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік жағдайының жақсара түсуі үшін барлық жағдай жасалып жатыр, — деді облыс әкімі.

Сөзінің соңында осы жиында айтылған мәселелердің әрқайсысы бойынша аудандық әкімдік нақты шаралар алатындығын айтқан облыс әкімі  Бердібек Сапарбаев биылғы маңызды мереке — Ақтөбе қаласының 150 жылдығына ақтөбеліктердің белсене қатысуы керектігін тағы бір тиянақтап өтті.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button